Ұлы Мұхтар Әуезовтен тәлім алған, «Алыптар тобынан» кейінгі әдебиетке келген тегеурінді толқынның өкілі, қазақ прозасына психологиялық қатпары мол, реалистік көркем шығармаларымен қайталанбас қолтаңбасын қалдырған сөз зергері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы С.Шаймерденов көзі тірісінде газет тілшісіне берген бір сұхбатында: «Халық алдындағы жауапкершіліктің не екенін сезінбеген жазушының жолында қатер көп: арзан атақ-данқ, жалған бедел, биік мінберге орай жазылған көркемдігі жалған плакат шығармалар... Бұның бәрі сөз өнерін жоққа шығаратын әзәзіл жол», депті. Осы орайда қаламгердің туғанына биыл 100 жыл толуына байланысты жазушының қолында өсіп, тәрбиесін көрген бауыр – баласы, белгілі журналист Сайын Есмағимен жүргізген сұхбатты ұсынып отырмыз.
– Сайын мырза, әуелгі әңгімені әулет тарихынан бастаған дұрыс сияқты. Сөз тізгіні өзіңізде...
– Шаймерден атамыздың үлкен бәйбішесі, біздің үлкен әжемізден Сафуан және Есмағи деген екі ұл туыпты. Апамыздың аты – Қиза екен. Сонау алапат аштық жылдары папамның он жастағы кезі, інісі Есмағи алтыдан енді асқан шағында туған шешелері о дүниелік болған көрінеді. Мен Есмағидың баласымын. Үлкен әкем Сафуанды «папа» деп атап кеткенмін. Папамның осы аштық туралы жазғаны да бар. Шет жағалап, өз аузынан да естіп жүрдік. Бүкіл ауыл қынадай қырылып жатқанда, атам жарықтық екі ұлын жылы тонға орап, күркенің ішіне отырғызып қойып, өлгендерді бір-бірлеп жерлеп шығыпты. Заманның беті бері қараған тұста атамыз тағы бір әйел алған. Ол кісінің есімі – Бейіс. Одан Еркебұлан ағамыз дүниеге келіпті. Бұл ағамыздың екі қызы бар. Ал Сафуаннан жалғыз Саян. Есмағидан бес ұлмыз. Мен туғанда папам атымды Сайын деп қойыпты. Саяным заңғар таудың белгісі болса, Сайыным сары даланың символы болсын, деп ырым етіпті.
Папам мені бір жасқа толғанда Алматыға алып келіпті. Содан бірінші класқа барғанға дейін жазда ауылда, қыста Алматыда папамның қолында болдым. 1968 жылы мен бірінші класқа баратын кезімде, сонау Қызылжар өңірінен атам Шаймерден ақсақал келіп: «Сафуан, қарағым! Мына Есмағидың ұлын ауылға қайтар, сенің Саяның бар. Мен де бір немеренің тұлымынан иіскеп отырайын» – деп, мені ауылға алып қайтты. Алматыға бауыр басып қалған болуым керек, жылап-еңіреп әзер аттанғаным есімде. Осы кезден бастап атамның жанында болдым. Қазір ойлап отырсам, атам жарықтық қалада тұрса орысша оқиды деп ауылға әкеткенге ұқсайды. 1976 жылы сегізжылдық орта мектепті бітірдім. Сол күннен бастап папам Алматыға қайтарып алып келді. 1983 жылы атам Шаймерден дүниеден өтті. Ал екінші әжеміз, папамның өгей анасы Бейіс марқұм 1962 жылы қайтыс болған екен.
– Сафуан Шаймерденов шығармасында «өгей шешенің» жағымды образын керемет сомдаған дейтін пікір айтылады. Сондағы өгей шеше осы Бейіс марқұм ба?
– Қазақ әдебиетін былай қойып, әлемдік әдебиетте «өгей шеше» образы қатыгез, тасжүрек, қайырымсыз болып келетін еді ғой. Папам осы сеңді бұзды. Әйелдің, ананың махаббаты өз баласымен шектелмейтінін, оның жүрегі адам баласына жылы нұр, ыстық сезім сыйлай алатынын, ананың мейірімінде қылаусыз, кіршіксіз, сарқылмас таза ықылас барын әлемге айтып кетті. Жазған хикаяттарындағы өгей-ана образы Бейіс апамыздың өзі.
Бұл өмірде болған дүние. Бейіс апамыз атамызға қосылғанда бір баласымен келіпті. Аты – Зікірия. Сол заманда елдің жағдайы ауыр, жарықтық егістіктен масақ теріп әкеліп, соның дәнін үгіп көже-қатық істейді екен. Әрі кеткенде бір таба нан бола ма, болмай ма. Ғайыптан мол масаққа кезігіп нан пісіретіндей жағдайда Бейіс апамыз оттан жаңа шыққан ыстық нанды буын бұрқыратып әкеліп, өзінен туған Зікірияны тоқтатып қойып, Сафуан мен Есмағиға бірінші береді екен. Папам осы өгей анасын өте жақсы көріп өткен адам.
– Сафуан аға бір естелігінде: «Жақсы шығарма, жақсы образ тапқанда ғана туады. «Абай жолы» шығармасының ұлылығы Абайдың өзінде. Өйткені образ «ұлы» депті. Сол сияқты Бейіс анасынан бір ұлылық таныған екен-ау шамасы.
– Сізге бір мысал айтайын. Бейіс апамыз созылмалы дертке шалдығып, көп ауырыпты. Әбден қиналып нашарлағанда Алматыдан папамды шақыртыпты. Ол кезде бүгінгідей көлік қатынасы жоқ, ұшақ та болмаған. Хабарды естіп папам да жетуге асыққан. Қызылжарға келіп, одан ауылға жеткенше қаншама күн. Осының бәріне шыдап Бейіс апамыз ұлын күтіп жатыпты. Папам табалдырықтан аттап кіргенде «Сафуан балам, келдің бе? Сені көрдім...риз..» деп, абзал апамыз үзіліпті.
Осы ана мен ұлдың махаббаты ақыры қазақ оқырмандарының қолына кітап болып жетті. Жаңағы жақсы образдан, жақсы шығарма туады, деген пікірді ол кісі өз басынан өткізіп барып айтуы әбден мүмкін.
Мына ғажайыпқа қарамайсыз ба, бертінде Бейіс апамыздың зиратының басына бір түптен қолдың саласындай үш қайың өсіп шықты. Тура солтүстіктің кәдімгі шырынды аққайыңы. Соны көріп папам: «Мына үш қайыңның үлкені – мен, ортасындағы – Есмағи, кішкентайы – Еркебұлан» дейтін.
– Сафекеңнің қолында ержетіп, талай ұлы тұлғаларды көрген шығарсыз?
– Әуелі, мен Сәбит Мұқановты өз көзіммен көрдім. Шамасы 1972 жыл болуы керек. Ауылдың қара сирақ баласымыз. Шаңдатып ойынның қызығында жүрген шақ. Жып-жылтыр бірнеше қара машина ауылдың шетіне келіп кірді. Тура барып, атам үйіне тұмсығын тіреп тоқтады. Машиналармен жарысып біз де жеттік. Алғашында Алматыдан папам келген шығар деп ойладым да «Папам келді, папам келді ...» деп, маңайымды басыма көтеріп мен жүрмін. Қарап тұрмыз, бірінші машинадан орта бойлы дембелше келген, жасы әудем тартып қалған үлкен кісі түсті. Басында мақпал қара тақиясы бар. «Шаймерден қайда?», деді. Мен: «Атам нағашымның үйінде қымыз ішіп отыр» дедім. «Бар жүгір, «Мықанып» келді, деп айт» деп, күлді әлгі кісі. Жарықтық атам «Мұқанов» демей Сәбеңді «Мықанып» деп отыратын. «Е, сол шал келіп қалған екен ғой» деп ойладым да, шаңдатып нағашымның үйіне бардым. «Ата, Мықанып келді» дедім. Сол үйде отырған елдің бәрі «Сәбеңе сәлем береміз» деп түп қопарылып біздің үйге келді.
Сәбең көп аялдаған жоқ, жеңіл-желпі шай ауыз тиді де, аттанып кетті. Атам бір малын көлденең ұстап еді, бата жасамады. «Әй, Шаймерден, саған амандасайын деп бұрылдым, әуре болма, тағы келе жатармыз...» деп, жүріп кетті. Сәбеңнің осы сапары туған жұртымен соңғы қоштасуы екен, бір жылдан кейін қайтыс болды.
– Сафуан аға өзінің естелігінде: «Сәбеңнің көмегімен оқуға түстім, әділ сынын естіп шығармашылығымды түзедім» деп жазыпты.
– Қазіргі қазақ жазушылары естелік, эссе жазумен айналысып кетті. Осы жанрдың тұңғыш әдеби үлгісін жасаған да папам. Сондықтан да болар «Ағалардың алақаны» кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Сонда айтылады, папам алғаш Алматыға оқуға түсу үшін емес, білім жетілдіру курсына келген ғой. Қонақүйге соқпай тіке Сәбеңе барыпты. Себебі атам мен Сәбең сырлас, сыйлас әрі екеуі жақын бажа. Мариям апамыз бен папамның туған шешесі Қиза әжеміз жамағайын адамдардың қызы.
Сонымен папам Сәбеңді жағалап барады. Амандық-саулықтан кейін Сәбең «Шаймерден аман ба, мұнда не шаруамен келіп қалдың» депті. Папам: «Облыстық «Ленин туы» газетінде қызмет істеуші едім, осында біліміңді жетілдір деп курсқа жіберді». «Әй, бала! Курсты қайтесің одан да оқуға түспейсің бе?» дейді Сәбең. Бұл қараша айы. «Ойбай-ау, Сәбе! Оқу басталып кетті емес пе, оған қалай түсем?» деген екен папам, Сәбең тұрып қолма-қол ректорға хат жазып беріпті. «Жолдас пәленше! Жаман оқитын біреуді оқудан шығарсаң да мына баланы қабылда!». Міне Сәбеңнің бір ауыз сөзінің шарапаты тиіп емтихан тапсырмай-ақ университетке қабылданыпты.
– «Өмір шындығы ештеңеге тәуелді емес, ал әдеби шындық өмір шындығына тікелей тәуелді» деген қағиданы ұстандым, депті бірде Сафуан аға. Демек қаламгердің шығармалары да өмір шындығынан алыстап кетпеген шығар.
– Папамның жазу стилін, сөз қолданысын көп адам Ғабит Мүсіреповке ұқсатады. Әсіре қызыл эмоция жоқ. Оқиғаны жинақы құрайды. Аз жазды, бірақ саз жазды. Өмір шындығы демекші, папамның шығармалары тек өмірден алынған дүниелер. Мысалы, айтайық «Марғау» хикаятын жазардың алдында Алматы облысының аудандарын ара- лап жүріп мынадай оқиғаны естиді. Бір шопан жайлаудан көшерде итін жоғалтып алыпты. Іздеп-іздеп таппаған. Келер жылы бұрынғы жайлауына көшіп келсе, иті жұртта жүр. Шақырса келмейді. Қатты ренжіген. Сөйтсе, ел көшкенде жұртта қалған ескі тонды күзетіп қалып қойған екен. Осыдан барып әлгі повесть туған.
«Жыл құсы» да өмірден алынған. Туынды кейіпкері балуан Битабар Елбаев өмірде болған адам. 1964 жылы бұрынғы Жезқазған облысы Жаңаарқа жерінде қайтыс болған. Балуан Шолақпен күресіп тең түскен. Осы кісіні папам 1950 жылы ел аралап жүріп жолықтырады. Сөзге өте сараң адам болыпты. Сәл қитықса үндемей қояды екен. Содан бір сөйлеп кеткенде папам қағаз-қалам қолға алсам тағы қитығып қалар деп, бір күн тыңдап отырған да 19 жыл толғатып жүріп жазып шыққан.
«Болашаққа жол» романы алғаш шыққанда М.Әуезов оқып көріп былай деп жазып беріпті: «Кітабыңды оқып шықтым, жақсы жазылыпты, бұдан былай қаратобырдың шаңында қалып қойма». Ол кісінің қолтаңбасы папамның шаңырағында тұр.
– Ағаның көп жазушы қалам тартқан тың игеру тақырыбын жазайын деген ойы болған жоқ па?
– Папама шешеміз Бағдат: «Сен де ел сияқты тың игеру туралы жазып, сыйлық алсаңшы?» дейтін. «Олар келіп ата-бабамның зиратын төңкеріп тастағанын жазам ба?» деп кәдімгідей ашуланғаны есімде.
– Сафекеңнің 1986 жылы мамыр айында Г.Колбиннің қатысуымен өткен Жазушылар одағының пленумында сөйлеген сөзін ел біледі...
– Желтоқсан оқиғасы басталғанда мен Абай атындағы педагогикалық институтта студент едім. Бүтін бір курста жалғыз еркек кіндікті мен ғана. Группадағы студенттерді бастап алаңға бардым. Жаныма бір группада оқитын әйелімді ертіп алдым. Оның аяғы ауыр. Елмен бірге сапырылысып жүріп, кешкісін қайын атамның үйіне бардым. Сонда шай ішіп отыр едім папам мені сұрап телефон шалды. «Сайын алаңға бардың ба? Не болып жатыр?» деп сұрады. Көрген-білгенімді айт- тым. «Сен тез үйге келші, машина от алмай жатыр, көмектес», деді.
Үйге келсем папам біртүрлі қобалжулы екен, менен алаңда не болып жатқанын қайталап сұрады. Содан: «Сайын – деді, – Мен бірдеме білсем осының аяғы қанға айналады. Сен үйден шықпа, осында менің қасымда бол!». Өзі үш күн бойы алаңға барып жүрді. Арада бір ай өткенде мені сабақ үстінен «үндеместің» адамдары келіп алып кетті. «Сен неге группаны бастап алаңға алып шықтың?». «Саған кім тапсырма берді?». Осылай сұрақтар қойыла бастады. Істің насырға шауып бара жатқанын түсіне қойдым да «Менің әйелімнің аяғы ауыр еді, шошып бірдеме болып қалмасын, хабарласып амандығымды білдірейін» деп телефон сұрадым. Берді. Қолма-қол папама жалғадым да «Папа мені «үндеместер» ұстап алды» деп айтып үлгердім. Қолымнан телефон тұтқасын жұлып алды. Үш сағаттан кейін папам шығарып алды.
– Тарихи пленумда сөз сөйлеймін деп ол кісі үйде дайындалды ма? Сөйлейтіні туралы сіздер білдіңіздер ме?
– Ешқайсымыз білмедік. Іштей біртүрлі ширығып жүрді. Қайын атам жазушы Молдахмет Қаназдың үйінде отырғам, ол кісі «Сайын, сенің әкең кеше көзсіз ерлік жасады. Колбиннің алдында шындықты жайып салды» деді. Арты не болар екен деп қорықтым. Үйге келіп шешеме айттым. Сөйтіп отырғанда папам өзі келді. Мінезі тік адам. Оның үстіне намыстан ширығып жүрген кезі. Ақырындап сұрадым. «Айттым, айтуға тиіс болдым» деді. «Егер дәл қазір бетін қайтармасақ, бізді «ұлтшылдыққа» әкеліп тірейді де, артын қуғын-сүргінге ұластырайын деп отыр» деді.
– Сафекеңнің билікте отырған адамдармен қарым-қатынасы қандай еді?
– Папам пендешіліктен алыс болды. Мысалы, туған баласы, КСРО-ның 10 дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Саян бір бөлмелі үйде тұрып жатты. Мен үйленіп екі баламен пәтер жалдап жүрдім. Шешей айтатын: «Сафуан, мына қаланың әкімі Заманбек Нұрқаділов сенің сөзіңді жерге тастамайды. Саян да, Сайын да баспанаға зәру болып қиналып жүр» десе, папам: «Бағдат, ұмытып қалдың ба, екеуіміз үш баламен қанша жыл пәтерде жүрдік. Оңай келген дүниеде қадір болмайды. Не тапса да, өз несібелері арқылы тапсын» дегенін естідім.
Туған інісі Есмағи ауылда қарапайым жұмысшы болды. Басқаға сөзі жүрмесе де, өзі туған ауыл, ауданға сөзі жүреді, інісіне кішігірім қызметтің тізгінін алып беруге шамасы болды. Оған папам барған жоқ. Өмірде ол кісі бір-ақ жолды ұстанды. Онысы әділдік, адалдық жолы болатын. Папамнан бізге қалған ең үлкен мирас осы.
Күнделікті қарапайым өмірде өте сәнді киініп жүргенді ұнататын. Көркемдікке құмар болды. Содан кейін машинаның жақсысын таңдап мінді. 80 жылдығын атап өтеміз деп жүргенде жалғыз ұлы Саян қайтыс болды. Содан, міне, 85 жылдығын атап өтуді жоспарлап жүргенде өзі дүниеден өтті. 1983 жылы әкесі Шаймерден атам дүние салғанда папам: «Мені өлгенде ауылыма әкеліп әкемнің жанына жерлейсіңдер» деп бізге өсиет айтып, өзіне орын қалдырып қойды. Өзінен бұрын інісі Есмағи дүниеден өтті. Оны әкесінің аяғына қойғызды. Одан Еркебұлан өтті. Оны Есмағидың аяғына жерлетті. Өзіне арнаған жер бос тұрды. Бірақ Саянның қазасынан кейін жағдай өзгерді. Саянды Кеңсайға жерледік. Ұлының жанынан өзіне және шешемізге арнап екі орын дайындатып еді, сол арадан соңғы тұрағын тапты.
– Ұлының қазасынан кейін өзгерген екен ғой?
– Саянның қазасынан кейін папам қатты күйзеліске түсті. Өмірден баз кешіп жатып қалды. Бірде барғанымда Шоқан Уәлихановтың «Ыстықкөл күнделігін» оқып отыр екен. «Шоқан жазыпты – деді: – Қарғыстың жаманы қырғыздарда екен. Олар жек көрген адамын «балаңның етін жегір» деп қарғайтын көрінеді, не деген сұмдық қарғыс» деп, басын шайқап отырды. «Саянымды алған тағдыр бізге бас-көз болсын деп сені қалдырған шығар» дегенді көп айтатын.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»