Таяуда әлеуметтік желілерде халықтың қантқа таласып жатқан видеосы тараған еді. Бұл – Семейдегі сауда орталықтарының бірінде орын алған жағдай. Қазір жергілікті дүкендерден аталған азық-түлік өнімін арзан бағаға табу қиын.
Шілденің шіліңгір күндері бақшасы бар азаматтардың жеміс-жидек өсіріп, тосап қайнататын уақыты саналады. Бұл мезгілде қанттың құны әдеттегіден екі есеге қымбаттайтынына халықтың еті үйренген. Әлбетте, бұған еріксіз көнетін әлеумет бар ақшасын жұмсап, маңызды тауарды әупірімдеп жүріп сатып алатын. Алайда биылғы жазда әдеттегі қымбатшылық жайына қалып, аталған өнімнің бағасы екі-үш есеге аспандап кетті. Содан болса керек, көпшіліктің уақыты шекерді арзанға сататын жерлерді аңдумен өтеді.
Айталық, жуырда Семейдегі супермаркеттердің бірінде қантқа кезекке тұрғандардың қатары көбейіп, ұзын-сонар кептелістің аяғы таласқа ұласқан. Мұны әлеуметтік мессенджерлерде тараған видеодан да байқауға болады. Келеңсіз жағдайдың орын алуына қанттың килосының 495 теңгеден сатылуы себеп. Ал жергілікті дүкендерде оның бағасы мың теңгеден бастап 1300 теңгеге дейін барып жатыр.
Видеода байқалғандай, бір адамға тек үш кило қанттан ғана беріліпті. Сол себепті аталған сауда орнына тұрғындар тұтастай отбасы мүшелерімен барған.
Қалалық әкімдік болған жайттан хабардар. Әкімдіктің ақпаратына сенсек, қантты жеткізудегі іркілістер өндіруші зауыттардағы логистикалық проблемалармен байланысты.
«Зауыттардың басшыларымен қантты қаланың көтерме сауда өкілдеріне дереу жеткізіп беру бойынша жұмыс жүргізілді. Қантқа қатысты жағдайды тұрақтандыру үшін келесідей шаралар қабылданады. 5 шілдеде «Ермакова» ЖК көтерме фирмасына (қант орталығы) қант тиелген вагон келіп, қажетті өнім қаладағы сауда кәсіпорындарына жеткізіледі. 20 шілдеге дейін тағы 3 вагон келеді деп күтіліп отыр. Семей қаласын қантпен қамтамасыз ету үшін өңірлік тұрақтандыру қорынан қосымша қант жеткізу туралы сұраныс жасалды», делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Жуырда Үкіметтің цифрлы кеңсесінде өткен жиында Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазақбаев республика көлемінде қанттың жалпы қоры маусымдағы ішкі тұтыну көрсеткішін (59 мың тонна) есепке алғанда, 101,4 мың тоннаны құрайтынын айтқан болатын. Демек министрліктің мәліметіне сәйкес нарық 171,4%-ға қамтылған.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов «үйдің жанындағы» дүкендердегі бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігін айтып, елімізді қантпен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берген еді.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, қант қоры 100 мың тоннадан асады. Ал бір айлық тұтыну көлемі – 59 мың тонна. Бұл жеткілікті көлем. Десе де «үйдің жанында» орналасқан жекелеген дүкендерде қант 700-800 теңгеден сатылады. Бұл қолдан жасалған сұранысты пайдаланып, экстра-маржаны табуды көздеген жеке тұлғалардың заңсыз қызметінің нәтижесінде орын алады. Тұтастай, қанттың орташа бағасы шамамен 480-490 теңге болуға тиіс», деген болатын Ә.Смайылов.
Бәрін айт та, бірін айт. Жекелеген дүкендерді қайдам, мысалы Семейдегі көтерме және бөлшек сауда орындарының өзінде қант бағасы 700-800 теңгенің аралығында сатылып жатыр.
СЕМЕЙ