• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Қаржы 04 Шілде, 2022

Банктер мен криптобиржалардың ынтымақтастығы

223 рет
көрсетілді

«Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген криптобиржалар мен Қазақстанның банктері серіктестік байланысты нығайту мақсатында қанатқақты жобаны қолға алды.

Аталған жобаның іске қо­сылу рәсіміне Ұлттық банк­тің, Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнер­кәсі­бі министрлігінің, сол се­кілді Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығының өкілдері қатыс­ты. Жобада өз үлесін иеленген банктердің қатарында – «Еуразия­лық банк», «Халық банкі» және Altyn Bank бар. Сондай-ақ бұған АХҚО құрамында тіркелген криптобиржалар мен әлемдік және қазақстандық крипто-ойыншылар тартылған.

Криптоиндустрия мен блокчейн технологияларын дамыту іс-шаралары аясында арнайы жұмыс тобы АХҚО-ғы криптобиржалар мен еліміздегі екінші деңгейлі банктердің ынты­мақ­тастығын көздейтін ереже­лерді бекіткен еді.

Цифрлық даму вице ми­нистрі Жаслан Мәдиевтің ай­туынша, Қазақстанның крипто­хаб­қа айналуға мүмкіндігі жо­ғары.

«Елімізде осы бағытта адами капитал қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар блокчейн технологияларын белсенді түрде ілгерілетіп келеміз. Қазір мемлекеттік қызмет көрсету саласында блокчейнді енгізіп жатырмыз», деді Ж.Мәдиев.

Бұл жоба биыл қанатқақты режімде жұмыс істейді. Оған АХҚО-ның қаржылық қыз­мет­терді реттеу жөніндегі к­о­мите­тінен цифрлы активтер платформасын басқаруға лицензиясын алған криптобиржалар қатыса алады.

Қаржылық мониторинг агент­тігінің қаржылық монито­ринг субъектілерімен жұмыс жүргізу жөніндегі де­па­р­­тамен­тінің басшысы Ға­бит Лесбеков айтқан­дай, цифр­­лы жүйелер – орталық­сыз­­дандырылған және тың технологияларға негізделген. Сондықтан олардың ақшаны жылыстатуда тәуекелі жоғары. Ал банк секторы ақшаны жылыс­татумен күрес бағытында бел­сенді қатысушы саналады.

«Барлық күдікті операция туралы ақпараттың 95%-ын екінші деңгейлі банктерден аламыз. Олардың бұл мәселеде тексеру жүйесі сапалы түрде жол­ға қойылған. Тек цифрлы тех­нологиялардың ерек­шеліктерін меңгеру керек. Біздің барлық стан­дартымызды сақтай отыра банктерге операцияларды жүзеге асыруға аса қиындықтар туын­дамайды деп санаймыз. Осы жоба криптоиндустрияны одан әрі дамытып, Қазақстанның ин­вестициялық тартымдылығын арт­тыру үшін үлкен серпін бе­реді деп үміттенеміз», деді Ғ.Лес­беков.

Аталған жобаның тағы бір артықшылығы – цифрлы активтер саудасын ұйымдастыру. Бұл өз кезегінде бөлшек және кәсіби инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Осы жұмыс табысты іске асы­рылған жағдайда ұлттық заңнамаға және АХҚО акті­леріне өзгерістер енгізіледі деп көзделіп отыр.

АХҚО Қаржы ұйымдарын реттеу комитетінің (AFSA) бас директоры Нұрхат Көшімовтің сөзіне сүйенсек, криптобиржалар іске қосылған кезеңнен бас­тап мемлекеттік органдар мен реттеуші ұйымдар тығыз байла­ныста жұмыс істеуге кірісті. Бұл жобаның сәтті жүзеге асаты­нды­ғының белгісі дейді.

«Банк секторы криптоиндустрияны сапалы комплаенс пен жүйелермен қамтамасыз етеді. Бұл қорғаудың қосымша жүйесі. Криптобиржалар мен банктер барынша тиімді екенін көрсетуі керек. Цифрлы активтер енді қарқын ала бастаған бағыт, сондықтан біз әріптестерімізбен үнемі пікір алмасып, бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз. Ал реттеу­ге келер болсақ, нарықты уысымыздан шығарып алмауымыз қажет», деді Н.Көшімов.