Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры әртістері Қала күні қарсаңында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, қарттарға мерекелік көңіл күй сыйлап қайтты.
Қазақ – қариясын сыйлаған халық. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген аталы сөз де ұлттық ұстынға айналғалы қашан?! Десек те, бүгінде қоғамда Балалар үйінің де, Қарттар үйінің де тұрғындары жыл өткен сайын көбейіп келеді.
Шығармашылық ұжымның ұйымдастырған әндерінен қарттардың көңілі көтеріліп, бір уақыт сергіп қалды. Тіпті ақсақалды аталар ақ жаулықты аналарымызды ортаға вальске шақырып, кешті қыздыра түсті.
Музыкалық жас көрермен театрының қыз-жігіттері Сабырхан Асановтың сөзіне Шәмші Қалдаяқовтың әні жазылған «Сағынышым менің» әнін хормен бастап, Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Арыстың жағасында» әнімен жалғастырды. Бұл әндерге бірге қосылып шырқамаған қариялар қалмады. Сонау алыс-алыс белес, қыраттарда қалған жастық шақтары еске түскен болар, көбісі көзде- ріне жас алды. Жүрек толқиды.
Кеш соңында әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қариялары жастарға ақ жарма тілектерін айтып, батасын беріп, қимастықпен қоштасты.