• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Шілде, 2022

Мықтылар Юджинде жиналады

150 рет
көрсетілді

15-24 шілде күндері АҚШ-тың Орегон штатындағы Юджин қаласында жеңіл атлетикадан XVIII әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл жарыста 192 мемлекеттен келетін 2 мыңға жуық спортшы бақ сынайды деп күтілуде. Одан бөлек, босқындар құрамасы жеке команда жасақтауды көздеп отыр. Дүбірлі дода барысында барлығы 49 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Жеңіл атлетикадан әлем чемпиона­тының тұсауы 1983 жылы кесілген еді. Финляндияның астанасы – Хельсинкиде өткен жарыста ГДР құрамасы қарсылас шақ келтірмеді. 10 алтын, 7 күміс және 5 қоланы олжалаған немістер жалпы- командалық есепте көш бастады. Екінші орынды АҚШ (8+9+7) иеленсе, үшінші сатыға КСРО (6+6+11) табан тіреді. Суоми елінде Қазақстанның өкілі Владимир Муравьев ең қысқа қашықтықтағы желаяқтар эстафетасында қолаға қол созды. 1987 жылғы жарысты Италияның бас шаһары – Рим қабылдады. Бұл жолы да негізгі бәсекелестік немістер (10+11+10) мен амери­калықтар (10+4+6) арасында өрбіп, алғашқыларының жеңісімен аяқталды. Кеңес Одағының (7+12+6) спортшылары үшінші орынды еншіледі. Мәңгілік қалада КСРО құрамасы сапында өнер көрсеткен қазақстандық өрендер де олжаға кенелді. Атап айтсақ, қызылжарлық марафоншы Зоя Иванова мен 4х100 метрлік эстафеталық сайыста сынға түскен қарағандылық Влади­мир Муравьев күміспен күптелсе, шымкент­тік үш қарғып секіруші Олег Сакиркин қола медальды мойнына ілді.

1991 жылы Токиода өткен әлем чемпионатында құрамында Карл Льюис, Леррой Баррелл, Деннис Митчелл, Майкл Джонсон, Антонио Петтигрю, Грег Фостер, Майк Пауэлл, Чарльз Остин сынды жұлдыздары бар АҚШ (10+8+8) алдына жан салмады. Екінші және үшінші орындарды КСРО (9+9+11) мен Германия (5+4+8) өзара бөлісті.

1993 жылы немістердің Штутгарт қаласында жалауы желбіреген жарысқа Қазақстан құрамасы тұңғыш рет дербес команда ретінде қатысты. Бір күміс медальды иеленген жерлестеріміз жалпы есепте 23-орынды қанағат тұтты. Бұл жүлденің иегері – Григорий Егоров. Шымкенттің тумасы сырықпен секірушілер сайысында 5 метр 90 сантиметрлік көрсеткішке қол жеткізді. 1988 жылы Сеул Олимпиада­сында қола медальды мойнына ілген отан­дасымыз аталған жарыста тек Украи­наның саңлағы Сергей Бубкадан ғана қалып қойды. Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы 6 метрлік межені бағындырды. Командалық бәсекеде АҚШ (13+7+5) озса, Қытай (4+2+2) мен Ресей (3+8+5) үздік үштікті түйіндеді.

1995 жылы Швецияның Гетеборгында қазақстандық жанкүйерлерді Ольга Шишигина қуантты. 100 метрге кедергілер арқылы жүгірген алматылық ару мәреге екінші болып жетті. Оның уақыты – 12,80 секунд. Шишигина тек Барселона Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы Гейл Диверске ғана есе жіберді. Кейіннен америкалық желаяқ Атланта Олимпиадасында екі және дүниежүзілік додада бірнеше рет алтыннан алқа таққанын жанкүйерлер ұмыта қоймаса керек. 1997 жылы Афинадағы додада АҚШ спортшыларының (6+3+8) айдарынан жел есті. Екінші орынды Германия (5+1+4) еншілесе, үшінші сатыға Куба (4+1+1) тұрақтады. Ежелгі Эллада елінен біздің спортшылар құрқол қайтты. 1999 жылы Севильяда да салымыз суға кетті. Пиреней түбегіндегі тартыста да америкалықтарға (10+3+4) тең келер ешкім табылмады. Одан кейінгі орындарды Ресей (5+4+3) мен Германия (4+4+4) иемденді.

2001 жылғы чемпионаттың шымыл­дығы Канаданың Эдмонтон қаласын­да түрілді. Үйеңкі жапырақтар елін­де Қазақстанның туы бір мәрте биікте желбіреді. Ғасырлар тоғысында Сид­нейде алауы тұтанған Олимпия ойында­рының жеңімпазы атанған Ольга Шиши­гина бұл жолы қола медальды иелен­ді. Желаяқ қызымыз АҚШ-тың қос мықтысы – Анджанетт Киркленд пен Гейл Диверстен қалып қойды. Эдмонтонда Ресей құрамасы (5+7+6) өз тарихында алғаш рет жарыс кестесінде көш бастады. Екінші және үшінші орындарда – АҚШ (5+5+3) пен Кения (3+3+2).

2003 жылы Францияның Сен-Дениін­дегі әйгілі «Стад де Франс» стадионында жерлестерімізге бір жүлде бұйырды. Бұл бәсекеде онсайысшы Дмитрий Карповтың асығы алшысынан түсті. Қарағандылық спортшы 8374 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Ол америкалық Том Паппас пен чехиялық Роман Шебр­лені алға жібереді. Жалпы есептегі бә­секелестік АҚШ (8+7+1) пен Ресей (7+7+5) арасында өрбіп, бір алтыны артық америкалықтар бірінші орынға шықты. 2005 жылы Хельсинкиден қоржынымыз бос қайтса, 2007 жылы Осакада дәл сол Карпов қайта қола медальды мойнында жарқыратты. Бұл бәсекеде ол өзінің кәнігі қарсыласы Шебрле мен ямайкалық Морис Смитке жол берді. 2009 жылы Берлинде бағымыз жанбады. 2011 жылы Тэгуде үш қарғып секірген Ольга Рыпакова екінші орынды еншіледі. Шығыс Қазақстан облысының тумасы Украинаның өкілі Ольга Саладухадан бес сантиметр кем нәтиже көрсетті.

2013 жылы Мәскеуде жолымыз болмады. 2015 жылы Бейжіңде Рыпакова қайта жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл жолы ол қола медальды қоржынға салды. Көрсеткіші – 13,77 сантиметр. Отандасымыздың алдын колумбиялық Катрин Ибаргуэн мен израильдік Анна Князева-Миненко орап кетті. Чемпионның нәтижесі – 14,90. Егер осыған дейінгі жарыстарда АҚШ құрамасы алдына жан салмаса, Аспанасты елінде қара құрлықтың өкілдері тамаша өнер көрсетті. Бірінші орынды Кения (7+6+3) олжаласа, екінші сатыға Эфиопия (7+2+3) табан тіреді. Осы орайда кениялықтардың Дэвид Рудиша (800 метр), Асбель Кипроп (1500), Николас Бетт (400 метр, кедергілер арқылы жүгіру), Эзекиль Кембой (3 000 метр, кедергілер арқылы жүгіру), Вивиан Черуйот (10 000 метр), Хивин Джепкемой (3 000 метр, кедергілер арқылы жүгіру) сынды желаяқтарымен қатар найза лақтырушы Джулиус Йего да қарсыластарының барлығынан қара үзіп кетіп, аталған команданың жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты. 2017 жылы Лондондағы додада Ольга Рыпакова қолаға қол созды. Алғашқы екі орынды Оңтүстік Америкадан келген қос дүлдүл – венесуэлалық Юлимар Рохас пен колумбиялық Катрин Ибаргуэн иеленді.

Соңғы әлем чемпионаты осыдан үш жыл бұрын Қатардың бас шаһары – Дохада ұйымдастырылды. Парсы шығанағында АҚШ құрамасы (14+11+4) айқын басымдық танытты. Екінші және үшінші орындарды Кения (5+2+4) мен Ямайка (3+5+4) олжалады. Сондай-ақ Қытай (3+3+3), Эфиопия (2+5+1), Бейтарап құрама (2+3+1), Ұлыбритания (2+3+0), Германия (2+0+4), Жапония (2+0+1) және Нидерланд пен Уганда (2+0+0) секілді елдердің өрендері ТОП-10 команданың қатарына қосылды. Бұл жарыста барлығы 20 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 43 елдің туы көкте желбіреді. Өкінішке қарай, олардың қатарында Қазақстанның бірде-бір атлеті болған жоқ.

Санаулы күндерден кейін Юджинде жалауы желбірейтін әлем чемпионатында Қазақстанның 12 спортшысы өнер көрсетеді. Олар – Ольга Сафронова (100, 200 метр), Жанна Мамажанова (марафон), Кристина Овчинникова мен Надежда Дубовицкая (биікке секіру), Мария Ефремова (үш қарғып секіру), Георгий Шейко, Полина Репина, Галина Якушева-Кичигина (спорттық жүріс), Михаил Литвин (400 метр), Каролин Чепкоеч Кипкируи (5000, 10000 метр) және Нора Джеруто мен Дэйзи Джепкемей (3000 метр, кедергілер арқылы жүгіру).

Осылардың арасынан Ольга Сафро­нова мен Надежда Дубовицкаяны бөле-жара атап өтуге болады. Ольганың Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы деген атақтары бар. Сол жарыстарда ол сан мәрте жүлдегерлер қатарына қосылды. Надежда жабық ғимараттағы әлем чемпио­наты мен Азия ойындарының қола және құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері. Жан­на Мамажанова биылғы ақпанда Франциядағы жарыста алтыннан алқа тақса, Нидерландта ұйымдастырылған «Роттердам марафонында» мәре сызығын үшінші болып қиып, Қазақстанның рекордын жаңартты. Сонау 1987 жылы әйгілі Зоя Иванова 42 шақырым 195 мерлік қашықтықты 2 сағат 27 минут 57 секундта жүгіріп өткен еді. Бақандай 35 жыл бойы сол рекордтың мұрты бұзылмай тұрды. Ал Роттердамда сол қашықтықты қазақ қызы 2 сағат 26 минут 54 секундта артта қалдырды. Бұл – Жанна бабында деген сөз. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы сапындағы Кениядан келген үш легионер біздің жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөлейді деп үміттенеміз.