Елордада Automechanika Astana 2022 халықаралық көрмесі өтті. Онда автокөліктерге техникалық қызмет көрсетуге арналған қосалқы бөлшектер, автоқұрамдауыштар, жабдықтар мен тауарлар ұсынылды.
Automechanika Astana – жаңа талаптарға сәйкес келетін шетелдік серіктестерді іздеуге арналған алаң. Көрме Орталық Азиядағы автомобиль өнеркәсібі, дилерлік орталықтар, қызмет көрсету және жөндеу сегменттерінің өкілдері арасында нетворкинг және жаңа бизнес-шешімдерді табу үшін негізгі платформа саналады. Онда автокөліктердің сатылымнан кейінгі қызмет көрсетуі үшін қосалқы бөлшектерден бастап керек-жарақтарға дейін қажетті дүниенің бәрі ұсынылады.
Бұл жолғы көрмеге Қазақстан, Ресей, Италия, Польша, Қытай, Жапония және басқа да елдердің компаниялары қатысқанын атап өту керек. Әсіресе келушілерді Phaeton, Karcher, Meiji Sangyo Company, Truck Motors және Varta компанияларының стендтері баурап алды.
Іс-шараның бас демеушісі болған қазақстандық Phaeton дистрибьюторлық компаниясының экспозициясында қонақтар жаңа Winkod брендіне, сондай-ақ febi, Zacks, Bosch сияқты танымал маркалармен шығарылатын өнім үлгілеріне назар аударды. Келушілер Wewatt батареяларын, Teta антифриздерін және басқа автомобиль компоненттерін көріп, танысты.
Karcher техникалық құралдар мен материалдардың барлық түрін ұсынды. Компанияның көпшілікпен бөлісер қызықты жаңалықтарды да бар екен. Атап айтқанда, әйнек жууға арналған жинақ, электр генераторы, литий аккумуляторларымен жұмыс істейтін еден жуу машинасы, бензин қозғалтқышы бар жуғыш машина және автомобиль әйнектеріндегі мұзды кетіруге арналған механикалық қол құрылғысы жұртшылыққа ұсынылды. Әсіресе құрғақ мұзды тазарту қондырғысын көпшілік жақсы қабылдады. Оның көмегімен әйнекті электронды схемаларға зақым келтірмей тазалауға болады.
Meito Sangyo Company компаниясы 30-ға жуық жапон брендін ұсынды. Олардың біразы Қазақстанда кеңінен танымал. Мысалы, біздің елде Akebono, Bando, Tokico брендтерімен жақсы өнімдер ұсынылған. Төрт жыл бұрын нарыққа ProFix Мотор майлары кірді. Өндіруші бұл майлар жоғары жүктемемен жақсы жұмыс істейтінін айтып отыр. Әзірге желі жеңіл автокөліктерге арналған. Көп ұзамай жүк машиналарына арналған майлар пайда болмақ.
Коммерциялық көлікке арналған қосалқы бөлшектерді TruckMotors компаниясы ұсынды. Компания отандық нарықта 20 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Febi, Andac, Diesel Technic, Tora секілді жеткізушілер әріптестік байланыс орнатқан.
Жалпы, биылғы көрменің ерекшелігі – іскерлік белсенділікке, байланыстарды кеңейтуге және шетелдік әріптестермен келісімдер жасасуға баса назар аударылғандығында. Компаниялардың өкілдері көрме жылдан-жылға қызықты болып келе жатқанын атап өтті.