• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Шілде, 2022

20 мың гектар жайылым мемлекетке қайтарылды

287 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында мемлекет меншігіне 20 мың гектардан астам жайылымдық жер қайтарылды. Бұл туралы Қобда ауданында өткен Amanat партиясы жанындағы «Жер аманаты» комис­сиясының көшпелі отырысында айтылды.

Жиында Amanat пар­тия­сының хатшысы Дәулет Кәрі­бек: «Мемлекет басшысы жерді өзі де пайдаланбай­тын, өзгеге де бермейтін жер иеленушілер бар еке­нін бір­неше рет айтқан болатын. Осы мәселеде әділ­дікті қалпына келтіру – ко­миссияның бас­ты міндеті. Бұл бағытта ат­қарылған жұ­мыс нә­ти­жесі бойынша Ақ­төбе облысында мемлекет мен­шігіне 20 мың гектар жер қайтарылды. Жұмыс жалғасын табады», деді.

Атап айтқанда, Байғанин ­ауданында – 15 мың га, Хром­тау ауданында – 1,9 мың га, Қобда ауданында – 2,1 мың га, Әйтеке би ауданында – 149 га, Қарғалы ауданында – 876 га, Ақтөбе қаласында 370 га жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды.

Облыстық ауыл шаруа­­шы­лығы басқармасының мәлі­метіне сәйкес, өңірдегі барлық жайылымның жалпы көлемі ­25 млн гектарға жетеді. Олар­дың көпшілігі шалғай аудандарда орналасқан, ал жер учаске­лері негізінен елді мекендердің айналасында тапшы.

«Облыстың жеке қосалқы шаруашылықтарда 314,8 мың бас мал тіркелген. Оларды жаю үшін шамамен 105 мың гектар жетіспейді. Бұл мәселе, әсі­ресе, Алға, Мәртөк, Темір аудан­дарында және Ақтөбе қа­ла­сында өзекті. Қазірдің өзін­де жерді жөн-жосықсыз пай­даланғандардың тізімі 244-ке жетті. Материалдар құзыретті органдарға жолданды», деп мәлімдеді бас­қарма басшысы Исатай Еспағанбетов.

Еске сала кетейік, партия жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының мұ­­рындық болуымен соңғы бір­неше ай ішінде Қарағанды, Жам­был және Түркістан об­лыс­тарындағы 140 мың гектар­дан астам жайылымдық жер мем­лекет меншігіне қайта­рылды.