«Алтыналмас» алтын өндіру компаниясы өз қызметкерлерімен ұжымдық шартқа қол қойды. Ал бұған дейін жұмысшыларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер ішкі ережелермен реттеліп келген. Аталған бетбұрысты күн сайын ауқымы артып келе жатқан алып кәсіпорынның әлеуметтік серіктестіктегі маңызды қадамы деуге болады.
Маңызды құжатқа жұмыс беруші тарап пен «Алтыналмас АК» АҚ жұмыскерлерінен сайланған өкілдік органы, «Кәсіпқорған» тау-кен металлургия кәсіпорындары және сабақтас салалар қызметкерлерінің өнеркәсіптік кәсіподағы, «Қазпрофметалл» салалық тау-кен металлургия кәсіподағы атынан жұмыскерлердің өкілдері қол қойды.
Ұжымдық шарт компания қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін жақсартуға бағытталған. Шартта қосымша және әлеуметтік демалыстар, өтемақылар мен ынталандыру төлемдері, салалық наградалармен марапатталғандарға сыйақы беру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен бірге әлеуметтік төлемдер, санитарлық-курорттық емделу мүмкіндігі секілді еңбеккерлерге тиімді жағдайлар көзделіп отыр.
– Біздің компания айтарлықтай өсіп, ұжымдық шартқа қол қою арқылы әлеуметтік серіктестік орнатуда маңызды табысқа қол жеткізді. Құжат әзірлеу жұмысы ұзақ уақыт зерделеніп, тараптардың пікірлері ескерілді, басқа компаниялардың әлеуметтік жеңілдіктер саласындағы үздік тәжірибелері зерттелді. Әлеуметтік жеңілдіктердің 80 пайызы жұмыс берушінің ішкі актісіне сәйкес «Алтыналмас» қызметкерлеріне бұрыннан беріліп келген. Мен ұжымдық шарт аясындағы әлеуметтік кепілдіктердің жақсаруы еңбек қатынастарын нығайтуға оң ықпалын тигізетініне және өзара тиімді ынтымақтастықты ынталандыратынына сенімдімін, – дейді компанияның персоналды басқару жөніндегі бас атқарушы директоры әрі Басқарма мүшесі Мақпал Нүсіпова.
«Алтыналмас» ұжымдық шарты – саладағы үздік бастамалардың бірі. Кәсіподақ өкілдері құжатқа осындай жоғары баға беріп отыр. Себебі онда әлеуметтік серіктестікті дамыту мен жұмысшылар мүддесін қорғауды көздейтін маңызды жайттар мұқият ескерілген.
«Кәсіпқорған» кәсіподағының филиалы – сервистік өндіріс кешенінің төрағасы Жібек Омарова: «Ұжымдық шарт тармақтарын талқылау кезінде көптеген мәселе бойынша қызу пікірталас өрбіді. Біз үшін ымыраға келу және барлық тараптың мүдделерін ескеру аса маңызды. Қабылданған ұжымдық шарт – уақыт пен заңнама талаптарына сай негізделген оң бастама», деп атап өтті.
Жұмыс ұжымдарындағы сабақтастық, әлеуметтік жауапкершілік, инклюзивтілік – «Алтыналмас» компаниясы басшылыққа алатын ESG күн тәртібінің маңызды қағидаттары.
Ұжымдық шартта ерекше атап өтуге лайық маңызды аспектілердің тағы бірі – саладағы әлеуметтік әріптестікті дамыту бойынша жұмыс беруші мен кәсіподақтардың бірлескен күш-жігерін арттыру көзделгендігі.