Ұлыбританияның астанасы – Лондонда теннисшілердің Уимблдон турнирі аяқталды. Көпшілік тағатсыздана күткен әйелдер арасындағы финалдық сайыс сенбі күні кешкісін өтті. Бұған дейін швециялық Мирьям Бьерклунд, польшалық Катажина Кава, франциялық Диан Парри, бельгиялық Элиса Мертенс, чехиялық Мари Боузкова және германиялық Татьяна Марияны жолынан ығыстырған әлемнің екінші ракеткасы, тунистік Онс Жабер ақтық айқасқа бес қаруын асынып келді. Десек те біздің Елена Рыбакина да бас жүлдені олжалау үшін барымды саламын деп, кортқа ерекше құлшыныспен шықты.
Бірінші сетте жерлесіміз бойындағы толқынысын баса алмады ма, әйтеуір қарсыласына тізгінді беріп қойып, 3:6 есебімен ұтылды. Үзілістен кейін біз мүлде басқа Рыбакинаны көрдік. Ол барлық компонент бойынша Жаберден басым болды. Бағыттаған соққыларының денін діттеген жеріне дөп түсіріп, ұпай санын еселеді. Екінші сет 6:2 есебімен Еленаның пайдасына шешілді. Үшінші кезеңде бір брейкпен қазақстандық теннисші алда келе жатты. Есеп 3:2-ге жеткенде Рыбакина сәл босаңсыды. Алтыншы геймде біздің спортшы допты ойынға қосты. Сол кезде Онс 40:0 есебімен алға шықты. Енді бір рет дәлдік танытса, таразы басы теңесетін еді. Бірақ дер кезінде еңсесін тіктеген Елена ұпай санын теңестіріп қана қоймай, есеп айырмашылығын одан әрі ұзартты. Ойын дәл осылай өрбиді деп күтпесе керек, енді Жабер жиі қателесе бастады. Рыбакинаға да керегі сол еді. Ол қалған сеттердің барлығында басым түсті. Нәтижесінде, 1 сағат 49 минутқа созылған бәсеке 3:6, 6:2, 6:2 есебімен аяқталып, Елена Рыбакина ең беделді Уимблдон додасының жеңімпазы атанды.
Бұл – Қазақстан теннисі үшін тарихи жеңіс! Олай деуге негіз, осы спорт түрін серік еткен бірде-бір жерлесіміз күні бүгінге дейін «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде дәл осындай биік белесті бағындыра алмаған еді. Нақты деректерге сүйенсек, бұған дейін Ролан Гарроста Ярослава Шведова (2010, 2012) мен Юлия Путинцева (2016, 2018) екі мәрте және Елена Рыбакина (2021) бір рет ширек финалға шықты. Путинцева 2016 жылы Уимблдон мен 2020 жылы АҚШ-тың ашық біріншілігінде дәл сол межеден көрінді. Міне, жекелеген сайыстарда қол жеткізген ең елеулі табысымыз осы. Иә, сөз орайы келгенде осыдан бірер жыл бұрын жұптық бәсекеде Шведова Уимблдон мен АҚШ-тың ашық біріншілігін ұтып, Ролан Гарростың финалында ойнағанын айта кетейік. Былтыр Андрей Голубев те Париждегі доданың ақтық сынына жолдама алды. Бірақ жекелеген және жұптық сайыстарды еш салыстыруға келмейді. Өйткені екеуінің дәрежесі мен деңгейі бөлек, тіптен сыйақыға берілетін қаражат мөлшерінде де көп алшақтық бар. Сондықтан да Рыбакина Лондондағы турнирде Қазақстан теннисін жаңа деңгейге көтерді деп айтуға барлық негіз бар. Ал бұл спортшы жайында сіздер не білесіздер?
Елена Рыбакина 1999 жылдың 14 маусымында Мәскеуде дүниеге келді. Алғашында спорттық гимнастика және мәнерлеп сырғанаумен айналысты. Кейіннен әкесі Андрей оны тенниске апарды. Дәл осы спорт түрі оның оң жамбасына келді. 14 жасынан бастап түрлі жарыстарға қатысып, елеулі табыстарға қол жеткізді. Біраз уақыт бойы Елена кезіндегі КСРО-ның атақты теннисші Андрей Чесноковтың қол астында жаттықты. Кезекті бір турнирде ХХ ғасырдың соңында әлемнің бірінші ракеткасы атанған Евгений Кафельниковтің көзіне түседі. Жас дарынның ойын өрнегіне тәнті болған ол «Твиттерде» «Лена Рыбакинаның есімін естеріңізде сақтаңыздар! Бұл қыздың болашағы жарқын» деп жазған еді.
2015 жылдан бері Рыбакина әйелдер арасында өнер көрсете бастады. Түрлі жарыстарда бірде ұтып, бірде ұтылып жүрді. Ресей теннис федерациясы тарапынан қолдау таппағаннан кейін 2018 жылы Қазақстанның азаматтығын алды. Елімізде оның мықты ойыншы болып қалыптасуына қолайлы жағдайдың барлығы жасалды. Елена ештеңеден тарлық көрген жоқ. Нәтижесінде, сол кездері ТОП-200 теннисшінің қатарында жүрген ойыншының көрсеткіші уақыт озған сайын жақсара түсті. WTA турнирлерінде екі және ITF додаларында төрт рет топ жарған ол 2020-2021 жылдары Аустралия мен АҚШ-тың ашық біріншіліктерінде үшінші кезеңге дейін жетіп, Ролан Гарростың ширек финалында өнер көрсетті. Былтыр Уимблдонның төртінші айналымында бақ сынады. Лондондағы жарыста франциялық Кристина Младенович, америкалық Клер Лю мен Шелби Роджерсті ұтқанымен, белоруссиялық Арина Соболенкоға әлі жетпеді. Сөйтіп, Рыбакина әлемдік рейтингте 12 орынға көтерілді. Күні бүгінгі дейін Қазақстанның бірде-бір теннисшісі бұл межеге жетпеген еді. Сондай-ақ жерлесіміздің Токио Олимпиадасында төртінші орынға табан тірегенін де айта кеткен абзал.
Қазіргі кезде Елена WTA рейтингінде 23 орынды иеленуде. Оның бойы 184 сантиметр. Ол хорватиялық маман Стефано Вуковтың қол астында жаттығуда. Кеше ғана аяқталған Уимблдон додасында Рыбакина керемет өнер көрсетті. Тұсаукесер кездесуінде кезінде әлемдік рейтингте 12 орынға дейін көтеріліп, бұл күндері 157 сатыға сырғып түскен америкалық Коко Вандевеген (7:6, 7:5) ұтты. Екінші айналымда Бьянка Андреескуден (6:4, 7:6) айласын асырды. Осыдан үш жыл бұрын АҚШ-тың ашық біріншілігіне алдына жан салмай, әлемнің төртінші ракеткасы болған Канаданың өкілі қазіргі кезде WTA тізімінде 56 орынды еншілеуде. Үшінші кезеңде рейтингте 52 сатыға табан тіреген қытайлық Чжэн Циньвэньді (7:6, 7:5) шаң қаптырды. Төртінші айналымда 80 орындағы хорватиялық Петра Маричтен (7:5, 6:3) мерейі үстем болды.
Өздеріңіз байқағандай, отандасымызға бастапқы бәсекелердің барлығында жеңіске жету үшін екі сет те жеткілікті болды. Ширек финалда Айла Томляновичпен кездесті. WTA тізімінде 44 орынды иеленіп отырған аустралиялық ару алғашқы сетті өз пайдасына шешті. Алайда одан кейін қарқынын күрт күшейткен Рыбакина таразы басын теңселтті. Есеп – 4:6, 6:2, 6:3. Осылайша, Елена Қазақстанның теннисшілері арасынан алғаш болып «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстың жартылай финалында күш сынасу құрметіне ие болды. Бұл межеде оны атақты Симона Халеп күтіп тұрды. 30 жастағы Румынияның ойыншысы осыдан бес жыл бұрын әлемдік рейтингте көш бастап, ұзақ уақыт бойы алдыңғы лекте жүрді. Ол 2018 жылы Аустралияның ашық біріншілігінің финалына шығып, Ролан Гарроста бас жүлдені олжалады. 2019 жылы Уимблдонда қарсылас шақ келтірмеді. WTA додаларында 23 мәрте дара шықты. Қазіргі кезде Халеп үздіктер тізімінде 18 орынды иемденуде. Екеуі өзара үш рет кездескен еді. Екі бәсекеде Симона жеңіске жетсе, тағы бір турнирде румыниялық жарақат алуына байланысты кортқа шықпады. Яғни Рыбакина атақты ойыншыны бұған дейін жеңген емес. Осы жолы Елена өзінің мықтылығын мойындатты. Қарсыласына қарағанда кортта жылдамырақ қимылдап, шұғыл шешім қабылдай білген қазақстандық теннисші Халепті әбден састырды. Симона оның тегеурініне шыдай алмады. Нәтижесінде, жерлесіміз 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетіп, финалға шықты.
Ақтық сында Рыбакина Онс Жабермен шеберлік байқасты. Бұған дейін араб ұлты өкілдерінің бірде-біреуі дәл осындай деңгейдегі жарыстың финалында ойнаған емес еді. Сол көшті Тунистің өкілі бастады. Жалпы, 27 жастағы Жабердің де жарқын жеңістері аз емес. Әсіресе соңғы кездердегі аяқалысы өте жақсы. Былтыр Бирмингемде жеңсе, биыл Берлин мен Мадридтегі додаларда дара шықты. 2020 жылы Аустралияның ашық біріншілігінде ширек финалында ойнаса, 2020 және 2021 жылдары Ролан Гарростың төртінші кезеңіне дейін жетті. Екеуі үш мәрте кездесті. 2019 жылы Уханьда Онс жеңсе, 2021 жылы Дубайда Еленаның асығы алшысынан түсті. Екі ретінде де 2:1 есебі тіркелді. Сондай-ақ олар 2020 жылы Чикагодағы турнирде шеберлік байқасуға тиіс еді. Алайда жерлесіміздің жарақат алуына байланысты ол ойын өтпей қалды. Бұл жолы ол Рыбакинаның қарқынына шыдай алмады.
Елена Рыбакинаның бұл табысы елеусіз қалмады. Қазіргі кезде барлық БАҚ өкілдері қазақстандық теннисші жайында жарыса жазуды. Осы орайда Ресей мамандары кезінде оны Қазақстанға бекер жіберген екенбіз деп бармақтарын тістеуде. Орыс журналистері мен мамандарының жазбаларынан өкініштің де, қынжылыстың да, қызғаныштың да лебі есіп тұр. Бірақ Елена қысылтаяң шақта осындай қадамға барғанына еш өкінбейді. Журналистерге берген сұхбатында ол «Мен Ресейде туып-өскеніммен, қазіргі кезде Қазақстанның намысын қорғап жүрмін. Бұл жақта мені жақсы қарсы алып, теннисші ретінде өсуіме барлық жағдай жасады. Сол үшін де Қазақ еліне алғысым шексіз», деп мәлімдеді. Рыбакинаның табысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше шаттанып, Тұманды Альбион елінде айшықты өнерімен төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырған 23 жастағы теннисшіге құттықтау хат жолдады.
«Үлкен дулығы» санатындағы турнирлердің жүлде қоры мол екені өздеріңізге де мәлім. Биыл Уимблдонда ол 40 350 000 фунт стерлингті құрады. Әйелдер сайысында алдына жан салмаған Елена Рыбакина 2 миллионды олжалады. Ерлер арасында оза шапқан ойыншыға да дәл осындай сомада сыйақы тиесілі. Ал ақтық сында ұтылғандар 1 050 000-ды иеленді. Сондай-ақ Лондондағы жарыста Қазақстанның тағы үш теннисшісі бақ сынағаны белгілі. Олардың да қалталары қомпиып қалды. Атап айтсақ, үшінші кезеңде америкалық Фрэнсис Тьяфудан айласын асыра алмаған Александр Бублик сол межеге жеткені үшін 120 000 фунт сыйақы алды. Тұсаукесер кездесуінде франциялық Ализе Корнеге есе жіберген Юлия Путинцева мен Михаил Кукушкин де үйлеріне құрқол қайтқан жоқ. Олардың әрқайсысына 50 000 фунт стерлинг табыс етілді.
Жалпы, биылғы жылы Уимблдонда тосын нәтижелер өте көп тіркелді. Мәселен, «Үлкен дулыға» додаларында 39 рет (оның 23-і жекелеген сайыс) топ жарған Серена Уильямс алғашқы айналымнан аса алмады. АҚШ-тың атақты теннисшісі ойда-жоқта әлемнің 115 ракеткасы Хармони Тэннан ұтылды. Дәл сондай жағдайға Мугуруса Бланко да душар болды. Кезінде Уимблдон мен Ролан Гарросты ұтып, WTA рейтингінде көш бастаған испаниялық ойыншы бельгиялық Гретье Минненге жол берді. Әлемнің бірінші ракеткасы Ига Свентек үшінші кезеңде оңбай сүрінді. Польшаның мақтанышы франциялық Ализе Корненің осал тұсын таба алмады. Сол секілді қазіргі кезде ТОП-10 теннисшілердің қатарына жүрген америкалық Даниэль Коллинз бірінші, эстониялық Аннет Контавейт пен чехиялық Каролина Плишкова екінші және грекиялық Мария Саккари үшінші айналымдарда жеңілістің кермек дәмін татты. Былтыр айда аспанға шығарып, АҚШ-тың ашық біріншілігінде бас жүлдені олжалаған Эмма Радукану да алысқа шаппады. 19 жастағы Ұлыбританияның сұлуы екінші кезеңде Францияның өкілі Каролин Гарсияға жол берді.
Ерлерге келсек, ТОП-10-дыққа кіретін бірнеше ойыншы Лондондағы турнирде бой көрсетпеді. Саяси жағдайға байланысты Ресей мен Беларуське қойылған шектеуге байланысты Даниил Медведев пен Андрей Рублев бұл жарысқа қатыспады. Швейцарияның мақтанышы Роджер Федерер мен Германияның дүлдүлі Александр Зверев жарақатына байланысты аталған додаға бақ сынаудан бас тартты. Норвегиялық Каспер Рууд, испаниялық Карлос Алькарас, грекиялық Стефанос Циципас сынды саңлақтар ұзаққа бармады. Сол секілді Ұлыбританияның ең атақты теннисшісі Энди Маррейден де қайыр болмады.
Жоғарыда жағдайдың барлығын саралай отырып, барша жанкүйерлер бас жүлде үшін тартыс сербиялық Новак Джокович пен испаниялық Рафаэль Надаль арасында өрбиді деп топшылаған еді. Алайда жарақатын желеу еткен Пиреней түбегінің түлегі жартылай финалда аустралиялық Ник Кирьоспен күш сынасудан бас тартты. Ал қарсы келгендерді қоғадай жапырған Сербияның саңлағы бұл межеде жергілікті спортшы Кэмерон Норриді сан соқтырды. Сөйтіп, кешегі кеште өткен финалда Джокович пен Кирьос күш сынасты.