• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Шілде, 2022

Халықты толғандырған мәселелер бар

353 рет
көрсетілді

Толғауы тоқсан тіршіліктің қиындығы таусылған ба? Жергілікті билік тарапынан әлеуметтік мәселесі оң шешім таппағандар Мәжіліс депутаттарынан көмек сұрайды. Сондай жандар Атырауда да бар. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың қоғамдық қабылдауына келгендердің басым бөлігі баспана алу қиындығын алға тартты.

Мұның себебін қоғамдық қабылдауға келушілер тұрғын үй кезегінің жылжымауымен түсіндіреді. Тіпті тұрғын үй кезегіне тұрғанын дәлелдей алмай жүргендер бар. Ал кәсіпкерлер «қара алтын» нарығындағы бағаның реттелгенін, мұнай өнімдерін резервуарларға қатысты тарифтің төмендегенін қалайды. 

Депутат Д.Тұрғановтың пікірінше, бұл мәселе Мәжілісте жиі көтеріліп келеді. Өйткені сұйытылған газды тасы­мал­дайтын кәсіпкерлер бағаны қымбат­татып, халықтың наразылығын туғызған. Осыған байланысты мұнай-газ нарығына қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарланған. Қызылқоға ауда­нын­­дағы қоғам белсенділерін Ойыл өзені­­нің бүгінгі ахуалы толғандырып отыр. Бірнеше жылдан бері аталған өзенге су келмей, құрғап кету қаупі төнген. Енді өзенді сақтап қалудың бір ғана жолы бар. Бұл – мемлекет тарапынан көңіл бөлу.

– Қоғамдық қабылдауға келушілердің басым бөлігінің өтініші жергілікті атқарушы органдардың жұмысымен тікелей байланысты. Облыс басшыларымен кездесіп, бұл мәселелерді шешу жолдарын бірлесе қарастырамыз, – дейді Д.Тұрғанов.

Депутаттың айтуынша, тұрғындар тарапынан таза энергия өндіретін электр стансаларын салу, батыс аймақтың энергетикалық желісін нығайту, оны еліміздің бірыңғай энергетикалық жүйе­сімен біріктіру, құрылыс сапасын арттыру, құрылыс нысандарының мерзімінде аяқтау секілді түйінді мәселелер көтерілген. Атыраулықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесімен бірге жергілікті және республикалық маңызы бар жолдың жайы алаңдатады.

 

Атырау облысы