Павлодарда алғаш рет егіздердің фестивалі өтті. Қызықты шарада үшемдер де төбе көрсетті. Тұрғындар ерекше жандардың отбасылық мерекесін тамашалау үшін алыс-жақыннан ағылды.
Мұндай фестивальді ұйымдастыруды тұрғындардың өзі ұсыныпты. Қала әкімдігі идеяны қолдап, көпке дейін айтып жүрер тамаша кешті өткізуге мұрындық болды. Шараға сәбилер, балалар, тіпті егде жастағы егіздер де қатысты. Жиналғандар естелік суретке түсіп, қызықты сұрақтардың астына алды.
23 жастағы Дастан мен Думанның дүниеге келген сәтіндегі айырмашылық 10 минут екен.
– Өзіңе ұқсас жанмен бірге өмір сүру қызық. Араласатын таныстарымыз әртүрлі. Кейде түсініспеушілік туындап жатады. Мысалы, достарымыз «көшеде мән бермей өтіп кеттің» деп ренжіп жатады. Жалпы, көзқарасымыз жиі сәйкес келеді, – дейді Думан.
Егіз болудың пайдасы да аз емес. Думан үшін ағасы емтиханды сәтті тапсырған. Көзқарастары ұқсас болса да, алған білімі әртүрлі. Бірі құрылысшы мамандығын игерсе, бірі металлург мамандығы бойынша тәлім алған.
Павлодар