• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Маусым, 2022

Екінші сессия: маңызды шешімдер мен мазмұнды заңнамалар

316 рет
көрсетілді

Парламенттің бірлескен отырысы өтіп, депутаттар жазғы демалысқа кетті. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысы қаралды. Сондай-ақ жетінші сайланған Парламенттің екінші сессиясының жұмысын аяқтау мәселесін талқылады.

Конституцияның 53-бабының 5-тар­мақшасына сәйкес Президент ұсы­нысы бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысында ха­лықаралық міндеттемелерді орындау үшін рес­пуб­ликаның Қарулы Күш­терін пайдалану туралы шешім қабыл­дайды. Осыған байланысты Мемлекет бас­шысының үндеуін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқып берді.

«Қазіргі уақытқа дейін Қарулы Күш­тердің әскери қызметшілері Парламент қаулыларына сәйкес бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемені орындау үшін БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына жіберіліп отырды. 2014 жылдан бастап 45 офицер Батыс Сахарадағы, Кот-д’Ивуардағы, Ливандағы миссияға әскери байқаушы және штаб офицері ретінде, 2018 жылдан бастап 520 әске­ри қызметші бітімгершілік бөлімше құра­мында «Ливандағы уақытша күштер» мис­сиясына қатысты», делінген Прези­дент үндеуінде.

Мемлекет басшысы өз ұсынысында өңірде және әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар қауіпсіздікке төнетін сын-қатерді жоққа шығармайтынын атап өткен. Осыған байланысты әскердің жауынгерлік әзірлігін одан әрі нығайту, қазіргі сын-қатерге қарсы әрекет етуде тәжірибе жинақтау мәселесі өзекті екеніне тоқталған.

«Ұйым Жарғысының жетінші тара­уына сәйкес Қарулы Күштердің Орталық Африкада, Конго Демократиялық Республикасында, Малиде бітімгершілік миссияға қатысуын кеңейтуді орынды деп санаймын. Қазақстан штаб офицері, әскери байқаушы ретінде қазіргі уақытта миссияда анағұрлым тапшы болып табылатын жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік, әскери полиция бөлімшесін бөлуге дайын.

Бұл тәжірибе әскеріміздің жауын­герлік даярлығын жетілдіру, оларды одан әрі дамыту бойынша ұсыныс дайындау үшін қолданылады. Бүгін бітімгершілік миссияны қысқарту аясында бітімгершілік күштерін бөлетін елдер арасында бәсекелестік артады. Осыған орай, нақты бөлімше, Ұйым миссиясы, оны өрістету мерзімі Ұйымның Хатшылығымен жұмыс нәтижесінде айқындалады. Сонымен қатар әрбір жеке өрістету үшін тиісті нормативтік база жасалады.

Осының негізінде Конституцияның 53-бабына сәйкес бітімгершілік контингент – жалпы саны 430 әскери қыз­мет­шіні Орталық Африкадағы тұрақ­тандыру жөніндегі миссияға, Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға, Ма­ли­дегі тұрақтандыру жөніндегі мис­сияға, «Ливандағы уақытша күштер» мис­сиясына жіберу туралы ұсыныс енгі­земін», делінген үндеуде.

Талқылаудан кейін бірлескен оты­рысқа қатысқан депутаттар Президент ұсы­нысын қабылдады. Бұдан кейін Мә­жіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жетінші сайланған Парламенттің екінші сессия­сын жабу және парламенттік каникул туралы баяндама жасады.

«Өткен кезеңде Парламенттің қыз­меті белгілі оқиғалар мен маңызды шешім­дерге толы болды. Біріншіден, биыл­ғы сессия ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығы аясында өтті. Бұл елі­­міздің бас­ты мемлекеттік мерекесі ғана емес, барша қазақстандықты бі­рік­­тіретін ұлттық тарихи маңызды кезең.

Екіншіден, Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­ғындағы маңызды кезеңдердің бірі – Парламенттің 25 жылдық мерейтойы. Парламенттің қалыптасуы мен дамуы егемен Қазақстанның тағдырымен тығыз байланысты. Үшіншіден, ел дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіретін Конституцияға түзетулер жөніндегі республикалық референдум болды.

Парламенттің осы сессиясы барша қазақстандық қоғам үшін айрықша жауапты кезеңде өтті. Ең алдымен, біз екі жылға созылған коронавирус пандемия­сын еңсеріп қана қоймай, ортақ күш-жігеріміздің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Денсаулық сақтау жүйесіндегі тәсілдер өзгертілді, білім беру саласында оқытудың жаңа стандарттары енгізілді, бизнестің, банк және қаржы құрылымдарының, қызмет көрсету және көлік саласының жұмыс форматы өзгерді. Коронавирус пандемиясы кезеңіндегі шектеу шаралары Парламенттің қызметіне де өз ерекшелігін енгізді», деді Е.Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы қаңтарда еліміз үлкен қатерден өткенін, мұндай оқиға мемлекетіміздің жаңа тарихында бұрын-соңды кездеспегенін атап өтті. Соған сай дер кезінде және жедел әрекет ету қажет болғанына тоқталды. Мәжіліс Төрағасы екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі де айтарлықтай мазмұнды бол­ғанына тоқталды. Мәселен, Парламент Пала­таларының 4 бірлескен отырысы өтті. Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Сенат­тың 42 жалпы отырысы өтіп, онда 148 мә­селе қаралды. Осы сессия кезінде қос Палатаның жұмысында 127 заң жоба­сы болды, оның 78-і қабылданды. Пар­ламент қабылдаған заңдардың қазіргі уақытта 66-на Президент қол қойып, заң күшіне енді.

Палата Спикері депутаттық корпус заң шығару қызметінде Мемлекет бас­шысының тапсырмалары мен ол ұсынған жүйелі реформаларды практикалық тұрғыдан іске асыруға басымдық бергенін жеткізді. Мәселен, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық-саяси процестерге араласуын ынталандыратын нормалар, сондай-ақ депутаттық мандаттарды бөлу кезінде мүгедектігі бар адамдарға арналған квоталар сайлау және саяси партиялар туралы заңдарда қарастырылды.

«Қылмыстық саясатты ізгілендіру принциптерін басшылыққа ала отырып, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қа­тер төндірмейтін қылмыстар жаса­ғаны үшін сотталған адамдарға рақым­шылық жасалды. Тиісті тетіктер Тәуел­сіздіктің 30 жылдығына байланысты «Рақымшылық жасау туралы» заңда бекітілді.

Президенттің тапсырмаларын орындау үшін құқық қорғау органдарының, прокуратураның және соттың өкілет­тік­тері мен жауапкершілігінің ара-жігін ажырататын қылмыстық процестік заңнаманың үш буынды моделі енгізілді. Осы реформаның нәтижесінде жыл басынан бері ғана прокурорлар 590 қыл­мыстық істі қысқартып, 1800-ден астам адамды айғақтар жеткіліксіз болған­дықтан қылмыстық іс аясына тартуға жол берілген жоқ. Қазақстанның ұлт­тық заңнаманы үйлестіру туралы ха­лықаралық міндеттемесі өлім жазасының күшін жою мәселесі жөніндегі заңда көрініс тапты. Депутаттар құқық қорғау органдарын реформалаудың нормативтік базасын қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастырды. Осыған орай, құқық қорғау қызметін өткеру, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мәселелері реттелді», деді Мәжіліс Төрағасы.

Мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі заңда ғылым саласы мен жетекші ғалымдардың жалақысын гранттық қаржыландыру тетіктері бекі­тілді. Сонымен қатар Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де алғаш рет заңнамалық тұрғыдан реттелді. Е.Қошанов сессия барысында заң шығарушылар әлеуметтік саланы үнемі басты назарда ұстағанына екпін берді. Мәселен, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заң қабылданды.

Мәжіліс Төрағасы депутаттар сай­лау­шылармен байланысқа баса көңіл бөлгенін атап өтті. Халықпен кездесу­лер барысында көтерілген пробле­малық мәселелер мемлекеттік орган­дар­дың атына жолданған көптеген депу­таттық сауалға негіз болған. Қоғам­ды толғандырып жүрген сұрақ­тарға толыққанды жауап алу мақса­тында Парламент қабырғасында сайлау­шы­лардың көкейкесті проблемаларын шешу барысы туралы Үкімет мүшелерінің жауабы тыңдалды.

«Өзекті мәселелер туындаған жағ­дайда депутаттардың шұғыл түрде өңірлерге шығуын практикаға енгіздік. Мәсе­лелерден шет қалмай, әрдайым оларды шешудің алдыңғы шебінде болуымыз керек. Елдің талап-тілектерін ескере отырып, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы Бас Прокурорға қаңтар трагедиясының тергелу барысы жөнінде егжей-тегжей ақпарат беру туралы депу­таттық сауал жолдады. Мәжілістің жалпы отырысында біз тергеудің алдын ала қорытындылары туралы құқық қорғау органдарының ақпаратын тыңдадық. Отырысқа Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және белгілі құқық қорғаушылар шақырылды. Барлығы ашық режімде өтті. Онда қоғамды толғандырып жүрген мәселелерге жауап берілді», деді Е.Қошанов.

Палата Спикері сессия кезінде көп­теген келелі мәселе депутаттық сауалдарда айтылғанын жеткізді. Сондай-ақ өткір тақырыпта парламенттік тыңдау өткеніне тоқталып, Мәжілістің жанынан Қоғамдық палата құрылғанын атап өтті.

Депутаттық корпустың Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс атқарғанын атап өткен Е.Қошанов сессия барысында 14 үкімет сағаты өткізілгенін, әйтсе де, заң шығару процесіне теріс әсер ететін жекелеген кемшіліктер бар екенін жеткізді.

«Жүйелі кемшіліктердің бірі – дұрыс жоспарламау, заң жобаларының жеткілікті пысықталмауы және дайын болмауы. Үкіметтің көбінесе мерзім жақындаған кезде белсенділігі арта бас­тайды. Мұны, әдетте, жылдың немесе сессияның соңында байқауға болады. Парламент қабырғасында заң жоба­ларының көптеген нормасын қайта өңдеп шығу, жекелеген нормалар бо­йынша Үкімет мүшелерінің нақты ұс­танымының болмау үрдісі қалыптасты.

Мысалы, денсаулық туралы кодекс­тің бір нормасы тек бірінші жарты­жылдық ішінде қарама-қарсы позиция­да екі рет түбегейлі өзгерді. Қаңтар айында елімізде тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шекті бағасыз сатып алуға және бірлесіп төлеуге жол берілмейді деген норма қа­былданды. Бірақ маусым айында бұл норма қайта алып тасталды. Екі жағ­дайда да өзгерістің қажеттілігі халықтың дәрі-дәрмексіз қалуы мүмкін деген уәжбен түсіндірілді. Мұндай фактілер бірлі-жарым емес.

Қаралып жатқан заң жобаларына өзгерістер толассыз енгізіледі, олардың ішінде жобаның тұжырымдамасына сай келмейтін түзетулер де бар. Соның салдарынан заң жобасының бастапқы тұжырымдамасы айтарлықтай өзгереді. Министрлер депутаттар арқылы өздері­нің «жанып тұрған» мәселелерін шешіп қалғысы келетін жағдайлар да бар», деді Е.Қошанов.

Палата Спикері мұндай мәселе Мәжілісте де, Сенатта да қаралу сатысында кездесетінін атап өтті. Осының салдарынан Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын Сенат түзетулермен қайтаруға мәжбүр. Көп жағдайда бұл жаңа түзе­тулер Мәжілісте ұсынылмаған және талқыланбаған нормалар болып келе­ді. Заң жобаларын сапасыз дайындау және сараптамаларды уақтылы жүр­гізбеу Мем­лекет басшысы алға қойған мін­дет­терді іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін.

«Депутаттардың түзетулеріне қоры­тын­дылардың уақтылы берілмеуі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Мысалы, бала құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасы бойынша Үкіметтің жауабы 5 айдан кейін келді. Соның салдарынан бұл заң Мәжіліске енгізілгеннен кейін екі жыл өткен соң ғана қабылданды.

Заң жобаларын Парламенттің қос Палатасында таныстыру кезінде жекелеген министрліктер мен ведомстволар баяндамашыларының дайындығы жеткіліксіз болатын жағдайлар да кез­деседі. Заң жобалары мен сарапта­ма­лардың сапасын бағалау алдағы уақытта да Парламенттің ерекше бақылауында болады.

Депутаттық корпустың өздерінің сауалдарына берілетін жауаптардың сапасына да көңілі толмай жатады. Сауалдарда біз, ең алдымен, сайлау­шы­ларымыздың тілектері мен аманаттарын көтеретінімізді түсіну керек. Оған Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардан стандартты, сырғытпа жауаптар келеді. Сондықтан мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарға ауызша жауап беруін практикаға енгіз­дік. Алдағы уақытта депутаттар корпусы мен Үкімет мүшелері заң сапасын арттыруда жүйелі жұмысты жолға қою­ға бірлесіп атсалысуы керек», деді Е.Қо­шанов.