Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды. Ол қала басшылығымен бірлесіп бейнеконференция режімінде ауруханалар мен емханаларда жұмыс істейтін 70-тен аса бас дәрігердің қатысуымен кеңес өткізді. Кеңесте қазіргі эпидемиялық жағдайдың өзекті мәселелері және мегаполисте COVID-19 таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар барысы қаралды.
Коронавирус инфекциясының таралуы бойынша Алматы – «сары аймақта». Көктемнің басы мен ортасында ауру көрсеткіштері төмендеген болатын, енді қайта өсіп жатыр. Осылайша, жұқтыру жағдайларының өсуі 0,2% болды, таралу коэффициенті – 1-ден жоғары. Жұқтыру ошақтарының ең көп саны Бостандық, Алмалы, Алатау, Бостандық және Медеу аудандарының аумағында орналасқан. Инфекцияның таралуына қоғамдық орындарға бару, үйдегі, қалалық көліктегі, жұмыс орнындағы қарым-қатынастар, сондай-ақ вакциналау мен ревакциналау қарқынының төмендеуі себеп болып отыр.
Тұрғындар арасында індетке шалдығу деректерін азайту мақсатында қала әкімшілігі вакциналау мен ревакциналау жасатып, науқастарды оқшаулау барысын бақылау, алдын алудың негізгі ережелерін сақтау қажет екені туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша бірқатар шара қабылдады. Сонымен қатар пандемияның жаңа толқынына Алматыда 23 ковид клиникасы дайындалды. Онда барлығы 7 мың төсектік орын бар, олардың 250-і жансақтау бөліміне тиесілі.
Медициналық қоғамдастық өкілдерімен кеңес барысында КВИ-дің алдын алу мәселелері қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов қалада жұқтыру жағдайларының өсуіне, сондай-ақ МСАК жұмысын үйлестірудің, вакциналау мен ревакциналауды ұйымдастырудың маңыздылығына, Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесінің коронавирус бойынша ахуалдың өршуіне дайындығына назар аударды.
«Бүгін қойылған міндеттерді қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен бірге талдап, коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуына жол бермеу бойынша қажетті шаралар қабылдауды сұраймын», деп атап өтті Е.Тоғжанов.
Кеңес соңында вице-премьер қала басшылығына COVID-19-ға қарсы иммундау науқанын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейту қажеттілігін атап өтті.
Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары Алматы қаласындағы Әлеуметтік қызметтер үйінде болды. Онда 11 ұйым орналасқан. Ішінде Тұрғын үй саясаты басқармасы, Халықты жұмыспен қамту орталығы, ХҚО, «Атамекен» және т.б. бар. Бұл жерде қала тұрғындарына «бір терезе» қағидаты бойынша бір орында 700-ден аса қызмет көрсетіледі. Орталықта тегін заңгерлік кеңес пен психологтің көмегін алуға болады.
Е.Тоғжанов әлеуметтік қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті екенін атап өтті.