Қазіргі таңда арнайы прокурорлар жаппай тәртіпсіздік бойынша – 58, терроризм актілеріне қатысты 8 қылмыстық істің ақ-қарасын анықтауда. Ал ішкі істер органдарының тергеушілері 516 қылмыстық істі қарап жатыр. Бұл жөнінде Орталық коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов пен ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов мәлімдеді.
Брифингте құқық қорғау органдарының өкілдері қаңтар оқиғасын тергеу барысына қатысты соңғы мәліметтермен бөлісті. Бас прокуратура қызметкерінің хабарлауынша, қаңтар қырғыны кезінде Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда Шығыс Қазақстан облыстарында әскерилерге шабуыл жасалып, жолдардың біраз бөлігі жабылып қалған. «Қиратулар, мемлекеттік объектілерді өртеу, мүліктерді жою және терроризм актілерінің басым бөлігі де осы аймақтарда тіркелген. Сол қайғылы күндері қылмыскерлер көліктерді өртеп, қарапайым тұрғындарды жаппай тәртіпсіздіктерге қатысуға азғырған», деді спикер.
Елдос Қилымжановтың айтуынша, полиция органдарының ғимараттарына жасалған шабуылдардың түпкі мақсаты тәртіп сақшыларының жұмысына кедергі келтіріп, олардың қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуіне тосқауыл қою болған.
Арнайы прокурорлардың ерекше бақылауында тұрған істердің бірі – қызылордалық әскери қызметкер Мадияр Қайсаров қаза болған терроризм актісі. Қазіргі таңда бұл іс бойынша сот процесі жалғасуда. Естеріңізде болса, «Қасіретті қаңтарда» болған жаппай тәртіпсіздік кезінде Ұлттық ұланның 19 жастағы сарбазы, бір үйдің жалғыз баласы Мадияр Қайсаров КАМАЗ көлігінің астына қалып қайтыс болған еді.
Ал Шымкент қаласының прокуратурасы қаңтар қырғыны кезінде орталық алаңда полицияның қызметтік көліктерін қиратып, құқық қорғау қызметкерлерін арматурамен соққыға жыққан, содан кейін әкімдік ғимаратына шабуыл жасауға белсенді қатысқан 35 күдіктінің ісін сотқа берді. Сот үкімімен оларға түрлі жаза тағайындалды.
«Прокурорлар бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды тағайындауға ерекше ден қоюда. Мұндағы мақсат – Мемлекет басшысының ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жазаны жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау. Сондай-ақ сот процесі кезінде келісім институты кеңінен қолданылуда», деп мәлімдеді Е.Қилымжанов.
Процестік келісім жасау рәсімінің басты ерекшелігі – егер күдікті айыптау, дәлелдемелер және келтірілген залалмен дауласпаса және жазаның түрі мен мөлшерімен келіссе кінәні мойындау туралы келісім жасалады. Мұндай істер сотта 10 тәуліктен аспайтын мерзімде қаралып, жаза мөлшері белгіленген баптың санкциясындағы ең жоғары мерзімнің жартысынан аспайды.
Бас прокуратура өкілінің айтуынша, бұл рәсім сотта істердің тезірек қаралуына мүмкіндік береді. Мәселен, Қызылорда облысында 42 қылмыскерге қатысты істер осындай келісім арқылы сотқа жолданған. Ал Алматы облысында – 15, Ақтөбеде – 3, Жамбылда – 8 және Шығыс Қазақстан облысында 3 адамға қатысты істерде де дәл осындай жол таңдалып алынған. Осылайша, 55 адамға қатысты үкім шығарылып, оларға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалар тағайындалған.
Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, жалпы, қаңтар оқиғасы бойынша сотқа 392 қылмыстық іс жолданып, 445 адамға үкім шығарылған. Оның ішінде билік өкілдеріне қарсы күш қолданып, мүліктерді жоюға байланысты ауыр қылмыс жасаған, залалды өтемеген және соттылығы бар 46 адам бас бостандығынан айырылған. Ал қазіргі таңда қамауда отырғандардың саны – 514.
«Олар қиратуларға, ғимараттарды өртеуге, атыс қаруларын ұрлап, мемлекеттік объектілерге және құрылымдық күш қызметкерлеріне шабуыл жасауға белсенді қатысқандар. Бізде қамауға алынған әрбір адамның қылмыстарға қатыстылығы жөнінде жеткілікті мәліметтер бар», деп мәлімдеді Е.Қилымжанов.
Дегенмен жеке басы, денсаулық жағдайы және басқа да мән-жайларды ескере отырып, 284 адамның қамауда ұстау бұлтартпау шарасы, ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үй қамаққа және жеке кепілгерлікке ауыстырылған.
Қылмыстық қудалау органдары қаңтар оқиғаларының барлық себептері мен мән-жайларын анықтау кезінде жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілеріне ерекше мән беріп отыр. «Жұмыстың негізгі бөлігі осы бағытта жүргізілуде», дейді спикер.
Қылмыстық істер бойынша мыңнан астам адам күдікті деп танылса, олардың әрқайсысынан жауап алу, беттестіру, оқиға орнын нақтылау сияқты кешенді тергеу әрекеттері жүргізілген. Мәселен, тек арнайы прокурорлардың істері бойынша 30 мыңнан астам тергеу әрекеті жүргізілген екен. Ал сараптама ұйымдары 3 мыңнан астам зерттеу жасаған.
«Барлық жұмыс қылмыстарға әр қатысушысының рөлін анықтау, оның әрекеттерін объективті бағалау және заңды процестік шешім қабылдау үшін жасалады. Қылмыстық қудалау органдары қаңтар оқиғасына қатысты толық, объективті және жан-жақты тергеу жүргізуді көздеп отыр», деді 1-қызмет басшының орынбасары. Сөзінің соңында спикер тергеу барысында азаматтардың құқықтары сақталатынын, жаңа мән-жайлар анықталса, жұртшылыққа бірден хабарланатынын мәлімдеді.
Брифингте ІІМ өкілі Санжар Әділов қаңтар оқиғасы бойынша 567 күдіктіге қатысты 346 іс айыптау актісімен сотқа жолданғанын хабарлады. «Олардың көпшілігі жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған ұрлық (424 адам), қаруды заңсыз сақтау (45), қаруды ұрлау (38), көлік құралдарын айдап кету (10), тонау (9) және бұзақылық (6) үшін жауапкершілікке тартылғандар. Сот үкімімен 334 адамның бас бостандығын шектесе, 4-уі қоғамдық жұмыстарға тартылған. Тағы 4 адам айыппұл төлеуге міндеттелді. Ал 12 адам татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сондай-ақ 46 адам ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айырылды», деп мәлімдеді ол.
Қазіргі таңда 167 сотталушыға қатысты 86 қылмыстық іс әлі соттың қарауында. Қабылданған шаралардың нәтижесінде құны 343 млн теңгеден артық ұрланған мүлік алынған. Оның ішінде 12 көлік, 300-ден астам тұрмыстық техника, 189 зергерлік бұйым, 286 ұялы телефон, 16 млн-нан астам ақша, 550 киім-кешек бар.
ІІМ өкілі жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған қару-жарақтарды іздеу мен алып қою бойынша мақсатты жедел іздестіру іс-шараларының әлі де жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінде заңсыз айналымнан 1 640 қару мен 41 мыңнан астам оқ-дәрі алынған. Соңғы екі аптада полиция қызметкерлері 50-дей қаруды анықтап, 120 қару қоймасын әшкерелеген. Халық арасында жүргізілген түсіндіру жұмысынан кейін азаматтар 212 қаруды өз еркімен тапсырған. Тергеу департаменті басшысының айтуынша, «Қасіретті қаңтар» кезінде ұрланған әлі заңсыз айналымда жүрген қарудың саны 2 мыңнан асады. Оның ішінде 1 300 азаматтық, 813 табельді қару бар.