Алматы сияқты ауасы айналмайтын, тұрғындары тығыз орналасқан қалада заңсыз бой көтерген ғимараттар мен тұрғын үй мәселесі қашанда өзекті. Агломерация есебінен мегаполиске өткен жер телімдерінде, апатты аймақ, суға жақын жерлерде өз бетінше баспана салып алғандар мәселесі де түпкілікті шешілмегенін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Алматыда құрылыс басқармасының келісімінсіз соғылған 14 мыңдай құрылыс нысаны бар.
Өткен жылы күз келіп жеткенше, соттардың шешімі бойынша заңсыз салынған 18 нысан бұзылған еді. Сот талқылауынсыз көшелер мен аула аумақтары бойындағы мемлекеттік қор жерлерінде өз еркімен орнатылған 300-ге жуық заңсыз нысан қоса сүрілген еді.
Енді, міне, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың пәрменімен тұрғындардан тынбай түскен арыз-шағымдардың нәтижесінде «Шұғыла» шағын ауданындағы, Бәйтелі батыр көшесінде заңсыз тұрғызылған 12 қабатты тұрғын үйді бұзу мәселесі көтеріліп қана қоймай, сүріліп тынды.
Айналып келгенде, Алматы қалалық сотының шешімімен Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасының талап-арызы қанағаттандырылып, сот аталған нысанды бұзу туралы шешім шығарды. Ғимарат 1 шілдеде сот орындаушыларының қатысуымен сүріле бастады.
Бұған дейін қала құрылысын бақылау басқармасы нысанда тексеру жүргізіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында бірқатар заң бұзушылықты анықтаған болатын. Құрылыс жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар жасалып, ескертулерді жою туралы ұйғарым шығарылды.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот басқармасы да «Aрт-Техносс» ЖШС-на заңсыз салынған нысанды бұзу туралы талап-арызын қозғаған болатын. Бірақ 2021 жылғы 9 желтоқсандағы сот шешімімен талап-арыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Осыдан кейін қала құрылысын бақылау басқармасы Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсірді: талап-арыз қанағаттандырылды.
Бұған дейін де компания иесіне әкімшілік шара қолданылып, оған өздігінен демонтаж жұмыстарымен айналысу тапсырылған еді. Алайда кәсіпкер сот шешімін елемеген. Осы себепті, бүгінде мәжбүрлі түрде үй бұзу шаралары сол кәсіпкердің есебінен жүргізіліп жатыр.
АЛМАТЫ