• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2022

Ерекше мысық табылды

963 рет
көрсетілді

Алтынсарин ауданындағы Селантьев ауылында «қанатты мысық» пайда болды. Жаратылысы бөлек мақұлық осы ауыл­да тұратын Серік Алпысов деген азамат­тың қорасына балалапты.

 – Ерекше мысық осыдан үш күн бұрын қорадан табылды. Өзі аппақ. Марғаулары енді ғана көзін аша бастапты. Қайдан келгені, кімнің мысығы екені белгісіз. Ақ мысықтың арқасында қанатқа ұқсайтын артық мүшесі бар екенін байқап қалдым.  Дереу ұлымды шақырдым. Балам ұялы телефонын алып, бейнекамераға түсіре бастады. Мен мысықты ұстап көрейін деп ем бір секірді де, сытылып кетті. Қозғалғанда қанаттары анық көрінеді екен, қысқа болса да видеоға түсіріп үлгердік. Ұлыма енді мазалай берме деп ем, қайдан, біздің қорада қанатты мысық бар екенін естіген ауыл балалары мен жұмыста жүргенде есігін қайта-қайта ашып, шошытып алса керек. Марғауларының ең әлсізін қалдырыпты да, қалғандарын өзімен бірге алып, адам көзінен таса бір жерге жасырынып қалыпты. Енді мысықтың арқасындағы артық мүшенің нақты не екеніне анық көз жеткізе алмадым. Әйтеуір қанатқа ұқсайды,  – дейді Серік Алпысов.

Осылайша, ауыл тұрғындары аяқ астынан көктен түскендей болған «қанатты мысықтың» жұмбағын түсіне алмай қайран қалып отыр. Ауыл сарапшыларының бірі мысықтың арқасындағы қатып қалған жүн, одан басқа дым да емес десе, екінші біреулер бұл ауру мысық деп болжайды. Тіпті бұл тегін мақұлық емес, Құрбан айт қарсаңында пайда болған қасиетті мысық. Бұл мысық өзі тоқтаған үйге бақыт әкеледі деп топшылағандар да бар. 

«Қанатты мысық» туралы қызықты ақпараттарды әлеуметтік желіден де табуға болады. Әлемжелідегі мәлі­меттерге сенсек, қанатты мысықтың жараты­лысына қатысты 3 түрлі түсініктеме бар екен. Бірін­ші­сінде күтімсіз қалған ұзын жүнді мысық­тардың қос бүйіріндегі жүні өсе келе, кір мен тер араласып бір-біріне жабысып ұйысып, қанатқа ұқсап кетеді. Осылайша, мысық жүріп бара жатқан кезде қанатын қағып бара жатқандай болып көрінеді делінген.

Екінші түсініктеме бойынша, «қанат» тері астениясымен ауырған мысықтарда пайда болады. Қанат мысықтың иықтары мен  жамбас тұсында өсіп шығады. Мұндай мысықтар қанаттарын еркін қимылдата береді екен.

Енді бір түсініктемеде мысықтың арқасына артық аяқ өсіп шығады делінген. Бірақ бұл аяқтар дамымайды. Қалың жүн жауып кететіндіктен, қанатқа ұқсап қалады.  

Жалпы, «қанатты мысықтардың» алғаш ХІV ға­сыр­да Үндістанда пайда болғаны туралы дерек бар. 

 

Қостанай облысы