Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Жаңақорған ауданындағы сапары аясында Сүттіқұдық ауылдық округінде, Жайылма елді мекенінде болып, тұрғындармен кездесті.
Сүттіқұдық – су тапшылығын тартып отырған ауылдық округтердің бірі. Қазір мұнда бюджеттен қаржы бөлініп, жаңадан 800 гектар суармалы жерді айналымға қосу жұмыстары жасалып жатыр. Сенатор жері шұрайлы Жаңақорғанда бау-бақша алқабын ұлғайту жайлы ойын айтып, тұрғындардың осыған байланысты пікірін тыңдады.
Елімізден бөлек сырт мемлекеттерге де қарбыз жөнелтіп жатқан жайылмалықтарға биыл күн райы қарасып-ақ тұр. Гектарынан 35-40 тонна өнім алған шаруалар алғашқыда 100 теңгеден өткізсе, қазіргі баға – 45 теңге төңірегінде. Олардан қарбызды осы бағада алған алыпсатарлар басқа өңірлерде 2-3 есеге қымбатқа саудалап отыр.
«Бұл «Кооперация туралы» заңның толық жұмыс істемей тұрғандығын көрсетеді. Өндірушінің өнімін тұтынушыға делдалсыз тікелей өткізгені екі жаққа да тиімді. Сонда белі бүгіліп бейнеттенбей-ақ дайын өнімді қымбаттатып отырғандардың жолы кесіледі. Базар бағасы да қалыпқа келеді. Жаңағы заңға сәйкес шағын шаруашылықтар бірігіп, мемлекет қолдауына сүйене алады», дейді сенатор.
Сенатор орта ғасыр жәдігері Сығанақ қалашығына барды. Тарихи шаһардың негізгі бөліктерін қалыпқа келтіріп, туризм орталығына айналдыру жөнінде пікірін білдірді. Сапар аясында ауданға қатысты өзге де проблемалық ұсыныстар талқыланды.
Қызылорда облысы