Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмади Сарбасов, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова баяндама жасады.
Премьер-Министр соңғы уақытта Қарағанды облысында өрт және судағы жазатайым оқиғалармен, сондай-ақ кәсіпорындардағы оқиғалармен байланысты төтенше жағдайлар жиілеп кеткенін атап өтті.
«Төтенше жағдайлар министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, өңірдегі қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын», деп тапсырды Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы 2022 жылы Қарағанды облысын дамытуға 176 млрд теңгеден аса қаражат қарастырылғанын еске салды. Сонымен қатар республикалық бюджетті нақтылау аясында өңірге қосымша 48 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген.
«Бұл шығыстар инженерлік инфрақұрылымды және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға және өңірдің әлеуметтік қажеттіліктеріне бағытталған. Әкімдік сапалы нәтижеге қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, осы қаражаттың мақсатты пайдаланылуы мен тиімді игерілуін қамтамасыз етуі қажет», деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Ә.Смайылов азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізу қажеттігін еске салды. Осыған байланысты Үкімет басшысы үстеме бағаларды бақылауды күшейтуді және «айналым схемасын», оңтүстік өңірлер мен таяу шетел фермерлерімен тікелей шарттарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттарды қоса алғанда, қолжетімді нарықтық тетіктерді белсенді қолдануды тапсырды.
Премьер-Министр өңір экономикасын әртараптандырудың ең өзекті мәселе екенін атап өтті. Осы мақсатта биыл жеке инвестициялар есебінен 222 млрд теңгеге жуық сомаға 12 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ 874 млрд теңгеден астам сомаға тағы 34 жоба пысықталып жатыр.
«Бұл жобалар агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, металлургия, энергетика, құрылыс индустриясы және қағаз өнеркәсібі сияқты салаларда іске асырылады. Облыс әкімдігі барлық жобаны мерзімінде іске қосып, сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етуі қажет», деді Ә.Смайылов.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен әкімдікке тағы да бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, жолдардың нормативтік жағдайын жақсарту, Жезқазған – Қарағанды автожолының учаскесін реконструкциялау бойынша ЖСҚ әзірлеуді аяқтап, құрылыс-монтаждау жұмыстарын кезең-кезеңімен бастау, сондай-ақ Қарағанды қаласының тұрғын үй алаптарын жылумен жабдықтаудың магистралдық желілерін салу жобасын аяқтау бойынша ұсыныстар енгізу керек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне «Атамекен» палатасымен және Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, аралас жауапкершілікті қолдану кезінде қызметкердің кінәсінің ең жоғары шегін белгілеу бойынша бірыңғай ұстанымды әзірлеу және жазатайым оқиғалар жөніндегі заңнаманы жетілдіру бойынша тәсілдерді әзірлеу тапсырылды.
Қарағанды облысының әкімдігіне Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, 2022 жылдың соңына дейін мектепке дейінгі білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыра отырып, 14 балабақшаны пайдалануға беруді қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ Премьер-Министр Қарағандыда түрлі бағыттағы digital-мамандарды оқытатын «Терриконовая долина» IT-Hub-на барды.
«Бүгінде мемлекет IT-компанияларға көптеген преференция ұсынады және бизнес-инкубациялаудың түрлі бағдарламаларын жүргізеді. Бұл – елімізде, оның ішінде жастар арасында технологиялық кәсіпкерліктің экожүйесін қалыптастыру бойынша маңызды қадамдар. Осы бағыттағы жұмысты барлық өңірде жеке серіктестермен бірлесіп жалғастыру қажет», деді Үкімет басшысы.
Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов Теміртау қаласының өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарын аралады. Онда ол «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 3-домна пешінің жұмысымен танысты, сондай-ақ облыс және кәсіпорын басшылығымен өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Ә.Смайылов металлургия қауіптілігі аса жоғары өндіріс саласы екенін атап өтті. Бұл ретте «АрселорМиттал Теміртауда» аталған проблема өткір болып тұр, ал кәсіпорында жүргізіліп жатқан қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары жағдайды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік беріп отырған жоқ.
Үкімет басшысының пікірінше, технологиялық процестерді жаңғыртуға, оның ішінде моральдық тұрғыда әбден тозығы жеткен жабдықтарды жаңартуға бөлінген инвестициялар жеткіліксіз. Бұл – өндірістегі апаттық жағдайлардың туындауына әкелетін басты себептердің бірі.
«Жыл сайын өндірісте 10-12 адам мерт болады. Біз бұл жағдайға көне алмаймыз. Жабдықтардың әбден тозығы жеткен, жаңғыртуға салынатын инвестициялар деңгейі басқа кәсіпорындармен салыстырғанда 2-3 есе төмен. Мұны түзету керек. Инвестиция көлемін кезең-кезеңмен арттырып, ең алдымен, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек», деді Ә.Смайылов компания басшылығына.
Сонымен қатар Премьер-Министр экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Осыған байланысты Үкімет басшысы кәсіпорын басшылығын өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және экологиялық міндеттемелерді сақтау бойынша пәрменді шаралар әзірлеуге шақырды.
Бұдан кейін Ә.Смайылов «Линде Газ Қазақстан» ЖШС өнеркәсіптік газ өндіру зауытының қызметімен танысты. Зауыт Мемлекет басшысының Германияға сапары кезінде Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін іске қосылған.
«Бұл орайда екі ел арасындағы уағдаластықтар табысты іске асырылып жатқанын көруге болады. Бұл біздің елге инвестиция салуды қарастыратын басқа шетелдік компаниялар үшін жақсы ынталандыру болмақ», деді Премьер-Министр.
Ә.Смайылов компанияның көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту жөніндегі шешімдері еліміздің басқа өңірлеріндегі металлургия және химия зауыттарында, мұнай-газ және энергетика салаларының кәсіпорындарында сәтті қолданылуы мүмкін екенін айтты.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Теміртауда балаларды тәрбиелеу мен дамытудың жақсартылған бағдарламасын іске асыратын «Жас таланттар академиясы» балабақшасына барды. Биыл республика бойынша 322 жаңа балабақшаны іске қосу жоспарланған, оның ішінде 14 балабақша Қарағанды облысында орналасқан. Премьер-Министр әрбір балаға мектепке дейінгі сапалы білім беріп, тәрбиелеу үшін мемлекет-жекешелік әріптестігі дамыту және бизнесті ынталандыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасатынын атап өтті.
Сонымен қатар Ә.Смайылов Саран қаласының индустриялық және инфрақұрылымдық даму барысымен танысты. Үкімет басшысы 2022 жылдың соңында іске қосылуға тиіс KamaTyresKZ ЖШС жаңа шина зауытының құрылыс алаңына барды. Кәсіпорын жоспарлы қуаттылыққа шыққаннан кейін өнім, соның ішінде автомобильдердің бастапқы комплектациясы үшін Қазақстан нарығына, сондай-ақ ЕАЭО елдеріне жеткізіледі деп күтілуде. Ә.Смайылов кәсіпорынның сабақтас өндірістерін локализациялауды арттыру және арнайы әзірленген білім беру бағдарламалары негізінде кадрлар даярлауды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Премьер-Министрді Saran индустриялық аймағының инфрақұрылымын дамыту туралы хабардар етті.
«Көп жылғы үзілістен кейін қаланы дамыту драйверлерінің бірі және өсудің перспективалық нүктесі Saran индустриялық аймағын құру болды. Бұл жергілікті тұрғындар үшін маңызды, олар мұндай жобалардың іске қосылуы қаладағы өмір сүру сапасын қалай өзгертетінін нақты көруге тиіс», деді Үкімет басшысы.
Содан кейін Әлихан Смайылов жылына 1200 бірлік автобус шығаратын «QazТehna» ЖШС зауытына барды. Бүгінде кәсіпорында мектеп автобустарын шығару жолға қойылған, олар жаңа оқу жылына қарай Қазақстанның тоғыз облысына беріледі. Сонымен қатар жыл соңына дейін қоғамдық тасымалдау үшін де автобустар шығару жоспарланған.
QazТehna зауыты әлемдік машина жасаудың ірі өкілдерімен өнеркәсіптік кооперация бүкіл қаланы қалпына келтіруге оң ықпал ете алатынына мысал бола алады. Үкімет отандық автомобиль жасау кәсіпорындарын одан әрі кешенді түрде қолдайды», деді Ә.Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-Министрге импортты алмастыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде іске қосылуға тиіс «Meridian Company» ЖШС болашақ тұрмыстық техника зауытының жобасы таныстырылды.
Бұдан әрі Ә.Смайылов жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отырған РТБ (резеңке техникалық бұйымдар) шағын ауданындағы көпқабатты үйлерді қалпына келтіру барысымен танысты.
Жалпы, Саран қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны соңғы үшжылдық кезеңде 260%-ға ұлғайды. 2022 жылы тағы 250 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. «Әкімдік тұрғын үйді іске қосу қарқынын одан әрі ұлғайтуы, сондай-ақ қаланы абаттандырумен белсенді айналысуы қажет», деді Премьер-Министр.
ҚАРАҒАНДЫ