Ұлыбританияның астанасында өтіп жатқан «Уимблдон» турнирінің екінші күні Қазақстанның үш теннисшісі кортқа шықты. Олар – Юлия Путинцева, Елена Рыбакина және Михаил Кукушкин.
Юлия Путинцева (32) франциялық Ализе Корнемен (38) кездесті. Әлемдік рейтингте екеуі шамамен қатар тұр. Десек те Корнеге келгенде Путинцеваның білгенінен жаңылатын бір жаман әдеті бар. Олар өзара үш рет кездесіп, үшеуінде де Франция өкілінің мерейі үстем болды. Ал 2017 жылы Нью-Хейвендегі турнирде жерлесіміз қарсыласынан 0:6, 0:6 есебімен ойсырай ұтылған еді. Бұл жолы да Юлия Ализеден айласын асыра алмады – 3:6, 6:7. Елена Рыбакина (23) америкалық Коко Вандевегемен (157) шеберлік байқасты. Кезінде Вандевеге екі рет «Уимблдонның» ширек финалына дейін жетіп, АҚШ пен Аустарлияның ашық біріншілігінің жартылай финалында ойнады. Дәуірі жүріп тұрған кезде WTA рейтингінде ТОП-10 теннисшінің қатарына енді. Бірақ қазіргі кезде Коконың қарқыны бәсеңдеген. 1 сағат 41 минутқа созылған бұл бәсеке 7:6, 7:5 есебімен Рыбакинаның пайдасына шешілді.