• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Шілде, 2022

Құбырмен бірге үзілген қос тағдыр

474 рет
көрсетілді

«Теңіз» – Атырау облысындағы көмірсутекті шикізаты мол ең ірі кеніштің бірі. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан шамамен 150 шақырымдай қашықта орналасқан. Кен орны іске қосылғаннан бері халықаралық маңызға ие бірне­ше жоба іске асырылды. Ал қазір келешек кеңею және ұңғы ернеуін­дегі қысымды басқару жобасының құрылысы жүріп жатыр.

Жақында «Теңіз» кен ор­нын­­дағы жарылыс баршаны алаң­датты. Облыстық төтенше жағ­дайлар департаменті қоғаммен бай­ланыс тобының мәліметіне сүйенсек, кен орнындағы 3-буын зауытының 42-учаскесінде гидротест жүргізілген. Жергілікті уақытпен сағат 9:55-те құбырдың ф­ланецті қосындысы үзілген. Со­ның салдарынан екі адамның өлі­міне соқтырған жарылыс болған.

Аталған жобаны іске асыратын мердігер компания – «Сен­ім­­ді Құрылыс» ЖШС-де жұ­мыс істейтін 1985 жылғы ер адам оқиға орнында қаза тапты. Кейін «Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты медициналық клиникада «Агропром техника» ЖШС-нің бір жұмысшысы қайтыс болды. Жарылыстан жантәсілім еткен екі жұмысшы 37 жаста екен.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, жара­қат алғандардың бірі – 1996 жылғы жігіт екі сағаттың ішінде облыстық ауруханаға жеткізілді. Оның ішкі ағзасы зақымданған. Дәрігерлер науқастың бауыры мен бүйрегіне тігу арқылы қалпына келтіру отасын жүргізді. Сондай-ақ науқастың өт жолы үзілгені белгілі болды. Омыртқасы мен бірнеше қабырғасы сынған. Қазір науқастың жағдайы ауыр. Дәрігерлер науқастың жағдайын үнемі бақылауда ұстап отыр,  дейді А.Байдуалиев.

Оның айтуына қарағанда, жарақат алғанның екіншісі – 1998 жылғы жұмысшы. Оған алғашқы психологиялық көмек көрсетілген. Кейін зардап шеккен жұмысшы есін жиып, өз-өзіне келе бастаған. Ал үшінші жұмысшы Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Ол өзінің қолхатының негізінде үйіне жіберілген. «Зардап шеккен жұмысшы компьютерлік томографияға, рентгенге түсірілді. Оның аздаған жарақаты болған. Қазір жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр», деп мәлім етті А.Байдуәлиев.

«Сенімді құрылыс» ЖШС-ның өндірістік қатынастар жөнін­дегі менеджері Гүлмира Бапа­нованың мәліметінше, жарылыстан кейін өндірістік нысандағы жұмыс ішінара тоқтатылған. Қай­ғылы оқиға вахталық ауысымның аяқ­­та­луына екі күн қалғанда болған.

– Жарылыс болғаннан кейін 4 мыңға жуық жұмысшы демалысқа жіберілді. Жұмысшыларға заң­дылыққа сәйкес жалақы төле­нед­і. Өндіріс алаңындағы жары­лыстың себебін анықтау үшін «Теңізшевройл» ЖШС мен об­лыс­тық мемлекеттік еңбек инс­пекциясы басқармасының қыз­меткерлері кірген бірлескен комиссия құрылды. Тексеру комиссиясына қажетті құжаттардың бәрін бердік. Сондықтан жары­лыстың себебі тексеруден соң анық­талады, – дейді Г.Ба­панова.

Менеджердің түсіндіруінше, жарылыстан көз жұмған екі жұмысшының отбасына мате­риалдық қолдау көрсетілгелі отыр. Компания марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салуға жұмсалатын барлық материалдық шығынды өз мойнына алып, ірі қара сатып алуға 500 мың теңгеден қаржы берген.

– Біздің компанияның бас­шылығы марқұмдардың барлық қарызы мен несиесін жауып беру, балаларының оқу ақысын төлеу туралы шешім қабылдады. Алдағы уақытта бұл отбасыларға ұдайы көмектесуді міндетімізге аламыз, – деп мәлім етті компания менеджері.

 

Атырау облысы