Жаңа тарихтың алғашқы бетінде әсем астанамыздың суреті тұруы заңды. Егемендікке қол жеткізгелі бері елордамыз тотыдай түрленіп, алып шаһарға айналды. Бүгінде тәуелсіздігіміздің қолтаңбасындай көңілге жылу құяды. Алғашқы кірпіші қаланған сәттен бастап, қазірге дейінгі даму бағдары фотоқұжат ретінде сақталып келеді. Бұған «Қала тарихы астаналық архивтің фотоқұжаттарында» көрмесінде көз жеткіздік.
Аталған шараға ұйытқы болған – қала архиві мен Президент архиві. Қос мекеме бірлесіп құнды құжаттар мен тарихи фотосуреттерді көпшілікке ұсынды. Қала хронологиясынан сыр шертетін шежірелі деректер жиылған қауымның ыстық ықыласына ие болды.
Көрме барысында Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві мен Президент архиві арнайы дайындаған «История столицы независимого Казахстана в архивных документах» құжаттар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақта ел астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілу науқаны, оның мемлекеттің басты саяси орталығы ретінде қалыптасу кезеңі көрсетілген. Сондай-ақ Президент архивінің, Ұлттық архивтің, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің және Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архивінің құжаттары жинақталған.
Ашылу салтанатында сөз алған Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина бұл басылымда елорданы көшіру кезіндегі жүзеге асырылған ауқымды жобалардың нәтижелері мен Ақмола қаласының тарихына қатысты нақты деректердің мол екенін атап өтті. Әрі осы жиынды өткізуге бірлесіп атсалысқан қалалық архив ұжымына алғысын білдірді.
Көрмеге қатысушылар 1832 жылы Ақмола округтік бұйрығы шыққаннан бастап қазіргі Қазақстан астанасының бүгінге дейінгі тарихымен танысты. Іс-шара Астана күніне орай ұйымдастырылды.