Соңғы уақытта қоғамда орын алған оқиғалар ешкімді бейжай қалдырмағаны аян. Сезімтал өнер адамы бұл өзгерістерді қалай қабылдайды? Ал шығармашылық орта болмысы бұлқынысқа толы Асхат Ахмедияровты еліміздегі арт-белсенділіктің бас протагонисі деп таниды. Мұның да өзіндік себептері бар, өйткені суретші аздаған мысқылмен мәдени, әлеуметтік және саяси өмірдегі қарама-қайшылықтарды бейнелеуге ұмтылатындығымен айрықша.
Суретшінің Алматыдағы алғашқы «Үміт» атты көрмесінің астарына үңілсек, елде болып жатқан өзгерістерге, дәлірек айтсақ, өзгеріске деген үміт дәуіріне әрі суретшінің әжесі Үмітке де арналады. Ол кісі 93 жыл жасаған, екі дүниежүзілік соғысты, Қазан төңкерісін, ашаршылық пен қуғын-сүргінге куә болған адам. Сондықтан келушілердің назарын көрмеге кіреберістегі ақ, қызыл кеселерден құралған «Жүзжылдық» монументалды инсталляциясы қарсы алса, бұл жұмыс ұлттың бастан өткерген – осынау тарихи оқиғаларды меңзейді.
Айтқандай, суретші жастық шағында сюрреализмен шұғылданғанымен, 2000 жылдардың басында осы бағыттағы жұмыстарын өртеп жіберіп, бәрін басынан бастау үшін елордаға көшеді. Суретші соңғы 20 жылда бас қалада кескіндеме, графика, бейне, фотосурет, инсталляция техникалары арқылы көптеген жобаны әзірлеп, Бозжыра шатқалы мен Талдыкөлді қорғауда, қаңтардағы оқиғалардан кейін де өз шығармашылық ұстанымынан ауытқымаған.
Көрме төрт тақырыптан тұрады. Байқаған адам суретшінің өз жұмыстарында қазақтың киелі қара қазанын көп қолданатынын байқайды. Бірінші залдағы қазандардан құралған жаңа инсталляция бір-біріне соғылып, көрмеге келушілерге уақыттың үнін естіртсе, «Сабыр» инсталляциясы құқық қорғау қызметкерлерінің «Тынышталыңыз, үндемеңіз» дегенді білдіретін ең жиі айтатын сөзін сөйлетпек болады. Инсталляция мысқылы – автордың үндемеу мүмкін еместігінде – көрмеге өту үшін төбеге ілінген қазандардың арасынан қысылып-қымтырылып өту қажеттігіне құрылған. Өйткені қазандар бір-біріне соғысып, металдың шылдыры бүкіл көрмеге тарайды. Дала мәдениетінде төңкерілген қазан – қасірет, бұзылған шаңырақ, ойран болған ошақтың белгісі.
Көрмеге келушілерді тағы бір елең еткізген сәт – автордың 2022 жылы түсірілген жаңа «Іле» бейнебаянының тұсаукесері болды. Мұнда автор Балқаш жағалауындағы Орта Дересін ауылының тіршілігі жайында және ауыл тұрғындары бір кездері тасыған өзен жағаға шығарып тастаған үлкен ағаш діңгегінің жанында қалай кездесетінін поэтикалық тілмен баяндайды.
Үшінші залдан 2021 жылғы құрғақ бояу жаққышпен және оқдәрімен салынған саяси реңктегі «Төртбұрышты күн» суреттер сериясын көруге болады.
Асхат қазіргі заманның танымал суретшілері – әйгілі «Қызыл трактор» арт-тобының негізін қалаған Виталий Симаков пен Молдақұл Нарымбетовтен дәріс алған.
АЛМАТЫ