• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2022

Салғырттық сан соқтырмаса екен

196 рет
көрсетілді

Өскеменде үп еткен желге бола көпқабатты жаңа үйлердің қабырғасы қақырап кете беретін. Оған етіміз әбден үйреніпті. Қалыпты жағдай секілді. Өткендегі дауылда да Әл-Фараби даңғылы бойындағы 36-үйдің сыртқы қаңылтыр қаптамасы жыртылған. Оған бола ешкім елең етпеді. Ал ЖМК шағын ауданындағы темір аялдаманың баланы басып қалғаны көптің наразылығын туғызды.

24 маусым күні Өскеменде жел­дің екпіні 16 м/сек дейін же­тіп, қаланың ойранын шы­ғарды. Ағаштар тамырымен опы­ры­лып, бірнеше көлікті зақым­дады. Зақымдады дегенім, бер жағы. Әйтпесе, жуан терек кей­бір автокөліктерді ортан белінен басып қалып, күл-тал­қан етті. Әсіресе, Гагарин буль­вары, Сева­­стопльская көше­лері тұр­ғын­­дарына құтқару­шылардың көме­гі қажет болды. Ал Гоголь, Ста­ханов­ская, Виноградов, Қазақ­стан, Буров көшелері, Шәкәрім даңғылы бойындағы құлаған ағаш, бұталарды «Таза Өскемен» кәсіп­орнының қызмет­кер­лері тез ара­да тазалап шықты. Дауылдың жой­қын болғаны сондай, электр желі­леріне дейін үзіліп, трамвайлар тұ­са­лып қалған. Бәрінен бұрын аял­дама павильонының велосипедпен кетіп бара жатқан қыз баланы басып қалғанына тұрғындар наразы болды. Дәл осындай оқиға Га­гарин бульварында да бол­ған. Әйтеуір, абырой болғанда бала­лар аман. Медициналық көмек көрсетіліпті. Десе де аял­дама павильонын қабылдап алған құзырлы органдардың салғырт­тығы үшін жапа шеккен 10 жасар бүлдіршіннің анасы Назгүл Маг­затова сотқа беремін деп отыр. Полицияға арызданып та қойған.

– Сол күні полицияға өтініш жаздым. Тіркеуден өтіпті. Балам­ның жағдайы жалпы жақсы. Миы шайқалған, шошынып қалған. Қазір ауруханада жатыр. Кеше «Таза Өскемен» кәсіп­орны шақырды, бардым. Керек жағдайды жасаймыз деп отыр. Бірақ сотқа беремін. Себебі кінә­лілер жауап беруге тиіс. Келе­сіде мұндай салғырттық қайта­лан­басын. Мысалы, арнайы барып, сол аялдаманы көрдім. Түбін бетондап, мықтап бекітіп қойып­ты. Соны бірден неге дұрыс іс­темеген, – дейді Назгүл Магзатова.

Рас, сапасыз құрылыс көп бізде. Қарапайым аялдаманың төрт сирағын бекіте алмаған соң зәу­­лім үйлерге қайдан қадағалау бол­­сын?! Тұрғын үй-комму­налдық ша­­руа­­шылығы маман­дарының пікі­­рін­­ше, қатты жел салдарынан орын алған оқиғаға байланысты тек­­серу жүргізіліп, шалағайлық таныт­­қан азаматтар айыпталатын көрінеді. 

Негізі әу бастан тиянақты ат­қарылуы керек еді. Біреу жапа шек­пейінше неге селт етпей­міз, түсі­ніксіз. Бір күні осы сал­ғырт­тық сан соқтырып жүрмесе етті. Айт­­қандай, ТЖД-сіз дауыл­ды ес­керту туралы «Дәрмен» мобиль­ді қо­сым­­шасынан біле ала­сыз. Егер дауыл болатын болса, қауіпсіз­дік ере­­желерін сақ­таңыз. Құдай сақ­та­сын, төтенше жағ­дай орын ала қалса, 112 нөмірі бойынша хабарлаңыз.

 

Өскемен