ҚОСТАНАЙ. 29 сәуір. Қостанай облысы Рудный қаласында жоғалған қыз туралы тұщымды ақпарат берген адамға полиция тарапынан 1 млн. теңге беріледі. Бұл туралы «24 kz» арнасы хабарлады.
Қостанай облысы Рудный қаласында осыдан 5 күн бұрын өз үйінің ауласында ойнап жүрген жерінен із-түссіз жоғалып кеткен Виктория Ганя есімді 7 жасар қыз баланың өлі-тірісі беймәлім күйде қалып отыр. Оны іздестіру жұмысы күндіз-түні жалғасса да ешқандай нәтиже бермеуде.
Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің өкілі Елена Кашаринаның айтуынша, қызды іздестіруге 3 мыңнан астам адам тартылған. Бұлардың дені әскери бөлім жауынгерлері мен қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігінің жұмысшылары және еріктілер.
Іздестіру ісін Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Тілеген Маткенов ұйымдастыруда.
Полиция қызметкерлерінің ақпараты бойынша, бұл іске 30-35 жастағы, бойы орташа келген еуропалық ер адамның қатысы болуы мүмкін.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Әділбек Нұрмахин: «Іздеу шараларына полицейлерден бөлек, 3 мыңдай адам тартылса да көңіл жұбатар хабар болмай тұр. Бүгін Қостанай облыстық ішкі істер департаменті Виктория Ганя туралы нақты мәліметтер айтқан адамға 1 млн. теңге сыйақы берілетінін мәлімдеді. Іздеу шараларына әлеуметтік желілердің мүмкіндігі кеңінен қолданылуда, – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «24kz».
Фото: «ҚазАқпарат».