Бүгін Хорватияның астанасы – Загребте дзюдодан Grand Slam турнирі басталады. Соңғы кездері сүреңсіз өнер көрсетіп жүрген Қазақстан құрамасы үшін бұл кезекті сынақ. Өткен аптада Будапешттегі жарыста тас-талқан болып ұтылған жерлестеріміз осы жолы өз жанкүйерлерін қуантады деп үміттенеміз.
Ұлттық командамыздың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Хорватияға 16 шәкіртін апаруды құп көрген екен. Солардың арасынан біз Елдос Сметовті бөле-жара атап өтуді жөн көріп отырмыз. 60 кило салмақта күш сынасқан кезінде атой салған ол еліміздің спорттық даңқын арттырды. Екі бірдей Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода күміс алса, 2021 жылы Токиода қолаға қол созды. 2015 жылы Астанадағы әлем чемпионы атанса, 2019 жылы Жапонияның астанасында үшінші орынды иеленді. Одан бөлек, тараздық тастүлектің Азия ойындарының жеңімпазы және құрлық чемпионы деген атақтары тағы бар. Бірақ 66 кило салмаққа ауысқаннан кейін қандасымыздың бағы жанбай жүр. Бірқатар аса ірі халықаралық турнирде сүрінген Сметов бұл күндері әлемдік рейтингте небәрі 78-орынды қанағат тұтуда.
60 кило салмақ дәрежесінде белдесетін Мағжан Шамшадинге де ерекше сенім артылып отыр. Сыр бойының өкілі кезінде жастар арасында әлем чемпионы атанып, басқа да дүбірлі додаларда дараланды. Ересектердің дүниежүзілік додасында да жеңіс тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрінді. Биыл ол Тель-Авивтегі турнирде қола медальді иеленді.
Сондай-ақ Загребтегі татамиде Нұрдәулет Аманқосов (60 кило), Алмас Ғалымов (66 кило), Ерлан Серікжанов (73 кило), Бекәділ Шаймерденов пен Абылайхан Жұбаназар (81 кило), Ермахан Әнуарбеков пен Ерсұлтан Мұзаппаров (90 кило), Нұрлыхан Шархан (100 кило) және Еламан Ерғалиев пен Әділ Оразбаев (+ 100 кило) белдеседі. Ал әйелдер сайысында Ғалия Тыңбаева (48 кило), Салтанат Сұлтанбекова (52 кило), Бақыт Құсақбаева (57 кило) және Аруна Жангелдина (78 кило) бақ сынайды.