Таяуда UFC-дің ресми сайтында аралас жекпе-жектен өткен жарыстарда ешкімнен жеңілмеген сегіз спортшының есімі жария етілді. Сол тізімде біздің Шавқат Рахмонов та бар. Жартылай орта салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақтың өр мінезді ұлы үздіктер рейтингінде екінші орынды иеленуде.
Көш басында – Хусейн Асхабов. Чешенстанда туып-өсіп, кейіннен Францияға қоныс аударған 27 жастағы спортшы жауынгерлік самбоны жетік меңгеріп, көптеген аса ірі халықаралық жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Осыдан 10 жыл бұрын аралас жекпе-жектен тұсаукесер кездесуін өткізген Хусейн сол кезден бері 23 рет октагонға шығып, барлығында жеңіске жетті. 16 бәсекеде айқын басымдық танытты. Десек те ол UFC-дің туы астында әлі бірде-бір кездесу өткізген жоқ. Негізінен чешен жігіті ECSF, GEFC, WWFC және WFCA секілді ортаңқол ұйымдарда жұдырықтасты. Өзінің әлемдегі ең белді промоушендегі алғашқы айқасын Асхабов 17 шілдеде өткізеді. Ол 34 жастағы бразилиялық файтер Герберт Бернспен күш сынасады. Тек сол кезде ғана Франция өкілінің қаншалықты қарулы екеніне нақты баға беруге болады.
Екінші орындағы Шавқат Рахмоновтың жүріп өткен жолы барша қазақстандық жанкүйердің көз алдында. 27 жастағы қандасымыз осы спорт түрін 2014 жылдан бері серік етіп келеді. Сол аралықта 16 кездесу өткізіп, барлығында айқын жеңіске қол жеткізді. 2020 жылдың қазан айында Шавқат UFC-дегі алғашқы кездесуін өткізді. Абу-Дабиде өткен турнирде Алекс Оливейраны және 2021 жылы Лас-Вегаста Мишел Празеристі сабмишн әдісімен ұтты. Бразилияның қос мықтысы тізе бүккеннен кейін Шавқат биыл қыста гайаналық Карлстон Харристі талдырса, жуырда ғана америкалық Нил Мэгниді оңдырмай сабады.
Үшінші мен бесінші орындарды өзара бөліскен Молдованың марқасқасы Александр Романов, Уэльстің сайыпқыраны Джек Шор және Ресейдің мықтысы Мовсар Евлоевтың көрсеткіштері бірдей. Олар да дәл Шавқат Рахмоновтай 16 кездесуден өткізіп, барлығында мерейлері үстем болды. Ондай жағдайда рейтинг жасалғанда спортшылардың қанша рет айқын басымдық танытқаны ескеріледі. Бұл ретте қазақ жігітінің өзгерлерден көші ілгері. Шавқат 100 пайыздық көрсеткішке ие. Үшінші сатыға жайғасқан ауыр салмақтағы Романов тек бір бәсекені ғана мерзімінен бұрын аяқтай алмаған екен. Қалған 15-інде нокаут тіркелген. Аса жеңіл салмақтағы Шор 12 қарсыласын есінен тандырса, Евлоев 7 рет айқын жеңіске қол жеткізіпті.
Сондай-ақ жеңілістің кермек дәмін татпағандардың тізімінде америкалық Брайс Митчелл (15-0, 9) мен Шон Брэди (15-0, 7) және ресейлік Умар Нурмагомедов (15-0, 8) сынды саңлақтар бар.