• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Шілде, 2022

Бейбітшілік пен келісімге шақыратын маңызды марш

590 рет
көрсетілді

Тыныштық пен бейбітшілік салтанат құрған елдің мерейі өсіп, абыройы асқақтай түсері сөзсіз. Себебі ұлт пен ұрпақтың баянды ғұмыр кешуіне келісім мен татулық басты баспалдақ саналатыны шындық. Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Еуропа-Азия Бейбітшілік және келісім маршы» халықаралық жобасы аясындағы мәдениет, бейбітшілік және келісім күндері атты мәдени-бұқаралық іс-шара өтті. Осыған орай достықты дәріптейтін «Еуропа-Азия Бейбітшілік және келісім маршы» Нұр-Сұлтан қаласынан алғашқы сапарға аттанбақ.

Кеше елордадағы Достық үйінде «Еуропа-Азия Бейбітшілік және келісім маршы» халықаралық жобасы аясында мәдени-бұқаралық іс-шара өтті. Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктері, Бейбітшілік және келісім маршының атқарушы комитеті мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған шара екі күнге созылмақ. Бірінші күні ұйымдастырушылар баспасөз өкілдеріне шерудің алға қойған міндетін түсіндіріп, артынша қатысушылар дөңгелек үстелде марштың маңыздылығы туралы ойларын ортаға салды. Бұдан кейін бірнеше министрліктің өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Amanat партиясы жанындағы Жастар қанатының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы қызметкерлері шерудің қатысушыларымен бірге арнайы дайындалған концертті тамашалады.

«Бүкіл елдің халқы бір үйдің баласындай бірлікте өмір сүргенін қалаймын. Ұлт пен дінге бөлінбей, ынтымақта, ұйымшылдықта өмір сүруге шақырамын. Ұрпағымыз бейбіт елде тату-тәтті өмір сүру үшін шараға қатысуға бірден келістім. Өзіммен бірге екі баламды да алып келдім», деді бес баланың анасы, шеруге қатысушы Динара Әкімбекова.

Ол ұлттар арасындағы достықты дәріптейтін марш туралы құрбысынан естіп біліпті.

Қозғалыстың Қырғыз Республи­касын­дағы жетекшісі Мээрим Эсеналиева шерудің жоғары деңгейде өтуі үшін өз елін­дегі мемлекеттік ұйымдар да жан-жақ­ты қолдау көрсеткенін алға тартты. Айтуынша, адамның бақытты ғұмыр кешуі ұлттың тілі мен дініне, дәстүріне қара­майды. Ең маңыздысы, әрбір адамның жүрегі «бейбітшілік» деп соққанда ғана қой үстінде бозторғай ұялаған тыныш заман орнайды. «Ең басты ұстанымымыз – халықты бейбітшілік пен келісімге шақыру. Сіздерді 9 шілде күні Бішкекте асыға күтеміз», деді Мээрим Тұрарбекқызы.

Бейбітшілік және келісім маршының атқарушы директоры Руслан Абдуллиннің сөзінше, іс-шараға қатысушылар Еуропа мен Азияның бірнеше қаласында болады. Атап айтқанда, Қазақстанның – 10, Қырғыз Республикасының – 1 және Ресейдің 5 қаласын аралайды. Шеруге 46 адам өтініш білдірсе, Нұр-Сұлтан қаласындағы алғашқы іс-шараға 28 адам келді. Қатысушылардың санына шектеу жоқ. Өйткені халықтар арасындағы достықтың жалауын желбіретіп, ұлттар арасындағы махаббатты оятқысы келетін кез келген адамның шеруге қатысуға мүмкіндігі бар.

«Біздің марш саясат пен діни ұрансыз өтеді. Тағы бір айтарымыз, марш мемле­кет­тік бюджетке салмақ салмайды. Өйткені халықтық марш халықтың өз ақшасына ғана өткізіледі. Халық өзі ұйымдастырып, өзі қаржылай қолдау білдіріп отыр. Бірақ ұйымдастыру ісі мемлекеттің көмегімен іске асқанын баса айту керек. Кез келген қоғамдық істің жүзеге асуында мемлекеттің қолдауы маңызды. Марштың дайындық жұмыстарына қолұшын берген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне алғыс білдіремін. Сол арқылы елорданың төріндегі Достық үйінде шеруімізді бастағалы отырмыз», деді Руслан Абдуллин.

Айта кететін жайт, Қазақстанның бас қаласы «Еуропа-Азия Бейбітшілік пен келісім шеруінің бастапқы нүктесі болады. Бағыт 17 елдің аумағын қамтиды деп жоспарланып отыр. Алғашқы бағыт 4 елдің аумағында өтеді. Олар – Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Грузия. Келесі бөлігі АҚШ аумағын қамтиды, үшіншісі Алматыда басталып, Джаганапурада аяқталады. Биыл Бейбітшілік және келісім маршы 16-рет өтеді.