• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2022

Түргенсай – тұмса табиғат қақпасы

467 рет
көрсетілді

Жер жәннаты Жетісудың тамылжыған бір табиғи өлкесі – Іле Алатауына сұғынып жатқан Түрген шатқалы. Өңірдегі туризмнің дамуына жол ашатын жобалар да осы аймақта жемісті жұмыс істеп тұр. Ал мемлекет бұл бағытта тек қолдау көрсетіп отыр. Соның бір дәлеліндей, жақында Іле Алатауы ұлттық паркінде орналасқан Turgensai визит-орталығының ашылуы болды.

Орталықтың ашылуына Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған бірқа­тар қонақтар қатысты. Олардың қатарында Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және «QazaqGeography» қоғамының басқарма төрағасы Орман Нұр­баевтар бар. Жалпы, бұл ашылған Turgensai – Іле Алатауы ұлттық паркінің картасындағы екінші визит-орталық. Ол заманауи стан­дарттарға сай құрылған. Мұнда облыс туристері мен қонақтарына ұлттық парктің қызметі туралы барлық қажетті ақпарат ұсы­нылады.

– Мемлекет экотуризмді дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөледі, бұл туралы тиісті тапсырмалар берілді. Алматы өңірінде ұлттық парктер көп, осыған орай өңір экотуризмді дамытудың негізгі бағыты саналады. 2021 жыл­дың қорытындысы бойынша Алматы кластерінің аумағында­ғы үш ұлттық паркке келушілер са­ны оның алдындағы жылдар көрсеткіштерінен асып түсті. 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша да ұлттық парктерге ке­лушілер саны артқан. Мұның бәрі экотуризмнің дамып, аталған мәдениеттің халық арасында кеңінен таралып келе жатқанын байқатады, – деді өз сөзінде вице-премьер Е.Тоғжанов.

Енді Turgensai орталығына келу­шілер ұлттық парктің жұмы­сымен танысып, Түрген шат­қа­лының тұмса табиғаты бо­йынша саяхаттауды бастайды. Ви­зит-орталық Алматы қала­сынан 80 шақырым жерде, табиғи ескерт­кіштеріне бай Түрген шатқалында орналасқан. Визит-орталықтан Аюлы сарқырамасына дейін жаяу жүруге болады, оның биіктігі – 30 метр. Ал жолдың ұзындығы – 1,3 шақырым. Бұдан басқа, Түрген шатқалы автожолының бойында пайдалы минералдар­ға бай бес бұлақ бар, сондай-ақ ыстық радонды бұлақтар да кез­деседі. Жаңадан ашылған орта­лық аумағында туристер «Қай­рақты» сарқырамасын, Шын­түрген шырша ормандары, Си­верс алмасының табиғи резерваты және басқа да табиғи нысандарды тамашалай алады.

– Мұндай визит-орталық мәде­ниеті өмірімізге енуге тиіс, ол қазақ­стандықтар мен шетелдік қонақ­тарға өз демалысын ұйым­дас­тыруға мүмкіндік береді. Осы­­ның арқасында қарапайым аза­маттар қауіпсіз маршрутпен демалып, күш жинайтын жерлер туралы мағлұмат ала алады. Осының есебінен ұлттық парк­тер аумақты таза ұстап, сонымен қатар инфрақұрылымды дамытып, жақсарта алады. Turgensai кешенінің өзінде ақпараттық стенд, дәріс залы, кәдесый дүке­ні, тамақтану орны, қоғамдық дәретхана, ойын алаңы мен террассалар бар. Мүмкіндігі шек­теулі адамдар мен кішкентай балалары бар ата-аналар үшін пандус­тармен жабдықталған, деді «QazaqGeography» қоғамының төрағасы Орман Нұрбаев.

Айтпақшы, Іле Алатауының теріскей бөктерінен басталып 49 шақырымға созылатын Түрген шатқалы Сарытау жотасына де­йін созылып жатады екен. Әрі қарай Асы үстіртіне жалғасады дейді деректер. Шатқалдан бас­тау алатын Теріскенсу өзені де аймақтың інжу алқасындай. Қор­шаған ортаға көрік береді. Әрі тау өзендерінің ішіндегі арнасы терең өзеннің бірі осы Теріскенсу екен. Судың тұңғұйык түбі 1 жарым метрге дейін жетеді-мыс. Түрген шатқалы тұмса табиғи мекен ғана емес, қоршаған орта­ның сұлулығына құштар жан­дардың аңсары ауып тұратын ту­ризмнің орталығына да айналып келеді. Алматы қаласынан 90 ша­қырым қашықтықта жатқанына қарамастан тау арасына келушілер қатары сиремейді екен. Әсіресе демалыс күндері бұл маңға ағылған адам қарасы көп болады. Өйткені ғажайып табиғаттың бірнеше кереметі осы шатқалдан табылады. Мұнда алғаш келгенде ыстық су атқылаған бұлақ пен тастан құлап аққан сарқырама алдыңнан қарсы алса, ішкерлей енген сайын қылқан жапырақты ағаш шоғыры мен ұшар басын қар көмген тау шыңдары ынтықтырып ала жөнеледі. Түргендегі табиғи сарқыраманың ішіндегі елеулісі Аюлы деп аталады екен. Жақпар тастан құлап түскен тау суы 30 метрлік биіктен ылдилап ағып, етек­тегі өзен арнасына қосы­лып жатыр. Ал осындағы Боз­гүл атты тағы бір таңдай қақ­ты­рар сарқырама жартасты те­сіп шығып, кәдімгі туннельден өткен жүрдек пойыз сияқты арын­дап ағып өтеді. Жалпы, бұл сарқырамалардың дені бастауын Іле Алатауының мұздықтарынан алатын Шың Түрген мен Кіші Түрген өзендерінің түйіскен тұ­сына жиналып, ылдилай келе Түр­ген өзенінің арнасында тоғы­сады. Қапталдас ағып жатқан Теріс­кенсу өзені де тармақталып ба­рып, Түргенмен түйіседі. Дәл осы Теріскенсу өзенінде балық етіне жерік қауым алтынға баға­лайтын бақтақ балығы өсірі­леді. Яғни мұндағы форель шаруа­шылығының өнімі сұранысқа ие. Түрген шатқалының өсімдік әле­мі де өте бай. Тау арасында құр­ғақшылыққа төзімді Семенов үйең­кісі, Мушкетов түйесіңірі сияқты сирек кездесетін ағаш түр­лері өседі. Жабайы өрік ағашы мен Сиверс алмасының түптері де жеткілікті. Ал қайың мен те­­рек, шыршаның көптігі көз сү­рін­діреді. Шатқалдың табиғи ерек­­шелігінің бірі – бұталы өсім­­діктерді жиі ұшыратасыз. Ақ басқан сайын қарақат, бөрі­қарақат, таңқурай, бүлдірген, қой бүл­дірген, итмұрын шоғырын көресіз. Әрине, мұндай тұмса өңір­де аң-құстың да алуан түрі бо­луы заңды. Шатқал ішін қоян, борсық, тиін, қабан, тауешкі, қас­қыр, аю мекендейтіні сөзсіз. Улы жыландардың да түрі көптеп кездеседі екен.

Яғни Түрген шатқалына жол тартқан турист үшін таңданысқа толы демалыс болары сөзсіз. Оған қажетті жағдай да жасалып жатыр. Мысалы, жақын арада осындай визит-орталықтар Алтынемел мен Шарын ұлттық парктерінде ашылмақ. Онда арнайы кэмпинг және глэмпинг аймақтары болады. Қазіргі уақытта ұлттық парктер инфрақұрылымы ыңғай­лы: навигация, көруге арналған алаңдар, суы таза фонтандар, дәретханалар, көлеңке түсіретін қалқалар бар.

– Іле-Алатау Ұлттық паркінің аумағында орналасқан нысан туристерге қолайлы орында ашылды. «QazaqGeography» Рес­пуб­ликалық қоғамдық бірлес­тігі­нің серіктестігімен ашылған орта­лық енді туристер үшін қыз­мет көрсетеді. Осы жерде әкімдік алдында тұрған бірнеше мәселеге тоқтала кеткенім жөн болар. Б­і­рін­­шісі – байланыс, анығында оның жоқтығы. Оқыс жағдай орын алса, хабар беруге мүмкіндік жоқ. Интернет желісін айтпағанда, қо­­ңы­рау шалудың өзі мұң. Жол тар, Түрген табиғатын көруге асық­қан адамның қарасы көп. Осы мәселеге назар аудардық. Екін­шіден, шатқалға шығатын кө­лік­тердің санын азайту үшін Есік қаласынан арнайы маршрут ашу керектігі көрініп-ақ тұр. Егер уақтылы жақсы спринтер көліктері жүйіткіп тұрса, көп адам көлігін тауға салып «қинамай» сол қоғамдық автобусты қолданары белгілі. Үшіншіден, ұлттық парк табиғатын сақтау үшін, алдымен қоғамдық көлік мәселесін реттеп алып, жеке көліктен алынатын алым бағасын көтеру керек секілді. Өйткені асфальт жол Ба­тан деп аталатын жерден бітіп, әрі қа­рай шағыл тас жол басталады. Яғни бұл жерде де жол тал­ғамайтын көліктер болмаса, жеңіл авто жоғары жүре алмайды екен. Оның үстіне осы тұста да жаңа визит орталығының құ­рылысы аяқталуға жақын. Ал әкім­дік өз тарапынан айтылған мәселелерді шешуге жұмылып, жұмыс істейді, – деді тақырыпқа орай Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

 

Алматы облысы