• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Шілде, 2022

Сенімге негізделген сындарлы қатынас

212 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы мен Люксембург Ұлы Герцогтігі арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. 29 маусым – екіжақты қарым-қатынастардың маңызды символдық күні, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты.

Осыған орай екі ел арасындағы дип­ло­ма­тиялық қатынастардың орнаға­нына 30 жыл толуы салтанатты түрде аталып өтті.

Өткен үш онжылдықта Нұр-Сұлтан мен Люксембург арасында өзара құрметке, сенімге және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген берік те сындарлы қатынас орнады. Осынау әріптестік заң үстемдігі, бейбітшілікке жәрдемдесу, адам құқықтарын қорғау және демократиялық институттарды нығайту сияқты ортақ құндылықтар мен қағидаттарға негізделді. Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттель мырзаның 2015 және 2017 жылдары Қазақстанға жасаған сапарларын қоса алғандағы осы кезең ішінде өткізілген саяси кездесулер өзекті халықаралық мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуге және ұстаным­дарды үйлестіруге екіжақты форматта да, көпжақты форумдарда да елеулі дәрежеде ықпал етті.

Қазақстан мен Люксембург парла­мент­терінде құрылған «достық топтары» екіжақты серіктестігімізде маңызды рөлге ие. Парламентаралық диалог пен сапарлар екіжақты және көпжақты, оның ішінде ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы қызметі шеңберіндегі, сондай-ақ «Қазақстан – Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы» форматындағы ынтымақтастықты нығайтты.

Қазақстан мен Люксембург арасын­дағы байланыстардың кеңеюі сауда және инвестициялық мүмкіндіктердің, сондай-ақ ғылыми-техникалық әріптестіктің одан әрі өсуіне ықпал етеді. Қазақстандағы «Бенилюкс» сауда палатасы мен құрметті консулдар институтының қызметі экономикалық ынтымақтастықты арттыру мен заманауи өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Тараптар Люксембург әлемдік көшбасшылардың бірі болып танылатын қаржы, жоғары технологиялар, ғарыш өнеркәсібі, цифрландыру салаларындағы экономикалық ынтымақтастыққа, сондай-ақ тұрақты және «жасыл» даму саласындағы ынтымақтастыққа баса назар аударады.

Тараптар қос мемлекеттің мәдени және білім берудегі байланыстарын кеңейту үшін елеулі күш-жігер жұмсауда. 2020 жылы Люксембургте қазақ халқының ойшылы, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған іс-шаралар өтті.

Дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өту аясында тараптар Қазақстан-Люксембург қарым-қатынастарын сенімді диалог пен әріптестік рухында нығайтуға бар күш-жігерін салуға ниетті болып қала бермек.