Футболдан Қазақстан Премьер-лигасындағы кейінге қалдырылған бір ойыны өтті. Атап айтсақ, Шымкентте жергілікті «Ордабасы» Павлодар облысынан келген «Ақсу» клубымен кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, екі команда 21 мамырда кездескен еді. Бірінші таймның 10-минутында «Ордабасы» 1:0 есебімен жеңіп жатқан кезде Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның шатыры құлап, матч кейінге шегерілген еді. Міне, енді арада біраз уақыт өткеннен соң аталған командалар қайта жасыл алаңға шықты. Бұл бәсекенің 38-минутында Всеволод Садовский екінші голды соқты. Содан кейін «Ақсу» бірнеше рет қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірақ қонақтардың бұл әрекеті еш нәтиже бермеді. Қарымта шабуылға жүгінген алаң иелері 86 минутта үшінші рет мергендік танытты. Бұл голдың авторы – Елхан Астанов. Есеп – 3:0.
Осы жеңістен кейін 23 ұпай жиған «Ордабасы», «Ақтөбе», «Каспий» және «Таразды» басып озып, жарыс кестесінде үшінші орынға көтерілді. Шымкенттіктер «Астана» мен «Тобылдан» қалып келеді. Көш басындағы екі команда 24 ұпайдан еншілеуде.