Қазақстанда жанар-жағармай бағасы 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен қымбаттайды. Сонымен бірге алдағы 180 күн шеңберінде Аи-80, Аи-92, Аи-93 бензинінің бағасы бекітілмек.
Энергетика министрлігінің мұнай өнімдерін бөлшек сатудың шекті бағасын белгілеу туралы бұйрығына енгізілген өзгерістер жобасы ашық үкімет порталында жарияланды.
Құжатта көрсетілгендей, 2022 жылдың шілдесінен бастап Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында Аи-80 бензинінің бағасы – литріне 89 теңге, Аи-92 бензині 187 теңге болмақ.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау, сондай-ақ жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында Аи-92 литріне 182 теңгеден сатылмақ. Дизелді отын бағасы Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында литріне 260 теңгеден белгіленеді. Ал Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және өзге облыстардың барлығында литріне 230 теңгеден сатылады.
Сондай-ақ жобада жанар-жағармай бағасының кезең-кезеңімен қымбаттайтыны да көрсетілген.
«Мұнай бағасының барреліне 130 доллары жағдайында ережеге сәйкес шекті бөлшек баға былай белгіленеді: Аи-92 бензин маркасы – 236 теңге/литр, дизелді отын – 420 теңге/литр. Аи-92 бағасының бірден 54 теңгеге қымбаттауы халық арасында жағымсыз эффект тудыруы мүмкін екенін ескере отырып 2025 жылға дейін шекті бөлшек бағаны (Аи-92 және Аи-93) кезең-кезеңімен көтеру ұсынылады», делінген құжат мәтінінде.
Айта кетейік, 2025 жылдан ЕАЭО-ның ортақ мұнай өнімдері және мұнай нарығының қалыптасуы басталады.
Еске салайық, қаңтардағы дүрбелеңнен кейін 180 күнге дейін шекті бөлшек баға бекітілген еді. Аталған тәртіпке сәйкес маусымның соңына дейін елде Аи-80 бағасы – литріне 89 теңге, Аи-92 – 182 теңге, Аи-93 бағасы – 182 теңге, Аи-95 бағасы – 215 теңге болып тұрады.