• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Шілде, 2022

Қастандықтан қаза тапты

116 рет
көрсетілді

Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэге жұма күні қастандық жасалды. Нара қаласындағы митинг кезінде белгісіз біреу екі рет оқ атқан. Алған жарақатынан Абэ мырза көп ұзамай қаза тапты. Ел басқарудан кетсе де, жапон халқының әлі күнге дейін саясаткерге деген құрметі зор. Әсіресе Синдзо Абэ ел экономикасын айтарлықтай дамытқан тұлға ретінде ел аузында көп айтылады.

Келесі аптада Жапония пар­ла­менті­нің жоғарғы палатасын сай­лау өтеді. Синдзо Абэ осы сайлау алды науқанға атсалысу үшін Жапо­нияның оңтүстігіндегі Нара қа­ласында ұйымдастырылған ми­тингке қатысқан. Ол халықты өз пар­тиясының кандидатын қолдау­ға шақырып, сөз сөйлеп тұрған кезінде қаскөй шабуыл жасаған.

«Ол сөйлеп жатыр еді, артқы жақтан бір адам атып шықты. Ке­неттен оқ атты. Бірінші атыл­ған­ оқтың дыбысы ойыншық мыл­тық­тың үніне ұқсаған секілді бол­ды. Абэ құлаған жоқ, қат­ты дыбыс естілді. Екінші оқтан жар­қыл көрінді, одан соң түтін...», деп оқиғаны баяндайды Франс пресс тілшісі жапондық NHK те­леарнасына сілтеме жасап. Оқиға орнынан түсірілген фото­сурет­тер­ден оның ақ көйлегіндегі қан дақ­тарымен жерде жатқанын көруге болады. Бұрынғы премьер-министрді жедел жәрдеммен жақын маңдағы ауруханаға жет­кіз­ген. Жергілікті уақыт бойын­ша 17:03-те Синдзо Абэ алған жа­рақаттарынан ауруханада көз жұмды. Абэні аман алып қалуға тырысқан дәрігерлер төрт жарым сағат бойы оның өмірі үшін күрескенін айтады. Оған өте көп мөлшерде донорлық қан құйылған. Билік оқтың бірі мойынның оң жағына тигенін және Абэнің кеуде тұсынан қан кеткенін растады.

Күдікті 41 жастағы Тецуя Яма­гамиді полиция оқиға орнында ұс­тап, қаруын тәркілеген. Ол еш­қан­дай қарсылық көрсетпеген. Жергілікті ақпарат құралдары­ның хабарлауынша, Тецуя бұрын Жапонияның теңіздегі өзін-өзі қор­ғау күштерінің құрамында бол­ған. Жұма күнгі баспасөз мәсли­хатында полиция қарулы адам­ның Абэмен байланысы бар деп есептейтін «бір топ адамға» өш­пен­ділік танытқанын мәлімдеді.

Елдің Қорғаныс министрі Нобуо Киши бұрынғы премьер-ми­нистрге жасалған шабуыл­ды кешірілмес күнә деп атап өтті. Жапо­ния үкіметінің бас хатшысы Хи­роказу Мацуно «бұл мүлдем ке­шірілмейтін айуандық әрекет» деді. «Бұл қаруға иелік ету қатаң шек­телген және саяси зорлық-зом­былық жоқ елдің халқы үшін ауыр оқиға болды, елді есеңгіре­тіп тас­тады», дейді «Би-Би-Си» ақпа­рат агенттігінің Токиода­ғы тіл­шісі. Ел­дің қазіргі премьер-ми­­нистрі Фумио Кишида бол­са іс­са­­парынан оралып, бар­лық м­и­нистрге Токиоға келуді бұйырған.

Жапонияда мылтықпен зор­лық-зомбылық көрсету өте сирек кез­деседі. Мұнда тапан­ша иелену мүмкін емес, саяси шабуылдар да жоқ­тың қасы. Әлемдік БАҚ-тың мә­ліметіне сүйенсек, Синдзо Абэнің қасында арнайы қызметтің күзетшілері болған. Дегенмен оқ атқан адам­ның оған бірнеше метр қашықтыққа жақындауына еш­қандай кедергі келтіре алмаған.

Синдзо Абэ елдің премьер-министр лауазымына екі рет та­ғайындалды. Ол –Жапония үкі­метінің өзге басшыларына қара­ғанда бұл қызметті ең ұзақ уа­қыт атқарған тұлға. Абэ мырза 2020 жылы денсаулығына байла­ныс­ты отставкаға кетті. Reuters агент­тігінің мәліметіне сай, ол билеуші ​​​​Либералдық-демократиялық пар­тияның ықпалды тұлғасы са­налады және партиядағы негізгі фрак­циялардың бірін бақылаған.

Синдзо Абэ – Жапонияның бұрынғы сыртқы істер министрі­нің ұлы және бұрынғы премьер-ми­нистрдің немересі. Үкімет басына 2006 жылы келіп, Жапо­нияның соғыстан кейінгі тари­хындағы ең жас премьер-министр атанды. Абэ үкімет тізгінін ұс­таған бас­тап­қы кезең оның пар­тиясы үшін жан­жалдар мен саяси мәселе­лер­ге толы болды. Бір жыл­дан кейін ол отставкаға кетті. Әйт­се де 2012 жылы Синдзо Абэ үкімет басшылығына қайта таға­йын­далды. Бұл қызметті 2020 жылға дейін үлкен абыроймен атқарған.

Синдзо Абэ билігі кезінде Фуку­сима апатының салдарымен күресіп, Дональд Трамппен ты­ғыз қарым-қатынас орнатып, Вла­димир Путинмен Курил арал­дары туралы келіссөздер жүр­гізуге тырысқан. Негізі, Курил арал­дары әу баста Жапонияға тиесілі болатын. Осы аралдарды қайтарып алу мақсатымен С.Абэ Ресей президенті Владимир Путин­мен 27 рет кездесті. 2019 жылы Кремльдегі кездесуден кейін Абэ мен Путин 1956 жылғы декларацияға негіз­дел­ген елдер арасындағы бейбіт келісімді талқылауға дайын екен­ді­гін мәлімдеді. Осыдан кейін 2019 жылы тағы бірнеше келіссөз өтті. 2020 жылы жапондық БАҚ Абэнің Мәскеудегі Жеңіс ше­руі­не бара­тынын жариялады. Бірақ пан­демияға байланысты бұл жоспар орындалмады. Биылғы мамырда The Economist басылымына берген сұхбатында Синдзо Абэ оңтүстік Курил аралдарын Жапонияға беру мәселесінде алға ілгерілеу бар екенін, Владимир Путиннің кездесуге дайын екенін айтқан болатын. Бірақ бұл мақсатына жете алмады.

Синдзо Абэ сондай-ақ ха­лық­­ара­лық саясатқа қатысты көз­қара­сы, елдің бұрыннан қа­лыптасқан антимилитаристік кө­ңіл күйіне қайшы келетіні және «Абеномикс» деп аталатын эконо­миканы қал­пына келтірудің батыл стратегиясы арқылы танымал. Консервативтік ұлтшылдықты жақтаушы Абэ екі жалпы сайлау­да жеңіске жеткен Жапонияның Либералдық-демо­кра­тиялық партиясын (LDP) басқарды.

Синдзо Абэнің кезінде Қы­тай және Оңтүстік Кореямен дип­ломатиялық қарым-қаты­нас­­тарын­да түсініспеушілік туын­­дады. Атап айтқанда, 2013 жыл­­дан бері көр­шілес елдерде жапон милитаризмінің символы сана­латын Токиодағы Ясукуни храмы­на тұрақты түрде барып тұ­ратыны шетелдік әріптестерінің шымбайына батты. Нысан екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қаза тапқан жапондықтарды, соның ішінде өлім жазасына кесілген әскери қылмыскерлерді еске алуға арналған. Жапонияның солшыл демократиялық фракциялары да Абэнің осы ғибадатханаға баруын ел тарихын ақтау және жапондық әскерилердің көршілеріне жаса­ған сұмдық қылмыстарын ұмыту әрекеті ретінде қарастырып, нара­зылықтарын білдірген еді.

2015 жылы Синдзо Абэ ұжым­дық өзін-өзі қорғау туралы заң­ның қабылдануына қол жеткіз­ді. Құжат­қа сәйкес, Жапония би­лігі Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін алғаш рет Жапония­ны немесе шабуылға ұшыраған дос елдерді қорғау мақсатында шетелдегі со­ғыс қимылдарына қатысуға өзін-өзі қорғау күште­рін жібере алады. Көп­шіліктің қарсылығына қара­мастан, жапон парламенті бұл заңды қабылдады.

Осылайша, Синдзо Абэ жал­пы­ға жаққанымен, жалқыға жақ­пай 67 жасында оққа ұшып мерт болды.