• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Шілде, 2022

Аспалы көпір жөндеуді қажет етеді

535 рет
көрсетілді

Семейдің символына айналған аспалы көпір жөндеуді қажет етеді. Осыдан жиырма жыл бұрын пайдалануға берілген стратегиялық инфрақұрылымның әбден тозығы шықты. Бұл аралықта жергілікті мамандар қанша жерден көпірді күтіп ұстауға тырысқанымен бұдан мардымды нәтиже шықпаған.

Енді қала әкімдігі шетелдік ма­ман­дарды тартып, бір кездері шаһар­дың көркін келтірген бірегей ны­сан­ның бұрынғы келбетін қайта жаң­ғыртпақ ниетте. Осы мақсатта жа­пониялық ITOCHU Corporation және IHI Infrastructure System Co, Ltd ком­па­нияларымен тиісті келіссөздер жүр­гізіліпті. Күншығыс елінің мамандары көпірге мұқият сараптама жүргізуге қамданып отыр.

Семейдің сол және оң жағалауын жалғаған нысанды кезінде жапониялық IHI Corporation компаниясы салған еді. Осы жобаны іске асыруға түркиялық «Аларко Алсим» компаниясы да атса­лысқанын айта кеткен орынды. Көпір 2001 жылы пайдалануға берілген болатын. Оның пилондарының биік­тігі – 98,5 метр, ұзындығы – 1 086 метр (750 м – аспалы бөлігі) және ірге­лес жолдардың ұзындығы – 14,5 шақы­рым. Бес инфрақұрылымдық жол өтпесі, үш жерасты өткелі және көпір­дің астында демалыс аймағы қарас­тырылған. Аталған жобаны Қазақ­стан мен Жапония үкіметі бірлесіп қаржыландырған.

Көлік қозғалысына қарастырыл­ған мұндағы алты жолақ ескі көпірдің, рес­публикалық және халықаралық жолдардың, оның ішінде Ресейдің Омбы-Новосібір бағытындағы тас жо­лының жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Әйтсе де құрылыс аяқталысымен көпірге тиісті қызмет көрсетілмей, бұл жол жабындысы­ның айтарлықтай нашарлауына әкелді. Техникалық қызмет көрсетуге қа­жет­­ті қаражаттың бөлінбеуі, білік­ті мамандардың тапшылығы жол төсе­мінің бұзылуына, металл құрылым­дарының тат басуына, лифтілердің, сол секілді электр жабдықтары мен электр желілерінің тозуына әсер етті.

ITOCHU Corporation және IHI Infrastructure System Co, Ltd компа­нияларының мамандары орталық тас жолдың үстіңгі бөлігін кесуге да­йын екенін жеткізді. Көпірдің тұ­тастай жағдайын анықтау үшін алты түрлі учаскеде зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстың бұл түрі екі айдың ішінде аяқталады деп болжанып отыр. Сараптамаға алынған үлгілер Жапонияға тиісті зертханаға жіберіледі. Бұған қоса коррозия мен тозудың деңгейін анықтау үшін меха­никалық және химиялық тексеруге кабель үлгілері алынады. Оның нәтижелері шамамен екі ай ішінде дайын болады.

Компания өкілдері қажетті үлгі­лерді зертттеуге алу көпірдегі қозғалыс қауіпсіздігіне әсер етпейтінін айтты. Асфальт жабындысы мен кабельдің жағдайын тексеру жыл соңына дейін жүргізіледі. «Осыдан кейін ғана жұмыс көлемін және олардың күрделілігін анықтауға болады», деді күншығыс елінің өкілдері.

Тексеру нәтижелеріне сәйкес қоры­тынды беріліп, оның негізінде көпірді жөндеуге байланысты жобалық-сме­талық құжаттама әзірлеу жоспарланып отыр.

«Маңыздысы, мұны кім жобалайды? Егер де бұл шетелдік компания болса, онда жобаның жергілікті жағ­дайларға бейімделуін және жұмыс қорытындылары Қазақстанның заңна­масымен ықшамдалуын ескеру қажет. Отандық мамандардың қорытын­ды­сы міндетті түрде болуға тиіс», деді Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов.

Қаржыландыру мәселесі келесі жылдың аяғында немесе 2024 жылы шешілетіні белгілі болды. Бұдан соң жұмыстардың қай бөлігін жапония­лық тарап, қайсысын Қазақстан жағы қаржыландыратыны туралы шешім қабылданады.

Былтыр Жапония үкіметінің Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігі Семейдегі аспалы кө­пірді тиісті қалпына келтіруге байла­нысты техникалық-экономикалық негіздемеге қаражат бөлгендіктен тексеру жұмыстары тегін жүргізілмек. Бұл жапониялық компаниялардың осы бағыттағы басты ұстанымдарының бірі деп нақтылады әкімдік өкілдері.

 

СЕМЕЙ