Сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Бекболат Орынбеков Ақмола облысының Ақкөл ауданына жұмыс сапары барысында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.
Парламентшілер Палатаның VII шақырылымының 2 сессиясы жұмысының қорытындылары, қаралған мәселелердің тізбесі, мақұлданған нормативтік-құқықтық актілер мен пысықтауға жіберілген жобалардың саны туралы айтып берді. Кездесуге қатысушылар сонымен қатар еліміздің жоғары заң шығарушы органының жұмысына қатысты Конституцияға түзетулерді жүзеге асыруды, сондай-ақ Сенат жұмысындағы бүгінгі басымдықтарды талқылады.
Мәслихат депутаттары өз кезегінде аудандағы жағдай туралы айтты және өзекті мәселелермен бөлісті. Сенаторлар қоғамды толғандырған сұрақтарға жауап берді және олардың шешуге көмектесетіндерін айтты.
Мәслихат хатшысы Жұлдызай Салыбекова өзінің қорытынды сөзінде кездесуге келіп, бүгінгі күннің проблемаларын талқылауға мүмкіндік берген сенаторларға алғыс айтты.