Суицид жасау бойынша Қазақстан әлем елдерінің арасында 20-шы орында тұр. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы бүгінгі күні қоғамдағы ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Бұл мәселенің алдын алу үшін отандық ғалымдар елде психологиялық қолдау қызметін дамыту қажет екенін алға тартады. Ал құзырлы органдар мен сарапшылар мәселенің шешімін қалай қарастырады? Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында осындай сұрақтар талқыға салынды.
Маман тапшы ма?
Жиын барысындағы сөзінде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева аталған мәселе алдын алу шаралары кешенін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін іздеуді, сондай-ақ уәкілетті органдардың балалар суицидінің алдын алуға бағытталған іс-қимылдарындағы проблемалы бағыттарды анықтауды және шешуді талап ететінін атап өтті. Осы орайда отырысқа қатысқан құқық қорғау органдарының өкілдері мен сарапшылар кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу шараларын нығайтатын бірнеше ұсыныс жасады.
Көптеген сарапшының пікірінше, суицидтің өсуіне психологтердің, тәуекел тобындағы балалармен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігі мен дайындық деңгейінің жеткіліксіздігі ықпал етеді. Бас Прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев елдегі психологтердің жағдайына тоқталды.
«2021 жылы Ақмола облысында тәуекел тобындағы кәмелетке толмаған 5 бала өзіне қол жұмсаған. Педагог-психологтер қайтыс болған балаларға қатысты диагностикалық және кеңес беру шараларын қабылдамаған. Ал Батыс Қазақстан облысында өгей әкесінен зорлық көрген бойжеткен 2021 жылдың сәуір айында өзіне қол жұмсамақ болған. Ол да психологтердің бақылауына алынбаған, қажетті жұмыс жүргізілмеген. Салдарынан бала тура бір жылдан кейін – 2022 жылдың сәуірінде екінші рет өз-өзіне қол жұмсау әрекетін жасады. Басқа облыстарда да осындай мысалдар жетерлік.
Бұл ретте психологтердің үлкен жүктемесін атап өтпеу мүмкін емес. Елімізде бір психологке орта есеппен 700-ге жуық баладан келеді. Кейбір мектептерде бір психологке жүктеме 1500 баладан немесе одан да көп. Мәселен, Алматы қаласындағы №157 мектепте 5600 оқушы оқитын 100 сынып бар. Бүкіл мектепте тек 2 психолог жұмыс істейді. Бұл әрине жеткіліксіз. Үкімет білім беру ұйымдары қызметкерлерінің Үлгілік штатын бекіткені белгілі. Онда 30 сыныптан аз мектептерде 1 психолог, ал 30-дан астам сынып бар мектептерде (сыныпта 30-40 оқушыдан) ең көбі 2 психолог болуы мүмкін делінген. Біз бұл стандарттарды қайта қарау қажет деп санаймыз», деді Ж.Өмірәлиев.
Сонымен қатар Бас Прокурордың орынбасары көбіне психологтер міндетін біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін адамдар атқаратынын баса айтты. Мәселен, Семей қаласындағы №25 мектеп пен Приреченск мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі психолог болып жұмыс істеген.
«Балалармен жұмыс көп жағдайда үлгілік жүйе бойынша жүзеге асырылады, әр балаға жеке көзқарас қолданылмайды. Көптеген мектеп психологтерінде оқушылармен жеке түзету жұмыстарын жүргізуге жағдай жасалмаған. Кабинеттер, материалдық-техникалық база жоқ. Мұның бәрі балалардың психологтерге сенімін төмендетеді. Біздің ойымызша, жыл сайын қомақты қаржы бөлінетін психолог мамандарының біліктілігін арттыру мәселесіне үлкен мән беру керек. Мәселен, Bilim Foundation қорының кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыруға 1,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Үкіметтің мәліметінше, бағдарламаны іске асырудың тиімділігі 55,2%-ды құрады. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында «тәуекел» тобына жататын 43 мыңға жуық жасөспірім анықталды.
Бірақ осы санаттағы адамдармен жұмыс істеуде қолданылатын әдістердің тиімділігіне мониторинг жүргізілмейді. Психологтердің дайындығы жеткіліксіз екені туралы дерек те бар. Мәселен, Қызылорда облысы прокуратурасының тапсырмасы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеру жүргізіп, 2017 жылы 5 272 мұғалімнің оқудан өтпегені анықталды. Олардың білім алуына 5 миллион теңгеден астам қаражат қоғамдық қорға аударылды», деді Ж.Өмірәлиев.
Сондай-ақ ол кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың жұмысына да көңілі толмайтынын айтты. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында Комиссияның 2020 жылға бекітілген жұмыс жоспары толық орындалмаған. Ал 2021 жылға мүлдем әзірленбеген.
«Сол сияқты Алматы, Маңғыстау, Атырау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында 2021 жылға жоспар болмаған. Барлық өңірде комиссиялардың құрамы уақтылы жаңартылмайды, олар осы аймақта жұмыс істемейтін адамдардан да тұрады. Сонымен қатар 2021 жылы мектеп инспекторлары институты жойылып, қазір мектептерде кезекшілік жоқ екені белгілі. Жұмыс аймақтық негізде жүргізіледі. Уәкілетті органдардың дұрыс жұмыс істемеуі балалардың өз қиындықтарымен бетпе-бет қалуына және проблемаларды шешудің жолын таппай қиналуына себеп болады. Көбіне олар өз сұрақтарына интернеттен жауап іздейді.
Уәкілетті органдар жыл сайын заңсыз мазмұндағы, оның ішінде суицидтік бағыттағы парақшалар мен сайттарды анықтап, бұғаттайды. Тек жыл басынан бері 1160 сайт анықталып, жабылған. Бұл бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру қажет. Айта кету керек, бұған дейін Бас прокуратура осыған қатысты Үкімет пен уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныс енгізген болатын. Олардың кейбіреулері ішінара жүзеге асырылды. Мәселен, бұрын психологтер әр аймақтың әкімдіктері бекітетін ережелер негізінде жұмыс істегендіктен, мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмыс істеуінің бірыңғай ережелерін қабылдау қажеттігі ұсынылды.
Оқу-ағарту министрлігіне Ережені әзірлеуді жеделдетіп, сондай-ақ психологтердің қызметін тиісті дәрежеде реттеп, олардың құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін, соның ішінде зорлық-зомбылық құрбандарын, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды анықтау міндетін белгілеу қажет деп санаймыз. Сондай-ақ педагогтерге, психологтерге, тәрбиешілер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне, оқушылардың ата-аналарына интернетте таралатын теріс ақпараттың әсерінен көрінетін кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын ерте анықтау және әсер ету әдістемесін немесе іс-әрекет алгоритмін әзірлеу тиімді болар еді. «Психология» және «Отбасы психологиясы» мамандықтары бойынша «бакалавриат» немесе «магистр» дәрежесін бере отырып, мамандар даярлауға арналған білім беру гранттарының санын көбейту қажет. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының рейтингін сақтау үшін психологтердің балаларды есепке алмауына ықпал ететін ережелерді қайта қарауды талап етеміз», деді Ж.Өмірәлиев.
Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес 2021 жылы кәмелетке толмағандар арасында өзіне қол жұмсау және суицидке оқталу 21,5%-ға өскен. Осы жылдың 6 айында кәмелетке толмағандар арасында суицид 38,1%-ға және суицидке оқталу 5,7%-ға азайған. Құрылымдық талдау көрсеткендей, суицидке бейім келетін кезең – 13-17 жас аралығы. Балалар көбіне дәл осы жаста өз-өзіне қол жұмсайды. Әсіресе өзіне қол жұмсауды мектеп оқушылары жасайды. Суицидке барғандардың 70 пайыздан астамы толық отбасында тәрбиеленген. Әсіресе мұндай фактілер ауылдық жерлерде жиі кездеседі.
Зорлық-зомбылық салдары...
Ішкі істер министрлігі балалардың өзіне қол жұмсауының әр фактісін жеке трагедия ретінде қарастырады. Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов келтірген деректерге сүйенсек, биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша елімізде кәмелетке толмағандар арасында суицидтен 64 жасөспірім қайтыс болып, 155-і өзіне түрлі зақым келтірген.
«Әрбір осындай факті бойынша ішкі істер органдары балаларды өзіне қол жұмсауға итермелеген себептерді және оған қатысы бар адамдарды анықтау тұрғысынан сотқа дейінгі тергеу-тексеру жүргізеді. Кәмелетке толмағандарды өзіне қол жұмсауға жеткізу фактілерін тергеу сапасын арттыру үшін жаңа тәсілдер мен әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Қазіргі таңда тергеушілер тергеу әрекеттерінің негізгі кешенінен басқа, оқиға болған жерді тексеру, оқиғаның мән-жайын анықтау, баланың жеке басын, оның өмірлік белсенділігін, қарым-қатынас шеңбері мен мүдделерін қосымша зерттейді. Жеке гаджеттер, компьютерлік техника тексеріледі, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қарым-қатынас шеңбері зерттеледі. Сот компьютерлік-техникалық сараптамалар тағайындайды.
Бұдан басқа, баланың психикалық жай-күйі және суицидтік мінез-құлықтың даму себептері туралы мәселелерді шешу үшін кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптама, оның ішінде қайтыс болғаннан кейінгі сараптама жүргізіледі. Алынған өлім туралы жазбаларға сәйкес оны жазу кезінде авторлықты және психологиялық және эмоционалды жағдайды анықтау үшін сот-қолжазба сараптамалары тағайындалады. 14 жасқа толмаған кәмелетке толмаған адамның қатысуымен болған барлық тергеу әрекеттеріне міндетті түрде психолог тартылады. Көрсетілген жастан жоғары мұндай мамандарды шақырту тергеушінің қалауы бойынша жүзеге асырылады. Біз іс жүргізудегі барлық осындай қылмыстық істер бойынша психологтерді міндетті түрде тартуға тапсырма бердік», деді А.Арыстанов.
Спикер өз сөзінде тергеу барысында анықталған мәліметтермен бөлісті. Соған сәйкес балалар суицидінің негізгі себептері мыналар. Отбасында ата-аналарымен, туыстарымен жанжал – 13 (6,2%), жалғыздық сезімі – 5 (2,4%), оқу орнындағы жанжал – 6 (2,9%), жақын адамын жоғалтуы – 1 (0,5%), өзге де – 150 (жауапсыз махаббат, нашар үлгерім, ауру) оқиға тіркелген. Ал 34 (16,3%) жағдайда суицид себептері анықталмаған. Бірақ құқық қорғаушылар бұл әрекеттер қылмыстық жазаланатын әрекет белгісі емес, отбасылық және жеке қарым-қатынастың әлеуметтік-психологиялық аспектісіне ие екенін айтады. Тергеу нәтижелері бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелген қылмыстық істердің 89 пайызы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған.
Осы орайда Ұлттық комиссияның мүшесі, адвокат, құқық қорғаушы, AU онлайн-құқықтық мектебінің негізін қалаушы Айман Омарова Ішкі істер министрлігінің осы мәселедегі атқарып жатқан жұмысына сын айтты. Оның пікіріне сүйенсек, құқық қорғау органдары жасөспірімдерді қылмыстық тұрғыдан тергеп, қажетті психолог маманның қызметін дұрыс бағытта қолдана алмай отыр.
«Бұл тұрғыдан алғанда жай ғана психологтің көмегі мен қызметі жарамайды, жеткіліксіз. Нағыз сот психологтері қажет», дейді ол. Сондай-ақ Айман Омарова бастауыш сыныптардан бастап балалар үшін «Менің қауіпсіздігім» пәнін, ал ата-аналар мен мұғалімдер үшін арнайы бағдарламалар енгізуді ұсынды.
«Біріншіден, өзіне қол жұмсауды басқа қырынан қарауымыз керек. Әйтпесе, балалардың суицидінің өсуін төмендетуге бағытталған барлық шара оң нәтижеге әкелмейді. Ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық мәселелерімен айналыса отырып, өзіне қол жұмсау зорлық-зомбылықтың салдары деген қорытындыға келдім. Осыған байланысты өзіне қол жұмсауды зорлық-зомбылықтан бөліп қарауға болмайды. Бұл мәселеге жүйелі, стратегиялық көзқараспен келуіміз қажет. Зорлық-зомбылық көбінесе оқу орындары мен үйлерде көп жасалады.
Сондықтан оқу орындарында, ата-аналармен жұмыс істеу керек. Қалай? Ақпараттық-құқықтық көмек көрсету және балалардың «жедел желілерін» құру қажет. Мұнда бастауыш мектептен бастап балаларға, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған «Менің қауіпсіздігім» сияқты пәнді енгізуге болады. Теледидарда жыныстық зорлық-зомбылыққа, қорқытуға және басқа да құбылыстарға көз жұмуға болмайтынын насихаттап қана қоймай, мұндай жағдайда не істеу керек екенін де айтуымыз қажет.
Іс-шаралар жан-жақты, жүйелі, тиімді және нақты нәтижелерге бағытталған болуы керек. Әрбір бала, әрбір ата-ана және мұғалім зорлық-зомбылық көріністері (соның ішінде психологиялық, эмоционалдық, қорлау, киберқорқыту және басқа да зорлық-зомбылық түрлері), сондай-ақ жасырыну және басқа да теріс қылықтар үшін жауапкершілікті білуі мен сезінуі керек. Баланы бүкіл проблемамен бетпе-бет қалдыруға болмайды», деді А.Омарова.
Психология институтын құру қажет
Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және барлық стейкхолдерлердің проблемаларды шешудегі күш-жігерін біріктіруді ұсынды. «Министрлік әлеуметтік желілердің ашық жарияланымдарында депрессияның белгілерін анықтайтын жасанды интеллектіні пайдаланатын пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр», деп атап өтті Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар қазірде аутодеструктивті мінез-құлық белгілері бар балаларды анықтау және оларға көмек көрсету үшін білім беру жүйесінде 8 мыңнан астам педагог-психолог және 4 мыңнан аса әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Мектеп психологтерінің қызметін оңтайландыру үшін министрлік ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімін ескере отырып, білім алушының жағдайын психологиялық-педагогикалық диагностикалауды көздейтін білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет ережелері жобасын әзірлеуге кіріскен. Аталған іс-шаралар COVID-19 пандемиясы кезеңінде тіркелген балалар суицидтерінің өсуін тоқтатуға және қысқартуға мүмкіндік берген. Алғаш рет балалардың құқықтары мен мүдделеріне жүйелі мониторинг жүргізуге жол ашқан, соның ішінде психологиялық әл-ауқатты қамтитын Балалардың хал-ахуал индексі қабылданған. 61 жоғары оқу орны «Педагог-психолог», «Психолог» мамандықтары бойынша маман даяр- лайды. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында психологиялық қызмет зертханасы құрылған.
«Жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, бұл жалғаса береді. Бірақ нәтижелерді жақсарту үшін ғылыми тәсілді толықтай енгізу қажет. Мәселен, емханаларда ата-аналардың бақылауымен жасөспірімдерге міндетті скрининг (15 жас) жасайтын диагностикалық және психотерапиялық қызмет көрсететін медициналық кабинеттер желісін кеңейту қажет. Өзіне қол жұмсау қаупі бар балаларға көмек көрсетуді білікті медициналық мамандар – психиатрлар мен суицидологтер ғана жүзеге асыруы тиіс екенін нақты белгілеу қажет.
Сонымен қатар өзін өлтіру жағдайларын БАҚ пен әлеуметтік желілерде жариялауда жауапкершілік мәселесін шешу қажет. Өскелең ұрпақтың депрессиялық көңіл күйін анықтау бойынша әлеуметтік желілердегі жұмысты күшейту қажет. Осы мақсатта Ғылым комитетінің гранты аясында министрлік әлеуметтік желілердің ашық жарияланымдарындағы депрессия белгілерін анықтауда жасанды интеллектіні қолданатын пилоттық жобаны іске қосуы керек. Сондай-ақ ЭЫДҰ жетекші институттары үлгісінде Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан жеке Психология институтын құру туралы мәселені қарастыру қажет деп санаймыз», деді Ғани Бейсембаев.
Сарапшылар елімізде балалардың қиын өмірлік және отбасылық проблемаларға төтеп бере алмайтын стрестік жағдайларға дайын емес екенін айтады. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша өзіне қол жұмсаған балалардың 69 пайызы (144 жағдай) толық отбасында тәрбиеленген. Шын мәнінде, кәмелетке толмағандар өзіне қол жұмсауға бейім, өйткені проблемаларын шешуде қолдаушысыз қалатынын айтады сарапшылар. Ғалым, еңбек құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Нұрашева алдымен ата-аналар балалардың тәрбиесіне жауапты болуы қажет дейді. Осы орайда күнделікті уақытының көп бөлігін жұмыста өткізетін ата-аналардың балалары қараусыз қалып, өздерімен өздері өмір сүріп жатқанын алға тартып, жұмыс уақытын қысқартуды ұсынды.
«Мен 8 сағаттық жұмыс кестесін қысқарту қажет деп санаймын. Қазір Қазақстанда ата-аналардың көбі 12-14 сағаттан жұмыс істейді. Сондықтан балаларына уақыт таба алмай, тәрбиесіне көңіл бөлмейді. Егер жұмыс уақытын 5 сағатқа дейін қысқартсақ, балаларға уақыт табылар еді. Суицид мәселесі де шешілер еді. Пандемия кезінде бәріміз үйде отырып жұмыс істеп, бәріне үлгердік. Жұмыс та орындалды, үйдің тірлігі де бітті, балаларға да уақыт табылды», деді Б.Нұрашева.
Ата-аналарға балалармен сенімді қарым-қатынас орнату қажеттігін жеткізу, баланың депрессияға ұшырауының немесе қиын өмірлік жағдайдың алғашқы белгілері туралы хабарлау ерекше маңызды. Сарапшылардың айтуынша, тек ата-ананың назары, қолдауы және қамқорлығы балалардың психологиялық әл-ауқатын жақсартуға, дағдарыстық жағдайдан шығуға көмектеседі.
Сондай-ақ спикерлер диагностикалық және психотерапиялық қызметтер көрсететін медициналық кабинеттер желісін кеңейтуді, жергілікті атқарушы органдарға білім беру ұйымдарының қызметін бағалаудың критерийлерін психологтердің тиімді қызметіне әсер ететіндей етіп қайта қарауды ұсынды. Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алғаш рет Баланы қудалаудың (буллингтің) алдын алу қағидалары әзірленіп, интернет желісіндегі заңсыз контентке қарсы іс-қимыл жөніндегі нормалар енгізілгені атап өтілді. Балалар амандығының индексі қабылданды. Бұл балалардың құқықтары мен мүдделеріне, оның ішінде психологиялық саулығына жүйелі мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Отырыс соңында Ұлттық комиссия төрайымы Аида Балаева өңірлік құзырлы органдардың бұл мәселеге құлықсыз екенін атап өтіп, ескерту жасады. Осы орайда, мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.
«Толық емес және көпбалалы отбасындағы балаларды әлеуметтік тұрғыда мектеп болып, қоғам болып қолдау қажет. Түрлі үйірмелерге қатысуды қамтамасыз ету – ең алдымен білім беру ұйымдарының, жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті. Мектеп психологтерінің қызметін оңтайландыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігінің дайындап жатқан психологиялық қызмет ережелерін талқылау жұмысына ата-аналар қауымдастығын кеңінен тарту қажет», деді А.Балаева.