Жасым 82-де. Айтайын дегенім, Оңтүстік аймақтарда Мұхаммед (с.ғ.с) айтқан «Сауаптың ең үлкені мешіт, медресе салған» деп мешіт пен медресе құрылысын аяқтау үшін ақша сұраған, демеушілік өтінген сұрампаздар көбейіп кетті.
Ал қолдау жоқтың қасы. Наразылар көп. Тәуелсіздік алған 30 жылда бірнеше мыңдаған мешіт пен ондаған медресе салынды. Нәтижесі қандай? Не ұттық? Ұрпақ тәрбиесінде ілгерілеу бар ма? Қыз анасымен, келін енесімен, ұл әкесімен тату ма? Неке тұрақтылығы нығайды ма? Нашақорлар азайды ма? Өзіне-өзі қол салу тоқтады ма? Ұрлау, жымқыру, сыбайластық азайды ма? Бір-бірімізді алдауымыз кеміді ме? Өкінішке қарай, жоқ демеске лажымыз жоқ. Уахабистер мен салафиттердің көбейгені де белгілі.
Қай сөзді көбірек айтсаң, соның қадірі кетеді деген бар. «Аллаға ауыз жол еместі» айтқан Абай. Әр апта сайын «Қасиетті жұма» дей бергеннен жұманың қасиеті арта ма? Халал деген сөзді қоспаған жеріміз қалмады. Адалдық жолындамыз ба? Біреулер сөзін, өзін, затын, қызметін өткізу үшін оразасын, мұсылмандығын, қажыға барып келгенін алға тартады. Қызылорда облыстық экология департаментінің маңдайшасына «Адалдық алаңы» деп жазып қойыпты. Бұл мекеме, шын мәнінде, сондай ма?..
Біздегі мешіттер мен медреселердің пайдасы сол, мыңдаған имам мен молда жұмыспен қамтылып отыр. Жаназада, құдайы садақада имамдар дұрыс уағыз айта алмайды. Еңбек ет, кәсіп қыл демейді. Еңбекті насихаттайтын бірде-бір тәлімді әңгіме айтқандарын естімедім. Олар Құдаймен, өліммен қорқытады.
Мешітке барып намаз оқуын ешуақытта қаза етпейтіндер қатарында отбасында бірнеше баласы болса да, еш жерде жұмыс істемейтіндер, біреудің ақшасын қарызға деп алып, бірнеше жылдап қайтармай жүргендер бар... Айта берсе, әңгіме көп. Қоғамдық даму басқармалары мешіттермен, имамдармен жұмыс істеу бағдарламаларын өзгертулері керек.
Жаңа Қазақстан құрудағы бір бағдарлама осы айтылғандарға қатысты болуы қажет деген ойдамын.
Сәпен АҢСАТ,
еңбек ардагері
ҚЫЗЫЛОРДА