• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 05 Шілде, 2022

Елорданың даму даңғылы

231 рет
көрсетілді

Сарыарқаның сайын даласына сап түзеп, салтанат құрған еңселі елордамыз – елдігіміздің символы. Көрікті көшелер, сәулелі сәулеттер, зәулім ғимараттар бас қаламыздың ажарын ашып, келбетін нұрландырып тұр. Есілдің жағасында орналасқан елордамызға өзіміз түгілі, шекараның ар жағындағы шетелдіктер де қызыға да, қызғана қарайтын күнге жеткеніміз жасырын емес.

Аз ғана уақыттың ішінде Нұр-Сұлтан қаласы шағын қалашық­тан Қазақстанның мойындалған елордасына дейінгі даму жолынан өтті. Бүгінгі таңда астанада еліміздің әкімшілік және іскерлік орталықтары орналасқан. Бұл жерде ауқымды экономикалық, ғылы­ми-техникалық және әлеу­меттік мәселелер шешіледі, құры­лыс индустриясы, өнім сала­ларын­дағы ірі жобалар іске асыры­ла­ды, қызмет көрсету саласы, ин­­женерлік және әлеуметтік инф­ра­құ­­рылым кеңейіп, жыл сайын жиырма мыңнан аса жұмыс орын­дары құрылады. Жаңа жұмыс орын­дарының шамамен 70%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі.

Қазіргі таңда елордамызда 1 млн 200 мыңнан аса адам тұрады. Бұл көрсеткішті 1998 жылмен салыстырсақ, халық саны 4 есе өскен. Осынау жылдар ішінде қаланың жалпы өңірлік өнімі 140-тан артық есе өсіп, 8,5 трлн теңгені құрады. Адам басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 7 млн теңгені құрайды. 1998 жылдан бастап өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 77 есеге, 20 млрд теңгеден 1,5 трлн теңгеге дейін өсті. Осы күнге дейін қала экономикасына 12 трлн теңгеден артық сомада инвестиция тартылды.

Нұр-Сұлтан қаласы – құрылыс секторында республика бойынша алдыңғылар қатарында. Құрылыс жұмыстарының көлемі 35 есеге артып, 636 млрд теңгені құрады, 1998-2021 жылдар кезеңінде 30 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үй берілді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жыл сайын өсуде. 2021 жылы олардың саны 163 мың бірлікті құраса, 2005 жылы 21 мың бірлікті құраған болатын.

Елорданы көшіру сәтінен бастап мемлекеттік бюджетке кіріс түсімдері 107 есе өсті, бұл дегеніміз – 14 млрд теңгеден 1,5 трлн теңгеге дейін. Осынау көрсеткіш халықтың жағдайына оң әсерін тигізді. Солай, орташа айлық 26 есеге өсіп, 345 мың теңгені құрады. Жұмыссыздық деңгейі 3 есеге қысқарып, 1998 жылғы 13%-бен салыстырғанда бүгінгі таңда 4,6%-ды құрайды.

Келешекте елорда еліміздің инновациялық даму орталығына, жаңарудың және цифрландыру шеңберінде болашақты құру үшін қажетті жаңа идеяларды ойдағыдай енгізудің мысалына айналады. Заманауи технологиялар жылдам өсіп жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, Нұр-Сұлтан – болашақтың қаласы, болашаққа дайын қала, жеке қауіпсіздік жоғары деңгейдегі серпінді мегаполис.

2022 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша, елорданың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң өсімді көрсетіп отыр. Мысалы, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 15,7%-ға өсіп, 175,8 мың бірлікті құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 15,4%-ға ұлғайды, бұл – 144,8 млрд теңге. Айта кететін жайт, жыл басынан бастап 897,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға артық. Сонымен қатар бөлшек тауар айналымының көлемі 540,9 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 10,4%-ға артты. Ал инвестиция көлемі 340,2 млрд теңгені немесе 2,7%-дық өсімді құрады. Өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,1%-ға ұлғайды.

Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегия­сы аясында елорданы дамыту­дың мынадай перспектива­лары айқындалды: Елорда экономи­касы­ның негізгі драйвері шағын және орта бизнес болады. «ЭКСПО» көрме кешенінің базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру елорданы дамыту үшін маңызды жоба болып табылады, өйткені ерекше құқықтық режім Нұр-Сұлтан қаласына бүкіл Еуразиялық макроөңір үшін қаржы хабына айналуға мүмкіндік береді. АХҚО-ны дамыту аралас салаларды дамытуға мультипликативтік әсер етеді, осы секторлардың айналасында қаржы орталығының туристері мен резиденттеріне қызмет көрсететін өнімді қызмет көрсету салалары – заң қызметтері, консалтинг, аудит, транзит және логистика, инжиниринг және дизайн, қонақжайлылық индус­триясы – қонақүйлер, мейрамханалар, дәмханалар пайда болады.

Қазақстандық капитал н­арық­тарына тікелей шетелдік инвес­тициялардың құйылуы, жаңа эко­номикалық тиімді жобаларды іске асыру және еңбек өнімділігінің өсуі есебінен жыл сайын орта есеппен 1%-ға ұлғаяды. Елорданың одан арғы даму перспективалары өсудің жаңа көздерін дамыту және көрсетілетін қызметтердің әртараптандырылған саласының базасында жұмыс орындарын құру жолымен теңгерімді эконо­микалық құрылымы бар қаланың Еуразияның іскерлік және қаржы орталығы ретінде жұмыс істеуін білдіреді.

Экономиканың орнықты да­муы­ның негізі – мемлекеттік сек­тор­мен байланысты емес кә­сіп­кер­лік. Бұл үшін ха­лық­ара­лық қаржы орталығымен қатар медицина, білім беру клас­тер­лерін, ақылды және қазіргі заманғы өндірістерді, креативті секторларды дамыту үшін ерекше аймақтар қалыптастырылады. Экономикадағы мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйым­дар­дың рөлі төмендейді. Салалар құры­лымында «Астана – жаңа қала» АЭА №1 және №2 индус­трия­лық паркі инфрақұрылымы базасында тамақ, химия, фармацевтика өнеркәсібінде, машина жасау мен құрылыс индустриясында жаңа жоғары технологиялық өндірістер ашылады.

Шағын айналма автожол салу, елорданың негізгі көлік артериялары мен көлік инфрақұрылымы объектілерінің өткізу қабілетін кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру көлік-логистика саласын дамытуға елеулі серпін береді. Өз кезегінде, тиімді жұмыс істейтін көлік-логистикалық жүйе Нұр-Сұлтан қаласының қолайлы географиялық жағдайын толық көлемде пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл сауданың қазіргі заманғы форматтарын дамытудың қолайлы факторына айналады.

Инвестициялық ахуалды жақ­сартуға және Нұр-Сұлтан қаласына инвестициялар тар­ту тетіктерін жетілдіруге экономи­каның басым секторлары ықпал етеді, олар сау­да және логистика, креативті сек­торлар, девелопмент, қазіргі за­ман­ғы өндіріс, мәдениет және спорт сияқты барынша жоға­ры нәт­иже береді. Нұр-Сұл­тан қа­ла­сын халықаралық ғылыми және мә­дени орталық ретінде жай­ғас­тыру туристік ағынды ұлғайтуға және орналастыру, қоғамдық тамақ­тандыру, ойын-сауық индустриясы объектілерін дамытуға ықпал етеді.

Сайып келгенде, осының бар­­лығы – азаматтың алаңсыз өмір сүруіне, қаланың дамуына, қана­тын кеңге жайып, басқа мем­лекет­термен бәсекелік қарым-қаты­насқа түсуі үшін жасалып жат­қан жұмыстар. Әлем көзін тік­кен шырайлы шаһарымыздың әлеу­меттік һәм экономикалық даму даң­ғы­лы әлі алда. Жүйелі жүр­­гі­зілген жұмыстардың нәти­жесін көретін уақыт та алыс емес.