2023 жылы әйелдер арасында Аустралия мен Жаңа Зеландияда өтетін әлем чемпионатының іріктеу турнирінің кезекті тур кездесулері өтті.
Қазақстан құрамасы Балтық жағалауында орналасқан Пьярну қаласында Эстония құрамасына қарсы ойнады. Жерлестеріміз алаңға мынадай құрамда шықты: Оксана Железняк, Александра Бурова, Әйгерім Айтымова, Екатерина Бабшук, Мария Демидова, Бибігүл Нұрышева, Анастасия Власова, Әсем Қаражанова, Әселхан Тұрлыбекова, Фатима Сатығалиева және Елена Бортникова. Бәсекені біздің қыздар өте жақсы бастады. 37 минутта Тұрлыбекова және 52 минутта Бортникова екі рет нысананы дәл көздегенде көңіліміз бір көтеріліп қалған еді. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Матчтың соңғы 30 минутында эстониялық футболшылар қақпамызға топырлатып төрт гол салды. Бұл голдардың авторлары – Геттер Саар (61,88 минуттар), Кайри Химанен (71) және Лисетте Таммик (90+5). Есеп – 4:2
Осылайша, еліміздің әйелдер құрамасы ресми ойындарда қатарынан 18 мәрте жеңілістің кермек дәмін татты.