Осыдан бір-екі жыл бұрын жұмысы тоқырап, тоқтап қалған Рудный цемент зауыты қайта жанданды.
Іргесі 2008 жылы қаланғанымен, қаржы мәселелеріне байланысты құрылысы он жылға созылып кеткен зауыт 2018 жылдың желтоқсанында ғана іске қосылған еді. Одан кейін екі жылға жетер-жетпес уақыт ішінде шаруасы тығырыққа тіреліп, жұмысын тағы тоқтатты. Араға екі жыл салып қайта жұмыс істей бастаған кәсіпорын қазір мемлекеттік стандартқа сәйкес цементтің 3 түрлі маркасын шығара бастады.
Бүгінде зауыттың орталық басқару пункті, өнімді өлшеу, қаптау, жөнелту желілері тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын зертханасының басшысы Виктор Якименконың айтуынша, мұндағы өнімнің сапасы 27 түрлі тестілеу шаралары арқылы тексеріледі. Сапасына қарай сұрыпталған цемент одан кейін биг-бэгтер мен 50 килолық қаптарға салынып, облыстағы сауда орындары мен өзге де өңірлерге жөнелтіледі. Оңтайлысы, тауар автокөлікпен де, теміржол арқылы да тасымалданады.
– Қазірше айына 42 мың тонна өнім шығарып жатырмыз. Жыл соңына дейін 280 мың тонна цемент шығару көзделіп отыр. Келесі жылы өндіріс ауқымын одан әрі кеңейтіп, айлық өнім көлемін 45-47 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап қойдық. Қазақстан нарығында соңғы жылдары өте қатаң бәсекелестік белең алып тұр. Бұдан, әрине, жасқанбаймыз, өйткені біздің өнімдер өзге зауыттардың өнімдерімен тең бәсекеге түсе алатынына сенімдімін. Еліміздің әр аймақтарындағы зауыттарымызды тұтастай алғанда, біз жылына 16 млн тонна цемент шығара аламыз. Ал нарықтағы сұраныстың көлемі шамамен 9 млн тоннадай ғана болады. Шикізат – өзіміздікі. Шикізаттың құрамында негізінен кальцит түйіршіктері аралас әктас басым. Осы жерден 100 шақырым қашықтағы кеніштен әкеліп жатырмыз, – дейді зауыт директоры Василий Заярный.
Өңірдегі құрылыс жұмыстары бәсеңдемесе, Рудный цемент зауытының өнімдеріне де сұраныс жоғары болатыны анық. Биыл Қостанайда ғана емес, Рудный қаласы мен Қашар кентінде де тұрғын үй құрылысы қарқынды.
– Рудныйда 60 пәтерлі, 5 қабатты бір үй салуға шамамен 100 тонна цемент пайдаланылады. Жаңа ашылып жатқан жергілікті кәсіпорынға қолдау көрсету маңызды. Сондықтан мердігерлерге құрылысқа жергілікті өнімді жаратуға кеңес беріп, осы бағытта жұмыс жүргіземіз, – дейді Рудный қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Дәурен Жәкенов.
«СтройЭлитДом» құрылыс компаниясының техникалық директоры Батырбек Битасовтың айтуынша, Рудныйда шығып жатқан цементтің сапасы жоғары. Аталған компания зауытпен келісімшартқа отырып, Қостанайда жаңадан іргесі қаланып жатқан тұрғын үй кешеніне жергілікті өнімді пайдалануды жөн көріп отыр.
Рудный цемент зауытының жаңа басшысы Василий Заярный 30 жылдан бері цемент өнеркәсібінде жұмыс істеп келеді. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы салалас өндіріс орнына басшылық еткен тәжірибелі маманға бір рет «өліп, тірілген» зауытты техникалық тұрғыдан қайта оңалту мәселесі жүктеліп отыр.
– Бұл кәсіпорындағы өндірістік құрал-жабдықтар жақсы жағдайда сақталған, тіпті жаңа десе де болады. Зауыт қытай жобасы арқылы салынған. Пеші мен негізгі тораптарының бәрі Қытайда жасалған. Тек қаптау машинасы ғана Италиянікі. Кейбір құрылғылар мен тораптарды қайта жөндеуден өткізуге тура келді. Бұл міндеттерді толық атқардық. Бірақ кадр мәселесі шешілмей тұр, жұмысшылар жетіспейді. Зауыттың жалпы штаты 280 адамнан тұрады. Егер ертең 120 адам келсе, бәрін де жұмысқа алар едік. Ең төменгі жалақы – 120 мың теңге. Қазір Сарыбай-Соколов кен байыту комбинатында қандай мамандар жұмыс істеп жатыр, бізге де сондай мамандар керек. Айырмашылығы, мұндағы күйдіретін пеш айналып тұрады, оған салалық мамандар қажет, – дейді зауыт басшысы.
Рудный зауыты былтыр жыл бойы мүлде жұмыс істемей тұрғандықтан, жұмысшыларының еңбекақысын да төлей алмады. Кәсіпорын алдағы уақытта алтыжылдыққа жоспарланған қайта оңалу кезеңін бастады. Ал жұмысшылардың еңбекақысы мен бірсыпыра қордаланып қалған өзге қарыздар өнімнің өтуіне қарай кезең-кезеңімен өтеледі.
Қостанай облысы