Биыл сәуірде ел аумағында бас-аяғы 31 415 нәресте дүниеге келсе, соның 2 407-сінің кіндігі елордада кесілді. Әрине, қолайлы орта, жағымды жағдай жасалған жерде адамзат баласы өсіп-өнеді. Бұл ретте астанада 2,5 мыңға жуық баланың шаңырақты шаттыққа бөлегеніне қарап, бас қалада бақуатты өмір сүру үшін барынша жағдай жасалғанын байқауға болады. Әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында медицина саласы дамудың даңғыл жолына түсті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамымыз дәрігер парызының ерекше мән-маңызына күн өткен сайын көз жеткізуде. Көптеген дарынды жас осы мамандықты игеруге ұмтылып жатыр. Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударады. Ұлт саулығы – Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты», деген болатын.
Рас, мемлекет денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесіне маңызды мән беріп келеді. Соның жарқын дәлелі ретінде бір ғана елорда аумағында бүгінде 47 медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымы мен стационар бар екенін айтуға болады. Онда медицина саласының 20 мыңға жуық білікті маманы еңбек етеді. Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шаһар аумағындағы мұндай ұйымдар қомақты қолдау шараларымен қамтылып, заманауи технологиялармен жарақтандырылып жатыр. Осылайша, елордада 38 медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымы амбулаторлық-емханалық көмек көрсетеді. Қалада азды-көпті 9 стационар жұмыс істеп тұр. Соның үшеуі – балалар (№1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы, №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы, №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы), төртеуі – көпбейінді ересектер стационарлары (№1 көпбейінді қалалық аурухана, №2 көпбейінді қалалық аурухана, №3 көпбейінді қалалық аурухана, көпбейінді медициналық орталығы), екеуі – бір бейінді стационарлар (қалалық фтизиопульмонология орталығы, Қалалық психикалық денсаулық орталығы).
Аталған ұйымдардың медициналық техникамен жабдықталуына ерекше көңіл бөлінеді. Себебі науқасқа медициналық көмек көрсету сапасы мекемені жарақтандыру мәселесімен тікелей байланысты. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық ұйымдарда қажетті техникамен жабдықтау көрсеткіші бүгінде 91,6%-ды құрап отыр. Мәселен, кейінгі жылдары 560 бірлік медициналық жабдық сатып алынды. Бұл жұмыс бекер жүріп жатқан жоқ. Бүгінде елорда тұрғындарының саны 1 млн 257 мың 613 адамға жетті. Қалалық медициналық мекемелерде 1 млн 313 мың 206 адам бекітілген. Шаһардағы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына Қазақстан азаматтары, қандастар, босқындар, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар бекітіледі. Яғни Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық ұйымдар тек ел азаматтары мен қала тұрғындарына ғана емес, басқа санаттағы адамдарға да қызмет көрсетеді.
20 мыңға жуық медицина қызметкері бар
Бүгінде ведомстволық бағынысты медициналық ұйымдарда барлығы 20 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Соның ішінде дәрігерлер саны 5 600-ден астам болса, орта медицина қызметкерлері 10 мыңға жуықтайды. Ал кіші медицина қызметкерлерінің саны 4 мыңға жетіп жығылады. Бұл ретте мамандардың үздіксіз кәсіби дамуы үшін де қолайлы жағдай жасалып жатыр. Бюджетте мамандардың біліктілігін арттыруға және оларды ел ішінде, шетелде қайта даярлауға қаражат көзделеді. Мәселен, 2020-2021 жылдары медициналық кадрларды (резиденттерді) даярлау үшін 293 мемлекеттік грантқа ақшалай қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта сол 293 грант арқылы 274 резидент білім алуда.
Орта медициналық қызметкерлерді даярлауға арналған 250 мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс орындарына қолдау көрсетілді. Соның ішінде емдеу ісіне арналған – 50, мейірбике ісіне бағдарланған 200 орын бар. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 2023 жылға дейін дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру көзделді. Мониторинг қорытындысы бойынша, дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 30%-ға артып, 327,4 мың теңгені құраса (барлық төлемдерді ескере отырып), орта медициналық персоналдың жалақысы 20%-ға (226,9 мың теңге) өсті.
Медициналық жоғары оқу орындарының мамандары мен түлектерін тарту жөнінде бекітілген іс-шаралар жоспары шеңберінде «Назарбаев Университетімен», Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Семей қалаларының медициналық университеттерімен, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестік жүргізіліп келеді. Медициналық ұйымдардың басшылары мен адам ресурстары жөніндегі мамандары жыл сайын еліміздің медициналық жоғары оқу орындарындағы «Бос орындар жәрмеңкесіне» қатысады. Пандемия кезінде бұл жұмыс онлайн режімде жүрді. Бос орындар ай сайын enbek.kz электронды еңбек биржасында және Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының сайтында орналастырылады. Осылайша, медицина саласы мамандарының тапшылығын жою мәселесі тұрақты бақылауға алынды.
Мамандардың тұрақты жұмыс істеуіне ықпал ететін басты факторлардың бірі тұрғын үй мәселесі саналады. Оны шешу үшін әкімдік жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй, жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға «Шаңырақ» бағдарламаларын іске асырып жатыр. Сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге құжат қабылдау рәсімі өткізілді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының Құрылыс басқармасы Алматы, Есіл аудандарында және Ильинка тұрғын алабында медицина қызметкерлеріне арналған үш жатақхана салу жөнінде жобаларды іске асыруда.
Буынды қалпына келтіретін бірегей гидрогель
Елордадағы медицина саласының даму қарқынын академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травмотология және ортопедия орталығының жұмысынан байқауға болады. Осы орталықтың дәрігерлері жуырда 64 жастағы науқастың тізе буындарына эндопротез орнатып, 20 жылдан бері мазалаған сырқаттан айықтырды. Құны шамамен 1 млн теңгеден асатын бұл операция пациентке МӘМС жүйесі арқылы тегін жасалды. Бұл операция аталған орталықтағы жалғыз жағымды жаңалық емес. Мәселен, биыл наурызда осы орталықта фибринді гидрогельді қолдану арқылы тізе буынының шеміршегін хирургиялық қалпына келтірудің жаңа әдістемесін клиникалық зерттеу жұмысы басталды. Жаңа әдістеменің негізгі әзірлеушісі – Ұлттық биотехнология орталығының дің жасушалары зертханасының меңгерушісі Вячеслав Огай. Оның айтуынша, модификацияланған фибрин гидрогелінен, пациенттің өз дің жасушаларынан тұруы гидрогельдің бірегейлігі саналады. «Соның нәтижесінде, зақымдалған шеміршектің қалпына келуі күшейіп, жеделдетіледі. Жаңа техника пациенттердің өмір сүру сапасына жақсы әсер етіп, мүгедектікті азайтады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде, тізе буынын эндопротездеуге мұқтаж адамдар саны азаяды», деді В.Огай.
Осылайша, елордалық дәрігерлер фибринді гидрогельдің клиникалық сынақтары аясында алғаш рет оң жақ тізе буынының артрозы бар 28 жастағы азаматқа қолұшын созды. Кейін 15 еріктіге операция жасалды. Клиникалық сынақтарға 25 пен 60 жас аралығындағы барлығы 80 ерікті қатысады. Олардың арасында буындарында жасына байланысты өзгерістері бар егде жастағы адамдар, сондай-ақ кәсіби жарақат алған жас спортшылар бар. Клиникалық зерттеулер халықаралық клиникалық зерттеулер стандартына (GCP) сәйкес жүргізіледі.
Тәжірибе алмасу – дамудың белгісі
Елорда төрінде науқастарға тек отандық дәрігерлер ғана қолұшын созады десек, ағат айтқан болар едік. Себебі ел астанасына алыс-жақын шетелден ат терлетіп келетін білікті мамандар да бар. Мәселен, өткен айда әлемге әйгілі балалар ортопеді Марк Эйдельман Нұр-Сұлтан қаласына арнайы келіп, профессор №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы базасында балалар арасындағы туа біткен жамбас буынының шығуына қатысты шеберлік сағатын өткізді. Тренинг аясында отандық және шетелдік дәрігерлер 12 операция жасады.
Ал ай басында осы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында Түркиядан келген уролог дәрігер, профессор Али Текин бастаған операциялық бригада 4 операция жасап, «Балалар урологиясындағы эндовидеохирургия» тақырыбында консультация мен дәріс өткізді. Оған бас қаланың және республиканың басқа өңірлерінен келген балалар урологтері қатысты. Мұндағы мақсат – отандық дәрігерлердің кәсіби шеберлігін арттырып, халықаралық медициналық қоғамдастықпен тәжірибе алмасу, балалар урологиясындағы жаңа технологияларды бейімдеу. «Біз мұнда өз тәжірибемізбен бөлісуге келдік. Жұмысымыз барлығына, соның ішінде, ең бастысы, кішкентай пациенттерге пайдасы тиеді деген ойдамыз», деді А.Текин.
Шеберлік сыныбы осы жылдың мамыр айында №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы мен Acıbadem (Аджибадем) International Ыстанбұл клиникасы арасында қол қойылған меморандум аясында өтті. Айта кету қажет, 2006 жылы осы ауруханада балалар уронефрологиялық бөлімшесі ашылған еді. Жыл сайын мұнда республиканың түкпір-түкпірінен келген 1500-ге жуық балаға көмек көрсетіледі. Аталған бөлімше «Астана» Медицина университеті» АҚ балалар хирургиясы мен балалар аурулары кафедрасының базаларының бірі болып есептеледі.
Жағымды жаңалық – жаңа нысан
Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында әлеуметтік нысандардың құрылысы жайлы айтып, елорда аумағында әлеуметтік нысандар құрылысының көлемі артып келе жатқанын жеткізді. «Елордамыз бен тұрғындарымыз үшін маңызды саналатын нысандардың құрылысына жеке инвестицияларды тартамыз. Қаланы аралау кезінде емхана мен емдеу-оңалту орталығынан құралған медициналық мекеме құрылысының барысымен таныстым. Мұның құрылысына жеке инвестициялар тартылды. Бұл медициналық орталықтың ерекшелігі – амбулаториялық және стационарлық көмектен бөлек, бойында түрлі аурулары бар адамдар үшін оңалту қызметтері де көрсетіледі. Осы мақсатта мұнда бассейн де салынды», деді А.Көлгінов.
Оның айтуынша, жаңа медициналық орталық тұрғындар саны көп саналатын Алматы ауданында (К.Әзірбаев және А.Бөлекпаев көшелерінің қиылысы) орналасқан. Медициналық орталықтың аумағы – 10 мың шаршы метр. Әр ауысымда 500-ден аса пациентті қабылдай алады. Аталған медициналық орталықты биыл ашу жоспарланып отыр. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медициналық орталықтардың «Үйдегі дәрігер» желісін кеңейту, медициналық мекемелерді қажет жабдықтармен толық қамтамасыз ету, күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр», деді шаһар басшысы.