АТР мен WTA рейтингі қайта жаңарды. Өкінішке қарай, Уимблдон турнирінде Ресей мен Беларусьтің өкілдерін шеттеткені үшін бұл теннисшілердің осы жарыстағы нәтижелері есепке алынбады.
Әйтпегенде Лондонда айды аспанға шығарып, бас жүлдені олжалаған Елена Рыбакина алтыншы орынға көтерілетін еді. Бірақ саясаттың ықпалы спортқа тиіп, ондай бақ біздің ойыншыға бұйырмады. Десек те әзірге қазақстандықтар арасындағы ең үздік көрсеткіш Рыбакинаға тиесілі. WTA рейтингінде ол 23 орынды иеленуде. Еліміздің екінші ракеткасы Юлия Путинцева 43 сатыға жайғасты. Бұл тізімде польшалық Ига Швентек көш бастап тұр. Уимблдонның финалында Еленаға есе жіберген тунистік Онс Жабер екінші орында. Сондай-ақ эстониялық Анетт Контавейт (Эстония), грекиялық Мария Саккари және испаниялық Паула Бадоса үздік бестіктің қатарында.
Ерлер сайысында ресейлік Даниил Медведевке тең келер ешкім жоқ. Екінші орында – германиялық Александр Зверев. Одан кейінгі сатыларға испаниялық Рафаэль Надаль, грекиялық Стефанос Циципас және даниялық Каспер Рууд табан тіреді. Қазақстанның ең мықты теннисшісі Александр Бублик 50 орынды еншілеуде.