• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 11 Шілде, 2022

Дамирге даңғыл жол тілейміз

198 рет
көрсетілді

Аралас жекпе-жектен UFC-де өнер көрсетіп жүрген жартылай орта салмақтағы Шавқат Рахмонов маусым айының соңында ТОП-10 спортшының санатына еніп, жанкүйерлерді бір қуантқан еді. Жуырда үздіктер рейтингі тағы бір қазақтың өр мінезді ұлымен толықты. Шілде айының басында жеңіл салмақта күш сынасатын Дамир Исмағұлов озық 15 файтердің қатарына қосылды.

Дамир Исмағұлов 1991 жыл­дың 3 ақпанында Ресейдің Орын­бор облысындағы Первомай ауда­нының Ударный ауылында туып-өсті. Тек 20 жастан асқан шағында аралас жекпе-жекке ден қойған ол өзінің дара таланты, еңбекқорлығы және табандылығының арқасында қысқа ғана мерзімде биік бе­лес­терді бағындырды. Әлі есімізде, 2016 жылдың желтоқсан айында ел Тәу­елсіздігінің 25 жылдығына орай Ал­матыда дүбірлі жарыс ұйым­дастырылды. 70 келі сал­мақта сайысқа түскен ресей­лік қан­дасымыз Темірлан Айсә­ді­лов, Айбек Нұрсейіт және Мұ­рат Бақтыоразов секілді сайып­қы­рандарды сан соқтырып, бас жүл­деге тігілген «темір тұлпарды» тізгіндеді. Ол кезде Дамир әлі көпшілікке кеңінен таныла қой­маған еді. Сол жарыста біз Орын­борда осындай мықты спорт­шының барын алғаш рет білдік. 

2017 жылдың ақпан айында Санкт-Петербургтегі «Юби­лей­ный» спорт кешенінде ұйым­дастырылған «М-1 Challenge 74» деп аталатын халықаралық турнир де есімізде. Нева жағалауында Дамир Исмағұлов Францияның сақа спортшысы Морган Хе­роудты үшінші раундта ұрып жық­ты. Бәсеке аяқталған бетте мик­рофонды алған ол «Осы мүм­кіндікті пайдалана отырып, «М-1» ұйымының басшыларына өз өтінішімді білдіргім келеді. Рейтингтік бәсекелермен мені әбден «тойдырдыңыздар»!  Рахмет! Енді чемпиондық тәж үшін таласқым келеді. Маған сондай мүмкіндік беріңіздер! Бұл сәтті бүкіл Орынбордың тұр­ғын­дары тағатсыздана күтуде! Ол аз десеңіз, Ресей мен Қазақстанда да жанкүйерлерімнің қатары мол. Олар да менің жарқын же­ңі­сімді көруге құштар!» деп батыл сөйлеген еді. Сөз кезегі қай­та жүргізушіге тигенде ол «Қо­лымнан микрофонды тартып алғаныңызға қарағанда, көздеген мақсатыңызға қол жеткізу үшін ештеңеден тайсалмайтын батыл адам секілдісіз...», деп әзілдегені сол еді, қазақтың ұлы бірден: «Бү­гін мен сіздің қолыңыздан микрофонды тартып алсам, ертең өзгенің қолынан алтын белбеуді жұлып әкетемін. Оған еш күмәндарыңыз бол­масын!» деп әңгімені шорт кесті.  

Аталған ұйым басшылары Да­мирдің бұл уәжіне құлақ ас­ты. Сол жылдың мамырында Санкт-Петербургтен келген Мак­­сим Дивничті ауыр соққының астына алып, 70 кило салмақ дәрежесі бойынша «М-1» ұйымының чемпиондық белбеуін иеленді. Содан кейін бразилиялық Роджериу Матиас де Консейсан, гру­зиялық Раул Татараули және белоруссиялық Артем Дамков­скийді ұтып, чемпиондық атағын үш мәрте сәтті қорғады.

2018 жылдың желтоқсан айын­да Исмағұлов UFC-дегі тұсау­кесер кездесуін өткізді. Ол Аус­тралияның Аделайда қала­сында жергілікті спортшы Алекс Гор­джестен басым түсті. Одан кейін Пр­а­гада испаниялық Хоэль Аль­варес, Шэньчжень мен Лас-Вегаста Бразилияның қос мықтысы – Тиаго Мойзес пен Рафаэль Алвестен айласын асырды. Биылғы 18 маусымда Остинде Швецияның намысын қорғаған грузин жігіті Гурам Кутателадзені қапы қалдырды. Осы жеңістерінің арқасында Дамир әлемдегі ең белді промоушендегі ТОП-15 спортшының санатына қосылды.

Жалпы, Дамир октагонға 25 рет шығып, сол бәсекелердің тек біреуінде ғана ұтылды. Осыдан жеті жыл бұрын Ингушетияның Наз­рань қаласында өткен жарыста ол дағыстандық Рамазан Есенбаевқа ұпай санымен есе жіберді. Содан кейін 18 жекпе-жекті өз пайдасына шешті. Енді тағы екі-үш жекпе-жекте жеңіске жетсе, Дамир Исмағұловтың UFC-дің чемпиондық тәжі үшін таласуына мүмкіндік туындайды. Сол себепті де дәл қазір рейтингте оның алдында тұрған файтерлер жайында да біраз дерекке қанық болғанымыз жөн.

Қазіргі кезде жеңіл салмақтың чемпионы жоқ. Өйткені биылғы 7 мамырда Финиксте америкалық Джастин Гэйджиге қарсы жекпе-жекке шыққан бразилиялық Чарльз Оливейра артық салмақтан арыла алмады. Десек те ол айқас алаңына шығып, қарсыласын бірінші раундта қылқындырып тастады. Оливейра жеңіске жет­кенімен, оған алтын белбеу бе­рілмеді. Қалай десек те, әзірге осы салмақтың үздігі Оливейра екені даусыз. 32 жастағы бразилиялық джиу-джитсудың хас шебері, 42 кездесудің 33-інде жеңіске жетіп, 30 қарсыласын есінен тандырды. Бір кереметі, ол соңғы 11 бәсекенің барлығында басымдық танытты. 10 рет айқын ұтса, тек бір рет қана төрешілердің шешіміне жүгінді. Соңғы төрт жыл аралығында Оливейра әр жылдары осы салмақтың көкжалдары саналған Джим Миллер, Ник Ленц, Кевин Ли, Тони Фергюсон, Майкл Чендлер сынды саңлақтардың барлығын оңдырмай сабады.

Жалпы, Чарльздың жүріп өткен жолы кейінгі жастарға үлгі. Олай деуге негіз бразилиялық спортшы алғашқы 21 кездесуінің сегізінде жеңілістің кермек дәмін татты. Сол кезде көпшілік оның келешегіне күмәнмен қарады. Алайда бұл жағдай Оливейраның жігерін жасыта алған жоқ. Биік белестерді бағындыру үшін жанкешті жігіт көп еңбектенді, тырысты, талпын­ды. UFC-дің алтын белбеуіне та­ласу үшін 31 рет октагонға шы­ғуына тура келді. Оның 27-сін ол әлем­дегі ең белді промоушенде өткізді. Сол биікке жету үшін 11 жылын сарп етті. Бұрынғы және қазіргі чемпиондардың бірде-біреуі дәл осындай сүзгіден, ауыр сынақтан өткен емес. Есесіне 2021 жылдың мамыр айында Майкл Чендлердің тас-талқанын шығарып, көздеген мақсатына қол жеткізген еді.

Оңтүстік Американың оғ­ла­нына көптеген рекорд тие­сілі. Ол UFC-де 19 рет айқын жеңіске қол жеткізіп, 16 рет сам­бмишн әдістерін сәтті қолданды. Төрттағанда да, тік тұрған кезде де Чарльз үшін қарсыласын қылқындырып тастау еш қиындық туғызбайды. Сондай-ақ ол ауырту әдісін де жетік меңгерген. Кей кездері тізе және шынтақпен ұрып та құлатады. Бір сөзбен айтсақ, Оливейра – нағыз әмбебап спортшы. Ол 12 рет «Жарыстың ең үздік жекпе-жегі» аталымы бо­йынша арнайы бонусқа ие болды. Осы орайда әр бонус ретінде 50 мың АҚШ доллары төленетінін де ескерте кетейік. UFC-дегі бірде-бір спортшы осындай көрсеткішімен мақтана алмайды. Міне, қарапайым отбасынан шыққан аралас жекпе-жектің жарқын жұлдызының жүріп өткен жолы осындай.

АҚШ-тың қос арланы – Дастин Порье мен Джастин Гейджи екін­ші және үшінші орындарды өза­ра бөлісуде. Дастин 36 кезде­суінің 28-інде жеңіске жетті. 21 қар­сыласын есінен тандырды. Джастин 27 бәсекенің 23-інде басымдық танытты. 22 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Төртінші орында тұрған Ислам Махачевтің әлеуеті аса жоғары бағалануда. 30 жас­тағы Дағыстанның дарабозы 23 кездесудің тек біреуінде ғана ұтылды. 14 бәсекеде нокаут тір­келді. Сондай-ақ үздік ондықтың қатарында Майкл Чендлер (АҚШ. 30 кездесу, 23 жеңіс, 18 нокаут), Бенэил Дариуш (Иран. 26 кездесу, 21 жеңіс, 13 нокаут, 4 жеңіліс, 1 бәсеке тең аяқталды), Рафаэль Дос Аньос (44 кездесу, 31 жеңіс, 15 нокаут), Матеуш Гамрот (Польша. 32 кездесу, 21 жеңіс, 12 нокаут), Тони Фергюсон (АҚШ. 33 кездесу, 26 жеңіс, 21 нокаут) және Рафаэль Физиев (Әзербайжан. 12 кездесу, 11 жеңіс, 8 нокаут) сынды арландар бар. Осылардың арасынан бізге жақыны Физиев екені сөзсіз. Өйткені ол Қазақстанға бөтен емес. Рафаэль 1993 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында дүниеге келді. Бозбала шағында ата-атасымен бірге Алатаудың арғы бетіне өтіп, ұзақ жылдар Қырғызстанда тұрды. Кейіннен Физиев Әзербайжанға қоныс аударды.

ТОП-10 спортшыдан бөлек, тағы төрт дүлдүлдің Дамир Исма­­ғұ­ловтан көші ілгері. Олардың барлығының да есімі жанкүйер­лерге жақсы таныс. Мәселен, 11 орында еншілеген Арман Цару­кян­ның (21 кездесу, 18 жеңіс, 12 нокаут) менеджері – Саят Абдрах­манов. Одан бөлек, Петр Ян, Ра­фаэль Физиев, Шавқат Рахмонов, Мовсар Евлоев және Дамир Исмағұлов сынды дүлдүлдер дәл осы қазақ жігітінің қамқорлығын көруде. Арман – Грузияда туған армян жігіті. Бұл күндері ол Ресейдің туы астында өнер көрсетіп жүр. 

12-орындағы Конор Макгре­гор (28 кездесу, 22 жеңіс, 20 нокаут) жайында ұзақ әңгімелеуге болады. 14 шілдеде 34 жасқа тол­ғалы отырған ирландиялықтың спорт­тың бұл түрінде бағын­дыр­­маған белесі жоқ. Ол – жеңіл жә­не жартылай жеңіл салмақтағы әлем­­нің экс-чемпионы. Ол әр жек­пе-жегін шоуға айналдырып, сан миллион көрерменнің қоше­метіне бөленді. Ара-арасында жанжал шығарып, оның арты төбелеске ұласып жатады. Соның арқасында Макгрегор байлыққа белшесінен батты. 2017 жылы кәсіпқой бокстың ережесі бойынша ол даңқы жер жарған Флойд Мейвезермен жұдырықтасты. Бұл бәсекеде жеңілсе де, 30 миллион АҚШ долларын иемденді. Аралас жекпе-жекті серік еткен спортшылар арасындағы ең ауқаттысы да дәл осы Ирландияның өкілі. Forbes журналының мәліметіне сенсек, қазіргі уақытта Макгрегордың есепшотында 200 миллион доллар шамасында қаржы бар. Сондай-ақ жаңазеландиялық Дэн Хукер  (33 кездесу, 21 жеңіс, 17 нокаут) мен америкалық Джалин Тёрнер  (18 кездесу, 13  жеңіс, 9 нокаут) ТОП-15 файтердің қатарында.