«Тур де Франс» көпкүндігінің тоғызыншы кезеңі Швейцарияның Эгль қаласынан бастау алып, Францияның Шателінде аяқталды.
3695 шақырымды қамтыған таулы аймақта өткен жарыста Боб Юнгельс шашасына шаң жұқтырмады. Француздардың «AG2R Citroën Team» клубының сапында өнер көрсететін 29 жастағы люксембургтік велошабандоз сол аралықты 4 сағат 46 минут 39 секундта жүріп өтті. Юнгельстен сәл ғана қалып қойған Испанияның қос саңлағы – Джонатан Кастровьехо («INEOS Grenadiers») мен Карлос Верона («Movistar Team») үздік үштікті түйіндеді. «Астананың» серкесі Алексей Луценко 16-орынды иеленді.
Жалпы есепте словениялық Тадей Погачардың алдына ешкім түсе алар емес. Даниялық Йонас Вингегор («Jumbo-Visma») мен Герайнт Томас («INEOS Grenadiers») екінші және үшінші орындарды өзара бөлісуде. Бұл жолы Алексей Луценко бес сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 15 орынды еншілеуде. Жерлесіміз көш басындағы велошабандоздан 4 минут 58 секунд қалып келеді.