АСТАНА. 26 сәуір. Қазіргі күндері Астанада өтіп жатқан күрестен Азия чемпионатында 75 килоға дейінгі салмақта Қазақстанның әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Гүзел Манюрова алтын медальды жеңіп алды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Осымен Манюрова құрлықтың төртінші мәрте чемпионы атанып отыр.
Өз салмағында Астана кілемінде Гүзелге шақ келетін қарсылас болған жоқ. Ол бірінші айналымда өзбек Гүлмира Исматованы оңай ұтты. Ал жартылай финалда үндістандық Джойти Джойтиден айласы мен күшін асыра білді. Финалдық айқасты қытай Фенг Чжоумен өткізген біздің палуанымыз тағы да басымдық танытты.
Бұған дейін Г.Манюрованың 2010, 2011 және 2012 жылдары Азияның чемпионы болғанын да айта кетейік.
Осымен құрлық чемпионатындағы әйелдер күресі де мәреге жетті. Жарыстың бірінші күні 48 килодағы Татьяна Аманжол алтын медаль алған еді. Келесі күні Екатерина Ларионова, Айым Әбділдина және Элмира Сыздықова қола медальдерге қол жеткізді.
Әйелдер арасындағы жарыста 3 алтын медалі бар Жапония құрамасы бірінші орын алса, екінші орынға Қытай, ал үшінші орынға Қазақстан командалары орналасты.
Чемпионат 27 сәуір күні аяқталады.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: Vesti.kz.