Испанияның астанасы – Мадридте үміткерлер турнирі өз мәресіне жетті. Аталған жарыста жер жаһанның ең үздік сегіз шахматшысы шеберлік байқасты. 20 тәулік бойы шаршы тақтаға үңілген ойыншылар келесі жылы кімнің әлем чемпионы атағы үшін таласуға лайық екенін анықтады.
Пиреней түбегіндегі турнир Ян Непомнящийдің жеңісімен аяқталды. Ресей шахматшысы 14 кездесудің бесеуінде жеңіске жетіп, тоғызында тең түсті. Нәтижесінде, 9,5 ұпай жиып, жарыс жеңімпазы атанды. Осылайша, Брянск қаласының тумасы өзінің туған күніне тамаша сыйлық жасады. 14 шілдеде Ян 32 жасқа толғалы отыр.
Екінші орынды Дин Лижэнь иеленді. 29 жастағы Қытайдың сайыпқыраны 8 ұпайды өз қоржынына салды. Ол төрт ойында басымдық танытқанымен, екі ретінде есе жіберді. Қалған партияларды тең аяқтады. Үшінші сатыға Теймур Раджабов табан тіреді. 35 жастағы Әзербайжанның мақтанышы 7,5 ұпайды еншіледі. Дәл сондай ұпай жиған америкалық Хикару Накамура төртінші орынды қанағат тұтты. Ал одан кейінгі сатыларға америкалық Фабиано Каруана (6,5 ұпай), франциялық Әлиреза Фирузджа (6 ұпай), польшалық Ян-Кшиштоф Дуда (5,5 ұпай) және мажарстандық Рихард Раппорт (5,5 ұпай) жайғасты.
Турнирдің жеңімпазы 48 мың евро көлемінде сыйақы алса, екінші орынды иеленген ойыншының есепшотына 36 мың аударылды. Үшінші сатыға табан тіреген саңлаққа 24 мың тиесілі. Сонымен қатар олжалаған әрбір жарты ұпай үшін қатысушыларға 3 555-тен табыс етілді. Ал жарыстың жалпы жүлде қоры 500 мың евроны құрады.
Үміткерлер турнирінде топ жарған Ян Непомнящий келесі жылы 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсенмен кездеседі. Новегияның тумасы да 32 жаста. Ол 2013 жылы Үндістанның Ченнай қаласында жергілікті ойыншы Вишванатан Анандты 6,5:3,5 есебімен ұтып, алтын тәжді иеленді. Одан кейінгі жылдары тағы сол Ананд (6,5:4,5), ресейлік Сергей Карякин (6:6, тай-брейк 3:1), америкалық Фабиана Каруана (6:6, тай-брейк 3:0) және Ян Непомнящийді (7,5:3,5) ұтып, өз атағын сәтті қорғады. Яғни соңғы тоғыз жыл аралығында Карлсенді ешкім тұғырдан тайдыра алған жоқ.
Сантонья сарайында өткен жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болғанымен, көптеген майталман маман мен осы спорт түрінің шынайы жанкүйері үміткерлердің өнеріне мүлде көңілдері толмағандарын ашық айтты. Осы орайда Владимир Крамник, Магнус Карлсен, Сергей Карякин бастаған бір топ атақты шахматшылар Мадридтегі турнирге қатысушылардың ойынын сынға алғанын да айта кетуге тиіспіз.