Түркістанда садақ атудан ерлер мен жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста еліміздің жеті өңірінен келген 200-ден астам спортшы бақ сынады.
Жалпыкомандалық есепте Алматы облысының өкілдері алдарына жан салмады. Бұл өңірдің 19 өрені жеңіс тұғырына көтерілді. Екінші орынды Шымкент қаласының мергендері иеленді. Олар 13 жүлдеге қол жеткізді. Үшінші сатыға Батыс Қазақстан облысының оғландары жайғасты. Жайық жағалауынан келген ұл-қыздар 10 жүлдені өз қоржындарына салды. Жекелеген спортшылар жайында айтар болсақ, Қонаев қаласынан келген Ильфат Абуллин мен оралдық Алина Ілиясованы бөле-жара атап өткен жөн. Садақ атудың классикалық түрі бойынша өткен бәсекеде екеуі де асқан шеберлік танытып, бас жүлдені олжалады. Сол секілді Бунед Мирзаметов (Түркістан облысы) пен Айжан Сейдахметованың (Алматы облысы) өнері де көпшіліктің көңілінен шықты. Жастар арасында Жаңбырбай Дәулеткелді мен Андрей Тютюн өздерін жақсы қырларынан көрсетіп, мамандардың назарына ілікті.
Түркістандағы жарыстың қорытындысы бойынша ұлттық команда жасақталды.