«Самұрық-Қазынаның» компаниялар тобында 256 мың адам жұмыс істейді. Оның ішінде өндірістік персоналдың үлесі жалпы қызметкерлер санының 92,4 пайызына тең. Сондықтан Қор еңбек қауіпсіздігін қамтасыз етуге, еңбекті қорғауға ерекше назар аударып келеді. Елордада ұйымдастырылған бірінші Health&Safety форумы соның бір дәлелі.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атап өткендей, форумды ұйымдастырудағы басты мақсат – еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау саласында жаңа ірі сараптама алаңын құру, саладағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқату, ауқымды талдау жүргізу һәм өзара тәжірибе алмасу.
А.Сәтқалиев бүгінгі таңда Қор тобында еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ 2022-2026 жылдарға арналған сын-тегеуріндер туралы әңгімеледі.
– «Самұрық-Қазына» – Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші. Компаниялар тобындағы қызметкерлердің саны 250 мыңнан астам адамды құрайды. Бұл ретте өндірістік персоналдың үлесі жалпы қызметкерлер санының 92,4 пайызын құрайды. Атап өтерлігі, Қор көптеген жыл бойы қауіпсіз өндіріс құндылықтары мен тәсілдерін ілгерілетуге күш-жігер мен ресурстар бөліп келеді. Дегенмен біз өз кәсіпорындарымызда нөлдік жарақаттануға қол жеткізу бойынша мақсатты көрсеткіштерден әлі де алыспыз. Жыл қорытындысы бойынша тиісті компаниялардың Директорлар кеңесінің алдына өндірістік қауіпсіздік саласында бірінші басшылардың жүргізген жұмысы туралы сұрайтын боламыз. Кәсіпорын қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жалпы Қор үшін басты құндылық болып саналады және әрбір жазатайым оқиғаны ерекше бақылауда ұстайтынымды ескерткім келеді, – деді форумның ашылуында Алмасадам Сәтқалиев.
Қордың басқарма төрағасы еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік бағытындағы жұмысты одан әрі жетілдіру үшін нақты тапсырмалар берді.
– Қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты дүниенің бәрі біздің жіті назарымызда болады. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру маңызды. Бұл ретте алдағы іс-әрекеттерімізді айқындап алу үшін нақты тапсырмалар бермекпін. Еншілес компаниялардың басшылары бүгін қол қойылған міндеттемелерді барлық деңгейде ұстануы керек. Сондай-ақ осыған ұқсас міндеттемелер компаниялардың өз ішінде де жасалуға тиіс. Өндірістік апаттарға әкеп соқтыратын тәуекелдерге талдау жүргізу керек. Олардың алдын алу үшін жүйелі түрде назарда ұсталатын ұсынымдар берілуге тиіс, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы.
Алмасадам Сәтқалиев өндірістік қауіпсіздік комитеті алаңында қауіпсіздікті сақтау тұрғысынан өзара тәжірибе алмасу маңызды екенін, бұл озық тәжірибелерді еншілес компанияларға енгізіп, тарату үшін керектігін жеткізді.
– Озық тәжірибелерге сүйене отырып, үдерістерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарды қолдап, жалғастыру қажет. Өндірістегі қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз ету үшін барлық деңгейде аудит жүргізілуге тиіс. Еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру үшін бірыңғай корпоративтік оқыту курс ұйымдастыру маңызды. Басшылардың қоршаған ортаны қорғау және өндірістік қауіпсіздік бағытындағы жұмыстарын әділ бағалау үшін тиісті критерийлерді анықтап, бекіту керек. Атап өтерлігі, қордың назарындағы талаптардың бәрі біздің контрагенттерде де қатаң сақталуы тиіс, – деді А.Сәтқалиев.
Кез келген компания үшін еңбек қауіпсіздігін сақтау – маңызды бағыт. Сондықтан олар бұл саладағы жұмысты жетілдіріп отыруға бейілді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында да бұл бағытта атқарылған жұмыс ауқымды. Бұл туралы форумда ұлттық компанияның қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Қайрат Сақтағанов айтып берді.
– «ҚазМұнайГаз» үшін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы басым бағыт саналады. Бұл ретте компания нөлдік жарақаттану қағидатын қатаң ұстанады. Біз еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырып, нығайтуға күш салып келеміз. Осы жылдың наурыз айында қоршаған ортаны қорғау бағытындағы қолданыстағы маркетингті жетілдіру мақсатында ұлттық компания ресми түрде Vision Zero жаһандық бастамасына қосылды. Бұл бастама «ҚазМұнайГазға» қарасты компаниялардың бәріне енгізіледі, – деді Қ.Сақтағанов.
Форум барысында мемлекеттік органдардың өкілдері, «Самұрық-Қазына» тобына қарасты өндірістік компаниялардың, халықаралық ұйымдардың топ-менеджерлері және тәуелсіз сарапшылар ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Форумның басты артықшылығы да осында жатса керек.
Сонымен қатар форум аясында Қор тобының 13 ірі компаниясының топ-менеджерлері Health&Safety саласында жеке міндеттемелерге қол қойды. Басшылар өздері үлгі бола отырып, қауіпсіздік құндылықтарына деген адалдығын көрсетуге, компанияларда еңбекті қорғау саласында озық тәжірибені енгізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ қызметкерлер үшін қауіпсіз жұмыс жағдайын жасауға міндеттелді. Тиісті міндеттемеге «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «QazaqGaz» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Qazaq Air» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ, «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС, «Samruk-Kazyna Constraction» АҚ сияқты компаниялардың басшылары отырды.
Форум жұмысына халықаралық ұйымдар мен компаниялардың өкілдері қатысып, еңбекті қорғау саласындағы әлемдік жетістіктермен бөлісті. Форум спикерлері арасында ORP (Халықаралық тәуекелдерді алдын алу қоры), EBRD (Еуропалық қайта құру және даму банкі), EVERYCO Central Asia Kazakhstan, IOSH (Қауіпсіздік техникасы және денсаулықты қорғау институты), NEBOSH (Ұлыбританияның еңбекті қорғау жөніндегі ұлттық емтихан кеңесі), OPITO және басқа да белді ұйымдардың сарапшылары болды.
Қор өкілдері өндірістік компанияларда соңғы төрт жылда жұмыс уақытын жоғалтатын жарақат коэффициентінің 24 пайызға төмендеуіне қол жеткізілгенін атап өтті. Зардап шеккендер саны 35 пайызға азайған: 2018 жылғы 165-тен 2021 жылы 108-ге дейін төмендепті.
Қорда және портфельдік компанияларда еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайын мониторингілеу үшін үдерістерді автоматтандыру және цифрландыру, қызметкерлерді оқыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Бірқатар портфельдік компанияда есептіліктің ашықтығының жеткілікті деңгейін, коммуникацияларды дамытуды және қауіптерді сәйкестендіру мен тәуекелдерді басқаруды жеңілдететін басқа да шешімдерді қамтамасыз ететін ІТ-шешімдер іске асырылған.
Осындай қадамдар қорға жағдайды болжай отырып және өндірістік қауіпсіздік саласында ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін тиісті іс-шараларды алдын ала жоспарлап, портфельдік компаниялардың қызметіне проактивті ден қоюға мүмкіндік береді. Аталған бағытты дамыту үшін 2022 жыл «Самұрық-Қазына» АҚ тобында Қауіпсіздік жылы болып жарияланған.
Еске сала кетейік, осы жылдың 26 мамырында KIOSH-2022 Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі X қазақстандық халықаралық конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды. Басты мақсат – Қор компаниялары тобының тәжірибесінде Vision Zero нөлдік жарақаттану тұжырымдамасының қағидаттарын насихаттау.