2021 жылы Шымкентте 1 млн шаршы метрден астам тұрғын-жай ел игілігіне берілді. Ал биыл бұл межені 4,7 пайызға арттырып, пайдалануға берілетін баспана көлемін 1 млн 60 мың шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бюджет есебінен көпқабатты 51 үй пайдалануға тапсырылады деген жоспар бар. Бұл – жалпы 2 972 пәтер деген сөз. Оның ішінде 31 кредиттік, 20 арендалық үй бар», деді қала әкімі.
Мегаполис басшысының айтуынша, баспана кезегінде тұрған, табысы аз азаматтарға құны 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификатын беру қарастырылған. Бұл мақсатта 500 млн теңге бөлінді.
«Бұған қоса көпқабатты 18 үй жөнделуде. Ал тұрғын үй қорын басқарудың жаңа механизмдері – пәтер иелерінің бірлестігі мен жай серіктестікке өту көрсеткіші қалада 100 пайызды құрайды», деді әкім.