Футзалдан Чемпиондар лигасының 2022/23 жылдардағы маусымында Қазақстанның екі командасы бақ сынайды. Олар – Алматының «Қайраты» мен Рудныйдың «Аяты».
Күні кеше ғана аталған жарыстың негізгі кезеңінің жеребесі тартылды. «А» тобына түскен ел чемпионы – «Қайрат» іріктеу сынында Францияның «Спортингі», Бельгияның «Андерлехті» және Испанияның «Мальоркасымен» күш сынасады. Бұл бәсекелер Брюссельде өтеді. Ел біріншілігінің күміс жүлдегері – «Аят» «В» тобында ойнайды. Рудныйлықтардың қарсыластары – Хорватияның «Ново Вриеме», Португалияның «Спортинг» және Хорватияның «Пуло» клубтары. Олар Загребте шеберлік байқасады. Әр топта алғашқы үш орынды иеленген команда Элиталық кезеңге жолдама алады. Бұл бәсекелер 25-30 қазан аралығында өтеді. Ал үздіктер сайысын қараша айының соңында тамашалаймыз. Осы сынақтардан сүрінбей өткен клубтар келесі жылдың көктемінде бас жүлдені өзара сарапқа салады.