• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 01 Шілде, 2022

Ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі

558 рет
көрсетілді

«Самұрық-Қазынаның» компаниялар тобында 256 мың адам жұмыс істейді. Оның ішінде өндірістік персоналдың үлесі жалпы қызметкерлер санының 92,4 пайызына тең. Сондықтан Қор еңбек қауіпсіздігін қамтасыз етуге, еңбекті қорғауға ерекше назар аударып келеді. Елордада ұйымдастырылған бірінші Health&Safety форумы соның бір дәлелі.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төр­ағасы Алмасадам Сәтқалиев атап өткен­дей, форумды ұйымдастырудағы басты мақсат – еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау саласында жаңа ірі сараптама алаңын құру, саладағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқату, ауқымды талдау жүргізу һәм өзара тәжірибе алмасу.

А.Сәтқалиев бүгінгі таңда Қор тобында еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік бағы­ты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс нәти­желерімен бөлісті. Сондай-ақ 2022-2026 жылдарға арналған сын-тегеуріндер туралы әңгімеледі.

– «Самұрық-Қазына» – Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші. Компаниялар тобындағы қыз­меткерлердің саны 250 мыңнан астам адам­ды құрайды. Бұл ретте өндірістік персо­налдың үлесі жалпы қызметкерлер санының 92,4 пайызын құрайды. Атап өтерлігі, Қор көптеген жыл бойы қауіпсіз өндіріс құн­дылықтары мен тәсілдерін ілгерілетуге күш-жігер мен ресурстар бөліп келеді. Деген­мен біз өз кәсіпорындарымызда нөл­дік жара­қаттануға қол жеткізу бойынша мақ­сатты көрсеткіштерден әлі де алыспыз. Жыл қорытындысы бойынша тиісті ком­па­ния­лардың Директорлар кеңесі­нің ал­дына өндірістік қауіпсіздік саласын­да бірін­ші басшылардың жүргізген жұмы­сы ту­ралы сұрайтын боламыз. Кәсіпорын қызмет­керлерінің қауіпсіздігін қамта­масыз ету мен жалпы Қор үшін басты құндылық болып саналады және әрбір жазатайым оқиғаны ерекше бақылауда ұстай­ты­нымды ескерткім келеді, – деді форумның ашылуында Алмасадам Сәтқалиев.

Қордың басқарма төрағасы еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік бағытын­дағы жұмысты одан әрі жетілдіру үшін нақты тапсырмалар берді.

– Қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты дүниенің бәрі біздің жіті назарымызда болады. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру маңызды. Бұл ретте алдағы іс-әрекеттерімізді айқындап алу үшін нақты тапсырмалар бермекпін. Енші­лес компаниялардың басшылары бүгін қол қойылған міндеттемелерді барлық дең­гей­де ұстануы керек. Сондай-ақ осыған ұқсас міндеттемелер компаниялардың өз ішінде де жасалуға тиіс. Өндірістік апаттарға әкеп соқ­ты­ратын тәуекелдерге талдау жүр­гізу керек. Олардың алдын алу үшін жүйелі түрде назарда ұсталатын ұсынымдар берілуге тиіс, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы.

Алмасадам Сәтқалиев өндірістік қауіп­сіз­дік комитеті алаңында қауіпсіздікті сақтау тұр­ғысынан өзара тәжірибе алмасу маңызды еке­нін, бұл озық тәжірибелерді еншілес ком­па­ния­ларға енгізіп, тарату үшін керектігін жеткізді.

– Озық тәжірибелерге сүйене отырып, үдерістерді цифрландыру бағытындағы жұмыс­тарды қолдап, жалғастыру қажет. Өндірістегі қауіпсіздікті тиімді қамтама­сыз ету үшін барлық деңгейде аудит жүр­гізілуге тиіс. Еңбек қауіпсіздігі мәде­ние­тін қалыптастыру үшін бірыңғай корпо­ративтік оқыту курс ұйымдастыру ма­ңызды. Басшылардың қоршаған ортаны қорғау және өндірістік қауіпсіздік бағытындағы жұмыстарын әділ бағалау үшін тиісті критерийлерді анықтап, бекіту керек. Атап өтерлігі, қордың назарындағы талаптардың бәрі біздің контрагенттерде де қатаң сақталуы тиіс, – деді А.Сәтқалиев.

Кез келген компания үшін еңбек қауіп­сіз­дігін сақтау – маңызды бағыт. Сондық­тан олар бұл саладағы жұмысты жетілдіріп отыруға бейілді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында да бұл бағытта атқарылған жұмыс ауқымды. Бұл туралы форумда ұлттық компанияның қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Қайрат Сақтағанов айтып берді.

– «ҚазМұнайГаз» үшін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы басым бағыт саналады. Бұл ретте компания нөлдік жарақаттану қағи­датын қатаң ұстанады. Біз еңбек қауіп­сіздігі мәдениетін қалыптастырып, нығайтуға күш салып келеміз. Осы жылдың наурыз айында қор­шаған ортаны қорғау бағытындағы қолда­ныстағы маркетингті жетілдіру мақсатында ұлттық компания ресми түрде Vision Zero жаһандық бастамасына қосылды. Бұл бастама «ҚазМұнайГазға» қарасты компаниялардың бәріне енгізіледі, – деді Қ.Сақтағанов.

Форум барысында мемлекеттік орган­дар­дың өкілдері, «Самұрық-Қазына» тобына қарасты өндірістік компаниялардың, халықаралық ұйымдардың топ-менед­жерлері және тәуелсіз сарапшылар ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Форум­ның басты артықшылығы да осында жатса керек.

Сонымен қатар форум аясында Қор тобының 13 ірі компаниясының топ-менед­жер­лері Health&Safety саласында жеке міндет­темелерге қол қойды. Басшы­лар өздері үлгі бола отырып, қауіпсіз­дік құн­дылықтарына деген адалдығын көрсе­туге, компанияларда еңбек­ті қорғау са­ласында озық тәжірибені енгізу­­ді қамтамасыз етуге, сондай-ақ қызмет­кер­лер үшін қауіпсіз жұмыс жағдайын жасау­ға міндеттелді. Тиісті мін­деттемеге «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қаз­атомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «QazaqGaz» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қа­зақ­телеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Qazaq Air» АҚ, «Тау-Кен Са­мұ­рық» ҰТК» АҚ, «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС, «Samruk-Kazyna Constraction» АҚ сияқ­­ты компаниялардың басшылары отырды.

Форум жұмысына халықаралық ұйымдар мен компаниялардың өкілдері қатысып, еңбекті қорғау саласындағы әлемдік жетістіктермен бөлісті. Форум спикерлері арасында ORP (Халықаралық тәуекелдерді алдын алу қоры), EBRD (Еуропалық қайта құру және даму банкі), EVERYCO Central Asia Kazakhstan, IOSH (Қауіпсіздік техникасы және денсаулықты қорғау институты), NEBOSH (Ұлыбританияның еңбекті қорғау жөніндегі ұлттық емтихан кеңесі), OPITO және басқа да белді ұйымдардың сарапшылары болды. 

Қор өкілдері өндірістік компанияларда соңғы төрт жылда жұмыс уақытын жоғал­татын жарақат коэффициентінің 24 пайызға төмен­деуіне қол жеткізілгенін атап өтті. Зар­дап шеккендер саны 35 пайызға азайған: 2018 жылғы 165-тен 2021 жылы 108-ге дейін төмендепті.

Қорда және портфельдік компанияларда ең­бекті қорғау және өнеркәсіптік қауіп­сіз­дік жағ­дайын мониторингілеу үшін үдерістер­ді авто­маттандыру және цифрландыру, қызмет­керлерді оқыту бойынша белсенді жұ­мыс жүрг­ізілуде. Бірқатар портфельдік компа­ния­да есептіліктің ашықтығының жеткі­лікті деңгейін, коммуникацияларды дамыту­ды және қауіптерді сәйкестендіру мен тәуе­кел­дер­ді басқаруды жеңілдететін басқа да шешім­дерді қамтамасыз ететін ІТ-шешімдер іске асырылған.

Осындай қадамдар қорға жағдайды болжай отырып және өндірістік қауіпсіздік саласында ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін тиісті іс-шараларды алдын ала жоспарлап, портфельдік компаниялардың қызметіне проактивті ден қоюға мүмкіндік береді. Аталған бағытты дамыту үшін 2022 жыл «Самұрық-Қазына» АҚ тобында Қауіпсіздік жылы болып жарияланған.

Еске сала кетейік, осы жылдың 26 мамырында KIOSH-2022 Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі X қазақ­стандық халықаралық конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды. Басты мақсат – Қор компаниялары тобының тәжірибесінде Vision Zero нөлдік жарақаттану тұжырымдамасының қағидаттарын насихаттау.